Қоғам

СОҒЫС ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ АҚЫНДАР АЙТЫСЫ

    СОҒЫС ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ АҚЫНДАР АЙТЫСЫ

Ұлттық байлығымыз – айтыс өнерінің қайта түлеп, жанданған тұсы Отан соғысы жылдарымен сәйкес келеді. Қазақ даласының түкпір-түкпірінен суырылып шыққан от ауыз, орақ тілді көптеген халық ақындары жаңа қалыптағы айтыс көрігін қыздыра түсті. Дәстүрлі айтыс жаңа мазмұнда дәуір үніне үйлесіп, пәрменді үгіттік қызмет атқарды. Оның рөлі патриоттық өлең-жырлардан кем түспеді.

Шығыстың атынан қандай айтыскерлер шықты?

1943 жылдың қаңтар айында Қазақстан Жазушылар одағының жанынан құрылған халық ақындары бөлімшесінің бастамасымен Алматы қаласында өткен жыр дүлдүлдерінің республикалық айтысынан соң, жер-жерде өріс алған облысаралық айтыстар өзінің тамаша нәтижесін берді. Айтысқа қатысқан әрбір ақын облыс, аудан я өндіріс пен колхоз атынан сөйлеп, майдан үшін, жауды жеңу үшін атқарып жатқан игі істерін, еңбектегі табыстары мен жетістіктерін ортаға салды.
Осы орайда зерттеуші М.Жармұхамедов: «Басы Жамбыл болып, бір топ халық ақындары сол жолы бізде айтыстың әлі тоқтап, тоқырап қалмағанын ашып, дәлелдеп берді. Ұлы Отан соғысының ең бір қауіпті жылдары өткен бұл айтыс халық бойындағы дарын-қуаттың түгел сарқыла қоймағанын паш етті», – деп жазады.
Әр облыстың атынан жыр додасына түскен Нұрпейіс, Кенен, Шашубай, Доскей, Қалқа, Иса, Сапарғали, Төлеу, Нұрлыбек сынды ақындардың да жарқырай көрініп, елге танылған тұсы осы еді. Айтыстың қайта түлеп, өркен жаюына жол салған бұл үлкен өнер жарысының өзіндік маңыздылығы бар.
Алайда соғыс кезіндегі, тіпті онан соңғы айтыстардың да қазіргі айтыс өнерінен өзгешелігіне көңіл аудармасқа болмайды. Кеңестік идеологияның «шеңгелінде» болған ұлттық құндылықтарымыздың бірі – айтыс өнері. Сол заманда, тіпті бертін де айтыскер ақынның әр сөзі «советтік» сүзгіден өтіп, белгілі бір шаблон тұрғысынан шектелетін. Ақындарға алдын ала жаздыртып, жүз тексерілген мәтінді еш қоспасыз халық алдында жырлауға міндеттеді. Айтыстағы осы бір келеңсіз жай, суырыпсалмалық өнерді де тұқыртып, дүлдүл ақындарды сөз сайысында тұсаулы тұлпардай етіп еркін көсілдірмей келді. Сол себептен болар, соғыс уақытындағы айтыстардың диапазоны көбінесе жетістіктер мен кемшіліктер тізбесінің төңірегінде құрылды. Айтыс өнеріне тән асқақтық, тіліп түсер тіктік, табан асты тапқырлық, келісті бір көркемдік, тағы басқа қасиеттердің үйлесімін таппаған тұстары, кемшін қалып жатқан кездері де болғанын әдебиет тарихы растайды.
Ал қазіргі кездегі айтыс – өткірлігі, сыншылдығы және шыншылдығы жағынан сыналып отырған бұрынғы кеңестер заманындағы айтыстан көш ілгері. Бірақ бұл өнердің «нарықтық рельске» қойылып, ат төбеліндей топтың бизнесіне айналғанынан бері қадірі кетіп, сүйкімсіздене бастағаны да өтірік емес…
Дегенмен, соғыс жылдарындағы айтыстардың Отан үшін жасалған ерлік пен еңбекті, еңбек адамдарының игілікті істерін жырлауда, оны көпшілікке таратуда үлкен рухани қызмет атқарғанымен қоса, белгілі бір кезеңдегі айтыс өнерінің өзіндік ерекшеліктерімен өркен жаюына тигізген әсері айтарлықтай болғандығын атап өткен абзал.
Шығыстық Төлеу, Нұрлыбек, Сапарғали, Есенсары, Нұрғали, Тәңірберген, тағы басқа да ақындардың айтулы айтыстарын осы кезеңмен байланыстырамыз. Әрине, әр ақынның соғыс жылдарындағы айтыстарына тоқталар болсақ, бір-бір кітапқа жүк боларлықтай. 1943 жылы Алматы қаласында ұйымдастырылған республикалық бірінші ақындар айтысының соңы облыстық, аудандық айтыстарға ұласқаны белгілі. Сол жылы өткен Семей мен Қарағанды облыстарының ақындары айтысының бел ортасында Сапарғали ақын да болды. Қайта жанданған осынау тамаша өнер сайысы – айтыстың болашақ өсуіне жол салған, оған қажет бірқатар идеялық, принциптік мәселелерді шешуге қозғау жасаған ерекше құбылыс еді.
Сапарғали қарағандылықтармен тікелей айтысқа түспесе де, осы айтыстың ұйымдастырылуына Мұхтар Әуезов, Төлеу Көбдіков, Қайым Мұхамедханов, тағы басқалардың қатарында айрықша атсалысып, қолғабысын тигізеді. Семей облысының атынан айтысқа түскен Нұрлыбек, Тәңірберген ақындардың сөз тізбегін дайындауға өзіндік үлесін қосады.

ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯНЫҢ ҚАРУЫ БОЛҒАН ПАТРИОТТЫҚ ЖАНР

Халық ақындарының айтыскерлік шеберлігі, әсіресе, 1943-1945 жылдардағы сөз сайыстарынан айрықша танылады. 1945 жылдың наурыз айында өткен облыстық ақындар айтысында Сапарғали Аягөз ауданының тумасы Есенсары Құнанбаевпен айтысқа өз елі Жарманың атынан түседі. Есенсары да – сол өңірдегі жас кезінен айтыс көрігін қыздырып жүрген Әріп, Әсеттей жыр дүлдүлдерінен тәлім-тәрбие алған белгілі ақындардың бірі.
«Сапарғали мен Есенсарының айтысы» – өз кезеңінің, айтыс өнеріндегі өзіндік орны айқын, үздік үлгілерінің бірі. Олардың бізге жеткен айтыстарының ішіндегі көлемдісі, танымдық және көркемдік қырынан қуаттысы да осы.
Қос ақын да өз сөздерін әу дегеннен дәстүрлі айтыстардағыдай ақындық қиялын шарықтатып, асқақ әуен мен көтеріңкі пафосқа құрады. Есенсары:
Ой өрле, шырқа қиял шыңнан шыңға,
Өткір тіл өрістесін халқым тыңда, –
деген жолдармен бастап, сол өңірдің ертеден алты алашқа аты шыққан қазақ батырлары мен азулы ақындарын айта келе, қазіргі заманға ойысады.
Бүркіттей шарықтайын асқар асып,
Теңіздей толқындайын жатқан тасып.
Жүйріктей, жүйтки шауып көсілейін,
Аттайын айшылықты алты-ақ басып –
деп, Сапекең де Абылай бастаған қазақтың қалың батырларының елін, жерін ақ найзаның ұшымен қорғап қалған ерлер болғандығын атай отырып, солардың ерлік ісін жалғастырушылар неміс басқыншыларымен күрестегі майдандағы жауынгер, елдегі еңбеккер екендігін айтады.
Әрине, сол кезеңдегі ел қорғау идеясын уағыздауда мұндай кіріспелер айтыс өнерінің заңды бір құрамы іспеті болатын. Бұл жерде айтыскерлер тек ақындық шеберліктерін ғана көрсетіп қоймай, сонымен бірге әрідегі шежіреден бермен қарай ел тарихын жақсы білетін, ел тағдыры жайында көп толғанатын парасатты ой иелері екендігін де танытқан.
Сапарғали мен Есенсары айтыс көрігін одан әрі қыздыра түсіп, өз ауданының жеткен жетістіктері мен асқан асуларын, жеңіс жолындағы тыл еңбеккерлерінің қажырлы күресін, еңбек ерлерінің қосқан үлесін жүйелей жырлайды. Қанша айтысып, қаншалықты тартысса да, екі ақынның келер мәмлесі бір. Ол – сұрапыл соғыс кезеңіндегі елдік пен ерлік жолындағы қажырлы күресті паш ету. Осы жолдағы жеткен жетістіктер мен кеткен кемшіліктердің ара қатынасын екшеп, тыңдарман қауымға ой салу, елдің рухын көтеру.
Сонымен, соғыс жылдарындағы айтыстар – қамтыған тақырыбы, көтерген мәселесі тұрғысынан өресі биік, бүкілхалықтық сипатқа ие ерекше құбылыс болды. Өмір шындығын бетпе-бет жарыста тауып айту – айтыстың басты мақсаты, нақты нысанасы. Осы кезде тәжірибесі мол ақиық ақындар ғана қапысын тауып, сын-пікірді әділ айтып шүйлігеді. Ел басына қиын күн туып, ауыр кезең болған жағдайда, айтыскер ақындар сол тақырыпты бірге көтеріп, халықты рухтандырды. Сөйтіп айтыс арқылы бірлікке, тұтастыққа үндеді.
Жалпы әр жанрдың өз табиғатына қарай дамып, өркендейтін кезі болады. Айтыс – аса жауапты сәттерде шешуші рөл атқарған. Мәселен, соғыс жылдарында елді рухтандырса, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында да ұлттық идеологияның құралы ретінде алдыңғы қатарға шықты. Басқаша айтсақ, «Айтыс – қай кезеңде болмасын, ел басына сын сағат туған шақта қол ұшын созар, халыққа дем берер нағыз ұлттық рухтағы патриоттық жанр» деп айтқымыз келеді.

Мұрат Иманжапар, Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университетінің
доценті

Осы айдарда

Back to top button