Спорт саласында жемқорлыққа жол жоқ
Ынтымақ ТОЛҚЫН
Спорт саласы сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтың ортасына айналмауы керек. Бұл салада жемқорлықтың тәуекелі жоғары болғандықтан ерекше бақылауға алынып, аталмыш бағыттағы мамандар да қатаң тексерістен өтуге тиіс.
Облыс орталығындағы Спортта дарынды балаларға арналған олимпиадалық резервтің Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған мектеп-интернат колледжі ғимаратында денешынықтыру және спорт саласындағы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған жиында аталған мәселе талқыланды. Спорт саласында қызмет атқаратын тұлғалар бас қосқан шараға сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиісті орган өкілдері аталмыш мәселемен күресу жолдарын көрсетіп, мазалаған сұрақтарына жауап берді.
– Елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес қарқынды жүріп жатыр. Спорт саласы – жемқорлық тәуекелі бар саланың бірі. Спортшыларымыздың жеңістері мен жетістіктері қоғамды біріктіретін үлкен күш болғандықтан, бұл саладағы сыбайлас жемқорлықты жоюға көп көңіл бөлеміз. Осыған байланысты бүгінгі жиынға спорт мектептерінің басшылары мен басқарма қызметкерлеріне аталмыш мәселенің алдын алу бойынша ұсыныстар бердік, – дейді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің аға офицері Гүлнұр Бекбаева.
Оның айтуынша, спорт саласы – сыбайлас жемқорлық орын алуы мүмкін бірден-бір орын. Спорт мектептеріне шәкірттер қабылдаудан бастап, басшылық қызметке тағайындау, спортшылардың жарысына бөлінетін қаражат, сонымен қатар жалақыдан бастап мемлекеттік сатып алымдарға дейін бұл салада сыбайластық орын алуы мүмкін.
– Спорт мектептеріне оқушылар мен жұмысшыларды қабылдағанда сыбайлас құқық бұзушылықтар орын алып жатады. Мемлекеттік сатып алымдарды да бақылауда ұстаймыз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі еліміздегі мемлекеттік сатып алу порталында үнемі мониторинг жүргізіп отырады. Егер қандайда бір заң бұзушылық анықталса, яғни бағаның шамадан тыс артқаны сияқты қитұрқылықтар болса бірден анықтай аламыз. Бұған арнайы портал бар. Ол жерде тапсырыс берілген заттың еліміздегі орташа бағасы қанша екені бірден көрініп тұрады, – дейді Гүлнұр Айтқұрманқызы.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске енгізілген өзгертулер де жоқ емес. Бұрын лауазымды қызметкерлерге 2 АЕК көлемінде сыйлық алуға рұқсат етілсе, енді мүлдем болмайды. Сонымен қатар бір ұжымда жақын туыстардың істеуіне де шектеу қойылған. Алайда ол шектеудің де өзіндік ережелері бар. Мысалы, әкесі спорт мектебінің директоры болса, баласы жаттықтырушы болып жұмыс істеуіне рұқсат. Бірақ есепші сияқты материалдық мамандықтарда жақын туыстар жұмыс істей алмайды. Сонымен қатар істі болған адамдардың да спорт саласында жұмыс істеуіне тыйым салынғаны айтылды.
– Бір ұжымда ағайындылар жұмыс істейтіндері де бар. Олар жұмыс істесе жақсы ғой. Кейде тіпті жұмысқа келмейтіндері де болады. Осыларды толық тексеруіміз керек. Сонымен қатар сотталған адамдарды да спорт мектептеріне жолатпауымыз керек. Осындай жағдай біздің облыста болған. Басшылық қызметке келген соң оның бұрын істі болғаны анықталды. Ондай адамдар мектепке директор болмақ түгілі, қарапайым қызметкер де болмауы керек, –дейді облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов.
Статистикалық дерекке сәйкес, соңғы үш жылда облыс бойынша спорт саласында сыбайлас жемқорлыққа байланысты еш дерек тіркелмеген. Бұл да сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізілген күрестің нәтижесі болуы керек.