Қоғам

Спортпен халықтың 30 пайызы шұғылданады

Бейсенғазы Ұлықбек

Кейінгі жылдары өңірде бұқаралық спорт жарыстары жоғары деңгейде жиі өткізіле бастады. Бұл қазіргі күрделі жағдайға қарамастан жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, тұрғындар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға көмегін тигізуде.

Білім мекемелерінің спорт залдары жастардың спортпен жүйелі шұғылдануына тегін беріледі. Мемлекеттік мекеме қызметкерлері, бизнес өкілдері кешке келіп, түрлі спортпен айналысады.

Денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сәрсенхан Қабдолдановтың айтуынша, ауданда жүйелі түрде денешынықтырумен және спортпен айналысатын халық саны – 22720, яғни 30,5 пайыз.

Пандемияға қарамастан биыл ауданда көптеген спорттық іс-шаралар жоспарланған, біразы  өткізілді. Кеңес Одағы Батырлары мен Соцалистік Еңбек Ерлерінің құрметіне арнап спорттық жарыстар өткізіліп келеді.

– Ауданда 248 спорт нысаны қызмет етуде. Оның ішінде бір спорт мектебі, екі спорт модулі, білім беру ошақтарында 45 спорт залы, жеті хоккей қорапшасы, бес шағын футбол алаңы жұмыс істеуде. Сондай-ақ өңірдегі балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі бар, – дейді Сәрсенхан Базылханұлы.

Өңірде әр спорт түрінен 400-ден астам үйірме жұмыс атқаруда, Көкөзек ауылында шаңғы спорты, грек-рим күресі, волейбол, бокс, Мақаншыда еркін, қазақша күрес, дзюдо, Малақта дзюдо, Қарабұлақта қазақ күресі үйірмелері бар. Осы бөлемшелерде 48 жаттықтырушы жұмыс істейді. Оның ішінде төрт еңбек сіңірген жаттықтырушы, бір халықаралық дәрежедегі спорт шебері, екі ҚСРО-ның, үш Қазақстанның спорт шебері бар. Осы спорт түрлері бойынша ауданда 1346 оқушы дайындалады.

 

Үржар ауданы.

 

Осы айдарда

Back to top button