Қоғам

«Спартак» көш бастап келеді

Футболдан Қазақстан чемпионаты бірінші лига командалары арасында кезекті турдың ойындары өтті. Семейдің «Спартагы» мен Өскеменнің «Востогы» өз алаңдарында қатарынан екі ойын өткізді.

«Спартак» көш бастап келеді«Спартак» футболшылары Теміртаудың «Болат АМТ» командасын қабылдады. Алаң иелері бәсеке басталған бетте өздерінің жасыл алаңға жеңіс үшін шыққандарын байқатты. Аса тартысты өткен ойында 1:0 есебімен семейліктер жеңіске жетті. Содан кейін олар Талғар қаласының «Ақбұлақ» командасымен кездесті. Шабуыл шебін күшейтіп, сауатты қорғана білген семейлік футболшылар бұл ойында да қарсыластарын 3:2 есебімен тізе бүктірді.

Ал «Восток» өз алаңында «Ақбұлақ» командасынан 1:3 есебімен ұтылып қалды. Одан соң «Болат АМТ» футболшыларымен кездесіп, 1:1 есебімен тең түсті. Ойын барысында востоктықтар гол соғатын тамаша мүмкіндіктерді жіберіп алды.

Қазіргі уақытта бірінші лигадағы командалардың әрқайсысы 14 кездесуден өткізді. Ойын кестесінде әзірге «Спартак» командасы 28 ұпаймен доп айырмашылығы бойынша көш бастап келеді. «Іле-Сәулет» пен «Астана-1964» командалары да осынша ұпаймен екінші, үшінші орында тұр. «Восток» 23 ұпаймен алтыншы орынға табан тіреді.

Әлімжан Қадылбекұлы

Осы айдарда

Back to top button