Қоғам

Сояның жаңа сорттарын сұрыптап шығарды

Өсімдік шаруашылығымен айналысатын шығысқазақстандық шаруашылықтар  озық технологияларды қолданып, дақылдың ерте пісетін сорттарын сұрыптап алды. 

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының хабарлауынша, кейінгі жылдары өңірде еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған бірқатар заманауи жоба қолға алынған. Атап айтсақ,  цифрландыру және инновациялық жобалар бойынша, оның ішінде ақылды ферма технологияларын енгізу, нақты егіншілік, ақпараттық жүйелерді әзірлеу және пайдалануға беру бойынша біршама жұмыс жүргізілді. Осының арқасында агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға байланысты өтінімдерді электронды форматта беруге мүмкіндік туды. Сондай-ақ «E-Agriculture» бірыңғай автоматтандырылған басқару жүйесі бизнес-үрдістерді цифрландыру арқылы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің жұмысын айтарлықтай жеңілдетті.

2018 жылдан бері Глубокое ауданындағы «Май дақылдарының тәжірибелік шаруашылығы», «Защита Уба», Бородулиха ауданындағы «Красный Партизан» сынды үш кәсіпорын өсімдік шаруашылығына нақты егіншілік элементтерін енгізді. Өстіп, GPS-бағдарлау арқылы егістіктердің жай-күйі мен басқа да параметрлерін бақылайтын болды.

Оған қоса, жұмысын ғылыммен ұштастырған Май дақылдарының тәжірибелік шаруашылығы түсімі гектарына 2,5-3,5 тонна болатын әрі ерте пісетін сояның жаңа «Нұр» және «Отан» сорттарын сұрыптап алды.  Аталмыш сорттардың бір ерекшелігі – олардың тұқымы жасанды кептіруді қажет етпейді және вегетациялық кезеңі біздің аймақ үшін өте қолайлы – 90-100 күн.

Мал шаруашылығы бағытында заманауи технологияларды енгізіп жатқан «Бобровка+» және «Е.Зайтенов» шаруа қожалықтары облыста алғашқылардың бірі болып роботтандырылған цифрлық фермаларды іске қосты. Бұдан басқа, облыста биыл «Май дақылдарының тәжірибелік шаруашылығы» мен «Камышинское» шаруа қожалықтарының базаларында цифрлық ферма технологиясын енгізу жоспарлануда. Бұл өз кезегінде тауарлы-сүт фермаларын автоматтандырылған жүйемен біріктіріп, жемшөп салу, сауу роботтарын, баламалы энергия көздерін қолдануға мүмкіндік бермек.

Қоса кетсек, бүгінгі күні «Эмиль» және «Восток-молоко» сияқты сүт өңдеу кәсіпорындары дайын өнімді қабылдау, өңдеу және есепке алу желілерін толығымен автоматтандырған. Бұған қоса, глубокоелық «Май дақылдарының тәжірибелік шаруашылығы», «Виситаев Р.Д.», «Милейко», шемонайхалық «Камышинское», «Выдрихинское», бородулихалық «Лазарев и К», «Труд», алтайлық «Санур-Агро», «Нивы Чапаево», ұландық «Багратион», Көкпектілік «Елім-Ай» шаруашылықтары өз жұмыстарына цифрландыру элементтерін енгізіп, жұмыс істеуде.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button