Соңғы нанын бөліп берген
Кәріс халқы өткен ғасырдың 30-40-шы жылдары Қиыр Шығыстан жаппай жер аударылды. Халықтың негізгі бөлігі Орта Азия мен Қазақстанға көшірілді. Қазір Қазақстанда 100 мыңға жуық кәріс ұлтының өкілдері тұрып жатыр. Аға буын сталиндік зұлмат саясаттың кесірінен жаппай күштеп жер аудару кезеңдерін келер ұрпаққа айтып, олардың санасына сіңіріп келеді. Әрине, қазіргі жастар сол қасіретті заманның болғанын, өз тарихтарын, ата-бабаларының қалай Қазақ жеріне қоныс аударғандарын білуге міндетті. Күн санап азайып бара жатқан қариялардың айтуынша, жүк вагондарына малша тиелген оларды қақаған қыста Қазақстанға әкеліп, теміржол бойындағы стансаларға тастап кетіп отырған көрінеді. Қаншама бала-шаға, кемпір-шал ауыр жолға шыдамай, жолда көз жұмған. Бірақ, қазақ жерінен пана тапты. Жергілікті халық, негізінен қазақтар, соңғы нанын бөліп беріп, жер аударылғандарды аман алып қалды. Егер, қазақ халқының кең пейілі мен мейірімі болмаса, ажал құшқандар саны көбірек болатын еді. Осы рете атап өтерлігі, сол кездегі үкімет сенімсіз халық ретінде саналған жер аударылғандарға көмек көрсетіп, олармен араласқандарды да қылмыстық жауапкершілікке тартатын. Кәрістер Қазақстанға тез сіңісіп кетті, қазір ұлтымыздың өкілдері сан-салада жемісті еңбек етіп жүр. Бірақ сол бір зұлматты күндер мәңгілік жадымызда. Әлбетте, қамқорлық танытып, пана болған Қазақ еліне, жеріне және қазақ халқына деген ризашылық сезім де ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып жалғаса бермек.
Осы күні облыста тұрып жатқан мың жарымға жуық кәрістің әке-шеше, туысқандары осында жерленген. Бүгінде облыста кәрістердің ұлттық этномәдени бірлестігі жұмыс істейді. Бірлестігіміз Корей елімен байланыс жасайды. Ұл-қыздарымыз бірлестікте ана тілдерін үйреніп, салт-дәстүрлерін біле бастады.
Бүгінде әлем Қазақстанды ынтымағы мен бірлігі жарасқан біртұтас ел деп біледі. Басқа бірлестіктермен бізді біріктіріп, басымызды қосатын нәрсе – бірлік, татулық. Елімізде әртүрлі ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүреді, сондай-ақ, әр ұлттың өзінің мәдениетін, ана тілін насихаттауға ешқандай шектеу жоқ. Бұл – біздің отандастарымыздың келер ұрпақтың болашағын елімізбен байланыстырып отырғандығының дәлелі. Біз осы жерде өмір сүріп, қалаған ісімізбен айналыса аламыз. Мәдениетімізді дамытудамыз.
Алғыс күні құтты болсын, баршаңыздың отбасыңызға амандық, табыс тілеймін. Еліміз әрі қарай дами берсін. Бұл – нағыз ұлық мереке!
Юлия Кунст, корей этномәдени бірлестігінің төрайымы