Қоғам

Спорт сарайының көлік тұрағы кеңейтіледі

Спорт сарайының көлік тұрағы кеңейтіледі

Өскемендегі Спорт сарайының айналасындағы көлік тұрақтары кеңейтілетін болды. Ал Тәуелсіздік даңғылына келер жылы жаңа асфальт жабыны төселуі мүмкін. Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ қала көшелерін абаттандыруға қатысты өткен жиында осындай тапсырма берді.

Спорт сарайының Үлбі өзені жағындағы қапталына асфальт жабыны төселіп, көлік тұрағы ретінде қолданысқа беріледі. Сарайдың Красин және Абай көшелеріне шығар тұсынан да дәл осындай тұрақ ашу көзделген. Бұл тұрақтар ғимаратта өтетін ірі шаралар кезінде көлік кептелісін болдырмайды. Облыс басшысы бұл шағын жоба қаланың аталмыш бөлігіндегі қордаланған мәселені шешетінін айтып, қажет болса, қосымша қаржы бөлуге болатынын ескертті.

Жалпы, Өскеменнің көшелеріндегі шұңқырларды бітеп, көбірек бүлінген тұстарын орташа жөндеуге биылғы жаздың өзінде бір миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп отыр. Бұл жұмыстарға жеті жол жөндеуші компания қатыспақ. Тендерде бағы жанған бұл компанияларға облыс басшысы ағымдағы жөндеуді келер айдың ортасына дейін аяқтауды тапсырды.

Ал орташа жөндеу жұмыстары Тәуелсіздік және Абай даңғылдарының, Орджоникидзе, Қазақстан, Пермитин, Рижская, Ворошилов көшелерінің бүлінген бөліктерінде жүреді. Мысалы, бір ғана Абай даңғылының үш бөлігі орташа жөндеу көреді. Бүгінде барлық бөліктерге жауапты мердігерлердің тізімі анықталған. Аймақ басшысы әр бөлікке қандай мердігердің бөлінгенін пысықтай келіп, берілген мерзімді қысқарту жөнінде тапсырма берді.

-Берілген мерзім жөнделетін бөліктің ұзындығы мен қиындығына қарай есептелу керек. 400 метр жолды бір ай жөндеу деген менің ақылыма сыймай тұр. Кестені ойланып құру керек болған. Барлық нысан бойынша берілген мерзімдерді мердігерлермен келісе отырып, қайта қарап шығыңыздар. Ал жол жөндеушілер таңғы сегізден кешкі тоғызға дейін жұмыс істеуі тиіс. Өйткені, қала көшелерін жөндеу маусымдық сипатта болуы тиіс. Арқаны кеңге салып, жолдарды жауып қоюға келмейді, – деді облыс басшысы.

Көптен бері айтылып жүрген 23 спорт және балалар алаңқайының құрылысы да жақында басталатын сияқты. Қала әкімінің міндетін атқарушы Арман Ысқақов бұл алаңқайлар қаланың барлық бөлігіне шашырай орналасатынын айтады. Ал жаңадан салынатын «Нұрлы жол» саябағының маңына ауданы алты гектар жасыл майса егілмек. Жеңіс саябағы мен Славский жағалауының, Комендантка өзенінің көз тоярлықтай кейіпке енгенін тілге тиек еткен облыс әкімі күзге дейін «Жамбыл» саябағын да жаңаша абаттандыру қажет деген нұсқау берді.

Тәуелсіздік даңғылының бойындағы билбордтың тым көптігін сынға алған аймақ басшысы бір аптаның ішінде олардың қажеттілерін басқа көшелерге көшіріп, мазмұны ескіргендерін алып тастау керектігін айтты.

-Тәуелсіздік даңғылына кіріп келгенде-ақ қаптаған баннер мен билбордтан көз сүрінеді. Мұншама қалың билборд көлік айдаушыларға кедергі келтіреді. Екіншіден, көшенің көркін әлем-жәлем етіп көрсетеді. Құдды бір шыршаға ілінген ойыншықтар тәрізді. Бұл істе Астана мен Алматының тәжірибесін зерттеңіздер. Бір аптаның ішінде соның барлығын зерделеп, нақты іске көшіңіздер, – деді аймақ басшысы.

Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Дәурен Қасымовтың айтуынша, Өскемендегі 200-ден астам билбордтың 34-і заңсыз қойылған екен. Тәуелсіздік даңғылының өзінде бес заңсыз билборд бар көрінеді.

Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы келер аптада дәл осындай мазмұндағы есептік жиын Семей қаласында да өтетінін айтты.

Есімжан НАҚТЫБАЙҰЛЫ

Осы айдарда

Back to top button