Соңғы жеті жылда 460 Нұрсұлтан дүниеге келіпті
Ырымшыл халқымыз ту ұстап, еліне қорған, өз ұлтының арқа сүйер азаматы болған ерлеріміздің есімін ұлықтап, ардақтап қана қоймай, ұрпағына, ұл қызына солардың есімін береді.
Тәуелсіздік алған уақыттан бері Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ есімін үлгі етіп ырымдап, ұлдарына берген отбасылардың қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. Елбасының есімін алған ұлдардың алды бүгінде отау құрып, еңбекке араласып, Отанға қызмет етіп жатса, арты әлі жөргекте жатыр.
Облыстық әділет департаменті АХАТ бөлімінің бізге берген мәліметтеріне сүйенсек, Шығыс Қазақстанда тек соңғы жеті жылда, 2008 жылдан бері 460 сәбиге Нұрсұлтан есімі беріліпті. Аймақтағы мектеп мұғалімдері оқушы Нұрсұлтандардың көпшілігінің сабақ үлгерімі жақсы екендігін, зеректігін, олардың өнерден, спорттан да құр алақан еместігін мақтанышпен айтады. Бұл заңды да. Өйткені, Елбасы есіміне кір келтірмей әркімге зор жауапкершілік жүктеді.
Жанаргүл Мұқатай