Қоғам

Спорт модулінің құрылысы неге жүрмей тұр?

Спорт модулінің құрылысы неге жүрмей тұр?

Ақсуат ауылында жылдар бойы арман болған спорт модулінің құрылысы өткен жылы қарқынды басталған болатын. Оны көріп ауыл халқы да үлкен қуаныштан дәмелі күйде жүрген. Алайда, маусым айында аяқталуы тиіс нысан мерзімінен кешігіп, көңілдер су сепкендей басылды.
Жыл басынан бері құрылысы бір жүріп, бір тоқтаған нысанға мән-жайды білу мақсатында арнайы бас сұққанбыз. Сыртында қоршауы жоқ құрылыс материалдарын күзеткен қара төбет пен қарауылдан басқа жан болмай шықты. Құрылыс шеберімен телефон арқылы ғана тілдесуге тура келді. Ришад Батталовтың айтуынша, құрылыстың тоқтап қалуына қаржының дер кезінде бөлінбеуі себепкер болған. Жұмысшыларға еңбекақы төлеу қиынға соққан соң, ақысыз еңбек демалысына жіберілген. Жақында облыстан келген арнайы мамандар атқарылған жұмыстарға арнайы сараптама өткізіп кетіпті. Тендерді жеңіп алған «Семей-Мегастрой» ЖСШ-нің ақтарушы директоры Нұрлан Молдабаевты іздеп тауып, мән-жайды сұрап көрдік.
– Облыстағылар құрылыс мерзімін қыркүйек айына шегеріпті. Осы уақытқа дейін қажет жұмыстың 25-30 пайызын ғана игердік, – деген мердігер аудан басшыларының жер телімін уақытында босатпауы, құрылыс орнын күл-қоқыстан тазартуға өз қаражаттарын салуы шаруаның шатқаяқтауына әкеп соқтырғанын айтады. Бір қызығы, мердігер мекеменің материал тасымалдайтын көлігі де жоқ екен. Соның салдарынан өз қаржыларына көлік жалдап отырғандарын алға тартады. «Техникаға зәру, жұмысшыларына еңбекақыны дұрыс төлей алмайтын компания тендерден қалай маңдайы жарқырап шыққан?» деген сауал да туады мұндайда.
Құрылысқа тапсырыс беруші облыстық құрылыс басқармасы бөлген қаржы игерілмей жатыр. Негізгі корпустың сыртқы және іші қабырғаларын қалау жұмыстары, сыртқы қоршау жұмыстары, су құбырларын тарту және футбол алаңдарын тегістеу жұмыстары толығымен орындалмаған. Ал кесте бойынша мердігерлер маусым айының аяғына дейін ғимараттың төбесін жауып, сыртқы қасбетін қалап, ауланы абаттандырып қоюы тиіс болатын. Аталған құрылыс компаниясы аудандағы ірі құрылыс алаңдарында талай жұмыс жасап, дәл осылай кестеден қалуды әдетке айналдырған. Мәселен, Ойшілік ауылындағы амбулатория ғимаратының әлі күнге дейін шала жасалған жері жетіп артылады. Ал спорт модулінің кестесін шегертіп отырған бүгінгі жайы мынау. Тарбағатайлықтар енді «Семей-Мегастрой» ЖШС құрылыс кестесінтағы да созбаса екен деп отыр.

Қадырбек Кәкімұлы

Тарбағатай ауданы

Осы айдарда

Back to top button