Соғыс техникалары сап түзейді
Жеңіс мерекесінде Өскеменнің орталық көшелерінен соғыс техникаларының сап түзеп өту дәстүрі биыл да жалғасын тапты.
Біз соғыс жайында сөз болғанда оған қатысқан жауынгерлерді көп айтамыз да, майдан даласында олардың серігіне айналып, жеңісті жақындатқан техникаларды сирек еске аламыз. Бұл техникалар тылдағы бейбіт халықтың күшімен құрастырылғанын ұмытпауымыз керек. «Бипэк Авто-Азия Авто» компаниялар тобы соңғы үш жыл қатарынан осы олқылықтың орнын толтырып келеді. Биыл да Жеңістің 72 жылдығына орай аталмыш кәсіпорын арнайы мерекелік шара ұйымдастырып отыр. Осы шара аясында шайқас алаңдарына табаны тиген тарихи техникалардың көрмесі өтеді.
Көрмеге қойылған техникалардың ішінде Мәскеуден арнайы әкелінген залптық ату жүйесінің орны ерекше. Қарсы жақтың құтын қашырған әйгілі «Катюша» далалық реактивті артиллерияның басты қаруы болғаны белгілі. Сондай-ақ, 45 миллиметрлік сауытбұзар зеңбірек те өз заманында озық құрылғы саналған. Ал бір жарым тонналық ГАЗ-АА техникасын компания ескі техникаларды қалпына келтірумен айналысатын әуесқой адамдардан сатып алған екен. Дәл осындай тағы бір техника алматылық зейнеткердің үйінен табылыпты. Тозығы жетіп, әбден қираған көлікті зейнеткер өз қолымен жөндеп, қалпына келтірген.
Бір ай бұрын ғана кәсіпорынның арнайы гаражы БТР-40 сауыт тасығышымен және 4-М зентитті жүк көлігімен толықты. Қан қасап қырғынның ортасынан отқа оранбай аман шығып, кейін арадағы жетпіс жылдан астам уақыттың теперішінен бүгінгі күнге аман жеткен бұл техникалар тарихтың мәңгі тірі куәгерлері ретінде құнды.
Мысалы, БТР-40 техникасы бейбіт күндегі ГАЗ-61 жүк көлігінің негізінде құрастырылып, соғыс тұсында тасымалмен байланысты жұмыстардың барлығына қатысқан. Ал бір жарым тонналық ГАЗ-АА жүк көлігі тек 1931-1949 жылдар аралығында ғана шығарылыпты. Кейін оның орнын әлдеқайда қуатты көліктер алмастырған. Жанармай талғамайтын әрі құрылысы қарапайым бұл техника көбінесе жаяу әскерді тасуға жұмылдырылды. Қандай аязда да оталып кете беретін ЗиС-5 жүк көлігін майдангерлер еркелетіп «Захар Иванович» деп атап кеткен екен. Бұл көлік әлі күнге орыс автоөндірісінің тарихындағы ең төзімді әрі берік көлік саналады.
Осыдан жетпіс жылдан астам уақыт бұрын ұңғысынан өлім құсып, дала төсін тітіреткен бұл техниканың барлығы әлі де қозғала алады.
Құрамында әйгілі Т-60 танкісі бар әскери колонна Тәуелсіздік даңғылы арқылы Үлбі көпірінен өтіп, Әуезов даңғылымен Славский жағалауынан бірақ шығады. Колонна жеңістің символикалық датасына сәйкес сағат 9,45-те қозғалады де, жоспарланған. Көрме соңында қонақтарға жорық дастарқаны жайылып, мерекелік концерт ұсынылады.
Есжан Ботақара