Қоғам

Спорт та отбасынан басталады

Спорт та отбасынан басталады


Өскемендегі Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде мемлекеттік органдардың 20 жылдығына орай мемлекеттік қызметшілердің отбасылары арасында спорттық сайыс өтті. «Ана, әке және мен – спорттық отбасы» тақырыбындағы жарысты Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті ұйымдастырды.

Өскемен қаласы әкімінің аппараты атынан «Тұмар», жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен «Дружная семейка», білім бөлімінен «Мирас», денешынықтыру және спорт бөлімінен «Солнышко», облыстық қазынашылық департаментінен «Төлегеновтер», мемлекеттік кірістер департаментінен «Тұлпар», облыстық Сот әкімшілігінен «Шаңырақ», статистика департаментінен «Барыс», Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарыс іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінен «Белые паруса» топтары бақ сынасты.

Сайысты ашқан Өскемен қаласы денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Алмас Атаев жиналған қауымға алғыс білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

− Бүгінгі спорттық шара мемлекеттік органдардың 20 жылдығына орай өтіп отыр. «Отан отбасынан басталады» демекші, туған жерге, елге деген сүйіспеншілік отбасында қаплыптасады. Сондықтан бұл сайысты ұйымдастырып жатқанымызға өте қуаныштымыз, − деді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Жанна Қабдолдақызы.

Сайыста қатысушылардың дайындығы, жылдамдығы, дәлділігі сынға түсті. Жарыс қорытындысында «Тұлпар» – І орын, «Мирас» – ІІ орын, «Солнышко» – ІІІ орынды жеңіп алды. Сондай-ақ «Төлегеновтер» «Жеңіске деген жігері үшін», «Белые паруса» «Ең қуатты», «Дружная семейка» «Ең спорттық», «Шаңырақ» «Ең белсенді», «Тұмар» «Ең кіші қатысушы», «Барыс» «Ең тату» аталымдарына ие болды.

– Осындай отбасылық іс-шараларды жиі өткізіп тұру керек. Мұндай жарыстар отбасының береке-бірлігін нығайтуға көп көмегін тигізеді. Екінші орынды иеленгеніміз үшін өте қуаныштымыз. Ұйымдастырушыларға үлкен алғыс білдіреміз, − дейді «Мирас» командасының мүшесі Әсем Құдайбергенова.

Алтынай Бақытжан,
С. Аманжолов атындағы ШҚМУ студенті

Осы айдарда

Back to top button