Спорт нысандары жекешелендіріп жатыр
2016 жылы бірнеше спорттық нысандар мен салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері бойынша орталықтары жекеменшіктің иелігіне өтті. Төрт спорттық клуб жойылудың алдында тұр. Бұл жайында аймақтық коммуникациялар қызметінде облыстық мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасының басшысы Нұрлан Можановтың қатысуымен өткен брифингте белгілі болды.
Басқарма басшысының берген мәліметтеріне сәйкес, жекешелендірілген мекемелердің арасында Семей қалалық және облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталықтары, «Алтай» волейбол клубы, дене шынықтыру және сауықтыру орталығы, Көкпекті ауданындағы ұлттық спорт ойындарының «Дархан» клубы, облыстық протезді-ортопедиялық орталық, «Өскемен- Тазалық» мекемесінің 51 пайызы, «Нарын-сервис» ЖШС-нің 70 пайызы, облыстық талдау және болжау институты және тағы төрт кәсіпорын бар. «Семей автовокзалы» ЖШС 2018 жылдың қаңтарына дейін ары қарай сатып алу құқымен сенімді басқаруға беріліпті. Ал «Ертіс» спорткешені» ЖШС осымен төртінші рет қайта сатуға шығарылған. Жойылу алдында тұрған клубтардың арасында Тарбағатай ауданындағы ұлттық спорт түрлерінің «Тұлпар» спорт клубы, «Восток», «Семей» футбол клубтары, спорттық ойын түрлері бойынша «Алтай» спорт клубы көрсетілген.
Нұрлан Можанов бәсекелестік ортаға өткен барлық кәсіпорындар өз бейінін сақтап қалатынын ескертті. Үстіміздегі жылы коммуналдық меншіктегі тағы 14 кәсіпорынды және «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясының үш еншілес ұйымын бәсекелестердің қолына беру жоспарланған.
Жекешелендірудің ашық, жариялы түрде өтуін қамтамасыз ету мақсатында жекешелендіруге жататын нысандар, жоспарланған сату мерзімі туралы барлық ақпараттар www.gosreestr.kz веб-порталында орналастырылады. Осы порталдың мемлекеттік активтерді сату жөніндегі бірыңғай сату алаңында электрондық сату жүргізіледі.
Айна ЕСКЕНҚЫЗЫ