Спорт нысандарын салуға қомақты қаражат бөлді
«KAZ Minerals» тобы Семейдегі спорт нысандарының құрылысына арнап 861 миллион теңгеден астам қаражат бөлді.
Оның ішінде 531,3 миллион теңгені компания №1 облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жатақхана корпусын салуға бөлсе, тағы 329,9 миллион теңге қаражат күрес залына жапсарлас құрылыс жүргізуге бағытталып отыр.
Жалпы, спорт мектебінің жатақхана корпусы 200 орынға шақталған (41 орын қыздарға арналған оқшауланған секция) төрт қабатты ғимараттан және жапсарлас тұрғызылған 96 адамдық бір қабатты асханадан тұрады. Компания бөлген қаражатқа корпус пен асханада қажетті қондырғылар мен құрал-жабдықтар, жиһаздар сатып алынып, орнатылған.
Жаңа ғимаратта балалардың спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалған. Спорттық құралдармен толықтай қамтылған. Демалатын, сабаққа дайындалатын, жуынатын, тұрмыстық бөлмелер, тіпті, кір жуатын, киім үтіктеп, тазалайтын, аяқ киім кептіретін арнайы бөлмелер де қарастырылған. Алдын алу шараларын жүргізуге және алғашқы медициналық жәрдем көрсетуге арналған медициналық блокта заманауи қондырғылар орнатылған. Қысқасы, бәрі бар.
Айта кетейік, кейінгі бес жылда «KAZ Minerals» тобы облыстың түрлі әлеуметтік нысандары мен ғимараттарын салуға, жөндеуге 6,6 миллиард теңгеден астам ақша бөлген.
Серік Құмарғалиұлы