СпортТОП

Спортқа ден қойғандар көбейіп келеді

Нұржан Кенжеұлы

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы өткен жылдың кей қорытындыларын шығарды. Ведомстводан хабарлағандай, бүгінде Шығыс Қазақстанда 1 859 дене шынықтыру және спорт нысаны жұмыс істеп тұр. Оның 40-қа жуығы былтыр пайдалануға беріліпті.

Нәтиже жаман емес

– Өткен жылы облысымызда барлығы 38 спорт нысаны пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта Күршім ауданына қарасты Марқакөл ауылында, сондай-ақ Ұлан ауданындағы Бозанбай мен Таврия ауылдарында үш дене шынықтыру кешенінің құрылысы жалғасуда. Бүгінде облыста дене шынықтырумен және спортпен қамтамасыз етілген халықтың саны 288,6 мың адамға жеткен. Бұл – облыс халқының 39,5 пайызы, – дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жандос Сайханов.

Белгілі болғандай, облыста мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубы жұмысын жалғастыруда. Қазіргі уақытта клуб бірнеше бағытта жұмыс істейді. Атап айтқанда, олардың арасында тірек-қозғалыс аппараты мен көру мүшесі зақымдалған жандарға арналған паралимпиадалық қозғалыс, есту органдарында кінәраты бар адамдардың сурдолимпиада қозғалысы және паралимпиадалық емес арнайы олимпиада мен иппотерапия сияқты бағыттар бар.

Басқарма басшылығының айтуынша, клуб жыл сайын мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спартакиада өткізіп тұрады. Оған облысымыздың барлық аудан-қаласының спортшылары қатысады. Олардың бірталайы ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп, байрақты бәсекелерде ел намысын абыроймен қорғап жүр. Мәселен, дәл қазір Қазақстан құрамасында 42 жерлесіміз бар екен.

Төл спортымыз назардан тыс қалмайды

Әрине, өзге спорт түрлерімен қатар, төл спортымызға да айрықша мән берілуде дейді ведомство басшылығы.

– Соңғы жылдары облысымызда ұлттық спорт түрлері қарқынды дамуда. Осы ретте Шығыс Қазақстанда ұлттық ат спорты бойынша балалар мен жасөспірімдерге арналған үш спорт мектебі бар екенін атап өткен орынды. Оның біреуі Өскемен қаласында, қалған екеуі Тарбағатай мен Самар аудандарында орналасқан. Жалпы, 2022 жылы ұлттық спорт түрлерімен айналысатын жерлестеріміздің саны 16 818 адамды құраған. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 1,5 мың адамға көп. Осыған қарап-ақ облыста төл спортымыздың жаңғыртып, дамыту жұмыстары дұрыс жолға қойылғанын аңғаруға болады, – дейді басқарма басшысы.

Тағы бір ерекше атап өтер жайт, Шығыс Қазақстанда жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасын жүзеге асыру аясында облыстық бюджеттен 1 565,4 миллион теңге көлемінде қомақты қаражат бөлініп, соның арқасында 4 553 баланың спорт секцияларына тегін қатысуына жағдай жасалған. Аталмыш бағдарламаның басты мақсаты да сол – бұқаралық спортты дамыту арқылы жоғары нәтижелерге қол жеткізу дейді сала мамандары.

Барыс жылының кей қорытындыларын шығарған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылығы былтыр шығысқазақстандық саңлақтар халықаралық және республикалық жарыстардан 30 алтын, 10 күміс және 15 қола медаль алып қайтқанын да мәлім етті.

Парижде кімге сенім артамыз?

Сондай-ақ басқарма басшылығы Парижде өтетін жазғы Олимпиадаға дайындықтың қалай жүріп жатқаны туралы да аз-кем сөз саптады. Естеріңізге салайық, Франция астанасындағы жаһандық ойындар 2024 жылдың 26 шілдесі мен 11 тамызы аралығында өтеді деп жоспарланған.

– 2023 жыл олипиадалық спорт түрлерін серік еткен саңлақтарымыздың бірталайы үшін күрделі болатыны анық. Себебі, олар алдағы байрақты бәсекелерде жеңіс үшін барын салып, Парижде өтетін Олимпиада ойындарында еліміздің намысын қорғауға лайық екенін дәлелдеуі керек. Бір белгілісі, Олимпиада лицензиясы үшін облысымыздың 20 спортшысы сынға түсетін болады. Бұл ретте аталмыш тізімге енген спортшылардың табан ет, маңдай тер еңбегімен қатар, жаттықтырушылар мен оқытушылар құрамының үйлесімді жұмысын да ерекше атап өткен абзал. Жаңа жылда спортшыларымызға сәттілік тілей отырып, өткен кезеңдердегімен салыстырғанда нәтижелеріміз біршама жақсарады деген сенімдеміз! – дейді басқарма басшылығы.

Айтпақшы, Олимпиада жолдамасы үшін күресетін сол 20 жерлесіміз кім? Енді соларға қысқаша тоқталсақ.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, Парижде өтетін ойындардың лицензиясына таласатын спортшыларымыздың жартысына жуығын жеңіл атлеттеріміз құрайды екен. Олардың арасында Надежда Дубовицкая (биіктікке секіру), Элина Михина (орта қашықтыққа жүгіру), Жанна Мамажанова (ұзақ қашықтыққа жүгіру), Галина Якушева (спорттық жүріс), Дейзи Джепкемей (кедергілері бар үш мың және бес мың метрге жүгіру), Каролин Кипкируи (ұзақ қашықтыққа жүгіру), Шадерак Коеч (ұзақ қашықтыққа жүгіру) пен Нора Джеруто (кедергілері бар үш мың және бес мың метрге жүгіру) бар.

Сонымен қатар Олимпиада жолдамасын сарапқа салатындардың тізімінен еркін күрес шеберлері Азамат  Дәулетбеков пен Данияр Кайсановтың есімдерін де көруге болады. Ерекше сенім артылып отырған 20 саңлақтың арасынан  грек-римшілер Нұрсұлтан Тұрсынов және ағайынды Ернар мен Ернұр Фидахметовтер, ескек есу слаломының шеберлері Александр Куликов пен Қуаныш Еренғайыпов, каноэмен ескек есуден сынға түсетін Маргарита Торлопова, ауыр атлет Денис Уланов, семсерлесушілер Руслан Курбанов пен Вадим Шарлаимов, жүзуші Александр Варакин де табылып отыр.

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button