Қоғам

Соғыс жылдарындағы халықтар депортациясы

Соғыс жылдарындағы халықтар депортациясы

1941-1945 жылдардағы Сталиндік кезеңнің жекелеген ұлттар үшін жасалған өрескел зардабы – халықтар депортациясы еді. Тарихи деректерге сүйенсек, поляк, еврей, шешен-ингуш, немістерді күштеп атамекенінен көшіру жоспарлы және құпия түрде іске асырылды. Ақсуат өңіріндегі өзге ұлт өкілдері қоныстандырылған Қарғыба, Екпін, Көкжыра елді мекендеріндегі неміс, бірлі-екілі украин отбасыларын аралап, әңгімелескен едім. Сонда кезінде туған жерлерінен күштеп қоныс аударылған неміс отбасыларының ұрпақтары дүниеден өткен әке-шешелері, сол аласапыранда көз жазып қалған туыстары туралы фотоқұжаттарын ұсынып, әңгімелерін айтты.

Алты жүз мыңнан астам неміс отбасын бір тәулікте көшірген

Сол жинақтау жұмысы кезінде Шыбындыда тұратын Ақсуат орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі Роза Досалованың «Әттең, осы кісілердің аттары бір аталмай кетті-ау, олардың не жазығы бар еді…» деп туған анасы туралы ұсынған мына бір құжаттан сол заманның ызғары сезіледі.
«Венцель Анна Ивановна состояла на спецучете в органах МВД с 1948 года до 1956 без права передвижения…» деп көрсетілген сарғайып кеткен құжаттан сол заманның, адам құқығын аяққа басқан Сталиндік дәуірдің қатал үкімін естігендей болдық. Яғни, Анна Ивановна Венцельдің ұлттық нәсіліне байланысты басқа жаққа қоныс аударуға құқы болмаған. Кейін қызы Роза Медғатқызы арнаулы органдарға жүгіріп жүріп, ақтау қағазын алыпты. Онда былай делінген: «На основании Закона Республики Казахстан «О реабилитации жерт массовых политических репрессий» от 14 апреля 1993 года. Венцель Анна Ивановна, 1932 года рождения, незаконна высланная по национальным мотивам в административном порядке в 1941 г, состоявшая на учете специонального поселения в органах МВД без права передвижения с 1941 года по 1956 год признано жертвой политической репрессий и реабилитирована».
… 1941 жылы Украинаның Донецк облысы, Новокрасновка селосынан Венцель әулеті бір түн ішінде Қазақстанға бет алған пойызға отырғызылады. Бұрынғы Семей облысы, Ақсуат ауданына жеті баласымен ат-шанамен жеткізілген отбасының жол азабынан көрмеген қиындығы жоқ. Бір баласы жолды көтере алмай, қайтыс болып кетеді. Кеңестік империяның шовинистік шоқпары тиген әулет Ақсуатқа келіп, дарқан қазақтың қамқорлығын көріп, өмір сүреді. Колхозда жұмыс істеп, бау-бақша өсіріп, өркен жаяды.
Роза Досалованың анасы ұшыраған отбасылық қасірет осы өңірге жер аударылып келген, қазір Екпін ауылында тұратын Айгина Процманға, Краснодардан эвакуацияланған Мария Яковлевна Япсқа, қазір Көкжыраны мекен еткен Шейнерлер әулетіне де тиген екен.
Тарихи деректерге қарағанда, Қазақстанға 600 мыңнан астам немістер бір тәулік ішінде көшірілген екен. Мінеки, немістердің Қазақстан Республикасы аумағындағы пайда болуын тарих осылай түсіндіреді. Біздің Тарбағатай ауданы, әсіресе Ақсуат өңіріне немістер 1941 жылдары келген екен. Ал украиндықтарды Қырым жерінен қазақтың ұлан-асыр даласына жөнелтудің ірі-ірі екі оқиғасы да 1941- 42 жылдары ұйымдастырылыпты. Немістер сияқты оларды да бір тәулікте апыл-ғұпыл жолға әзірлеп, әй-шайға қарамастан эшелондарға тығып, үш апта ішінде Қазақстанның түкпір-түкпіріне таратып жіберген. Кеңес билігіне жақпаған ұлттар осылайша тағдыр тәлкегіне түсті.

Тарбағатайда тоғысқан тағдырлар

Кеңестік саясат тоғыстырған тағдырлардың бірі – 1941 жылдың күзінде Краснодардан депортациямен осы Ақсуат ауданының Алғабас ауылына бауыры және шешесімен келген Яков Беннер, өзі он алты-ақ жаста болған, жұбайы – Ольга Шеннер Қырымның Цюрихталь селосынан әке-шешесі және сіңлісімен келген. Бір тәулік ішіндегі аласапыранда Беннерлер әулетінің үлкен қыздары Марта жоғалып кетіпті. Тек 1971 жылы Омбыдан табылған екен. Күздің қара суығында қолдарына ұстаған бір ғана түйіншектерімен Алғабас ауылына келіп түседі. Өңменінен өткен ызғарлы күндерде оларға осы ауылдағы қазақтар пана болады. Яков Беннердің шешесі мен ағасы 1943 жылы аштықтан қайтыс болыпты. Жер аударылған әулет Алғабастың жапан даласында қазақтармен бірге ғұмыр кешіп, ұрпақ өрбітеді. Солармен бірге мал бағады, шөп те шабады. Дүниеге үш ұл, екі қыз келеді. Олар да тылда еңбек етеді. Халық шаруашылығын қалпына келтіруге атсалысады. Еңбек ардагері Социалистік жарыстың жеңімпазы атаныпты.
Ал қазіргі кезде Ақсуатта тұратын, осында көп жыл қызмет істеген Валентина Дмитриевна Гапченконың шешесі Мария Бакарджиеваның ұлты – болгар, Украинаның оңтүстік шығысындағы Донецк облысына қарайтын Мореуполь қаласынан Қазақстанға көшірілген екен. Қарғыба ауылындағы Анна Андреевна Гессельдің әке-шешесі Андрей Гессель мен Анна Гессель де Украинаның Донецк облысынан эвакуацияланған. Осы адамдардың ұрпақтарының бәрі де қазақшаға судай, мақалдап-мәтелдеп сөйлейді. Барлығы қазақпен құдандалы болып, тонның ішкі бауындай, аралас-құралас болып кеткен. Кейбірі тіпті неміс, украин тілдерін білмейді екен. Әрине, біз олардың қазақ тілінде жақсы сөйлегендерін мақтан көрсек те, халықты ұлттық тамырынан айыруды ойластырған Сталиндік тағылық эксперименттің нәтижесіне жаның түршігеді.
Соғыс аяқталғаннан кейін Германия тарапынан шеттегі немістерді елге шақыру басталды. КСРО ыдырағанға дейін немістер әр жердегі қандастарын тарихи Отанына қайтаруды құп түрде жүргізді. Одақ ыдырағаннан кейін бұл процесс қарқын алды. Германия шеттегі қандастарының елге оралуы үшін жол шығынын толықтай көтеріп, баспана алу, жұмысқа орналасуда жеңілдіктер жасады. Мұның барлығы жырақтағы немістердің өз тарихи Отандарына оралуын тездетті. Қазір Ақсуатта да біраз адамдар ғана қалыпты. Әрине, соғысты, оның қорытындыларын бағалауда әр ұрпақтың өз көзқарасы болуы мүмкін. Уақыттың тарихи-саяси оқиғаларды бағалауға, саралауға өз таңбасын салуы – табиғи құбылыс. Расында да күштеп көшірілген отбасылардың еш жазығы жоқ. Бұл адамзат тарихындағы ең жойқын соғыстың, адам ұрпақтары тағдырына өшпестей із салған қасіретті ғасыр оқиғасы болды.

Ш.Көпшікбаева

Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button