Ынтымақ ТОЛҚЫН
Облыс әкімі Даниал Ахметов жылдың үздік спортшыларын марапаттады. Ел спортын дамытуда еңбегі ерен деп танылғандарға сый көрсетіліп, пәтер кілттері табысталды.
Елдің атын әлемге шығарып, абыройын асқақтататын саланың бірі – спорт. Осы орайда ел намысын арқалап, түрлі сайыстарда сынға түсіп жүрген спортшылардың еңбегі ерен екені айтпаса да түсінікті. Олардың еңбегін ел біледі, бағалайды, құрметтейді. Тарих беттерін ақтарсақ та, біздің ел ұланын ұлықтаған. Кешегі палуандардан бастап, бүгінгі жас спортшыларға дейін еленбей қалғандары кемде-кем.
Дүбірлі додаларда бақ сынап жүрген жерлестеріміз де жетерлік. Солардың арасындағы үздіктер мен жүйріктерді облыс орталығында аймақ басшысының өзі марапаттады. Жыл қорытындысы бойынша ұйымдастырылған спорттық мерекеге Шығыстың намысын жыртып жүрген өрендер қатысты.
Шара барысын облыс әкімі Даниал Ахметов ашып, спортшыларға құттықтауын жеткізіп, арнайы марапаттар табыстады.
– Өткен жылы біздің спортшылар ел қоржынына 62 медаль салды. Жақында ғана өткен Азия чемпионатының өзінде жерлестеріміз жоғары нәтиже көрсетті. Қазір солармен жүздескеніме қуаныштымын. Сол чемпионатта біздің әнұран 6 рет шырқалды. Солардың арасында Шығыс өңірінің спортшылары болғанымен мақтанамын. Біздің ұландар әлі талай жарыстарда топ жарып, жастарға үлгі боларына сенемін, – деді аймақ басшысы.
Биыл Астана қаласында жеңіл атлетикадан өткен 10-шы Азия чемпионатында шығысқазақстандық спортшылар 5 алтын және 2 қола медальді қанжығаларына байлады. Ал Қазақстан құрамасы топтық есепте 12 медальмен 2-орынға ие болды. Астанада алғаш рет өткен сайысқа Сары құрлықтың 31 елінен 360 спортшы келген.
– Біздің жеңіске жетуіміздің артында жерлестеріміздің қолдауы жатыр. Егер олар бізге қолдау көрсетіп, жігер бермесе, мұндай жетістікке жете алмас едік. Барлық қазақстандықтарға, жерлестеріме шын жүректен алғысымды білдіреміз. Алдағы уақытта сіздердің қолдауларыңыз бен сенімдеріңізді ақтайтын боламыз, – деді Азия чемпионатының алтын медаль иегері Эльнор Мухитдинов.
Жыл қорытындысы бойынша ұйымдастырылған спорттық шарада үздік деп танылғандарға ақшалай сертификаттар берілді. Сонымен қатар 2022 жылдың үздік спортшысы номинациясының жеңімпазы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Азамат Дәулетбековке, облыс спортының дамуына үлес қосқаны үшін номинациясының жеңімпаздары, жеңіл атлетикадан спорт шебері, марафондағы Қазақстан рекордшысы Жанна Мамажановаға және еркін күрестен еңбек сіңірген спорт шебері Данияр Қайсановқа пәтер кілттері табысталды.
– Бүгінгі спортшыларды марапаттау рәсіміне жан-жақтан жас жеткіншектерді шақырып отырмыз. Тіпті сонау Тарбағатайдан келгендері де бар. Ондағы басты мақсатымыз – оларға шабыт беру. Ел мен жердің намысын жыртып, көк туымызды желбіретсе, ел де олардың еңбегін бағалайтынын көрсету. Бүгін үздік спортшыларымызға құнды сыйлықтар табыстап, жұлдыздарды да қонаққа шақырып отырмыз. Олар алдағы келе жатқан үлкен сайыстарға жауапкершілікпен қарап, Әнұранымызды талай додаларда шалқытады деген сенімдеміз, – дейді облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жандос Сайханов.
Аталмыш спорттық шараға еліміздің жарық жұлдыздары да келіп өнер көрсетті. Жастар арасында жарқыраған Kalifarniya және Ayree спортшыларды жеңістерімен құттықтап, әннен шашу шашты.