Жұмыспен қамту

Сотталғандар жұмыспен қамтылады

Облыс прокурорының орынбасары Ерлан Андабаевтың төрағалығымен өткен дөңгелек үстел отырысында сотталғандарды жұмысқа орналастыру және еңбекпен қамту мәселесі қаралды.

Басқосуға қылмыстық-атқару жүйесі, төтенше жағдайлар департаменттерінің, аумақтық кәсіпкерлер палатасының басшылары, «Еңбек-Өскемен», «Шығыс» мемлекеттік кәсіпорындарының, уәкілетті мемлекеттік органдардың, Өскемен әкімдігінің, өңірдегі ірі кәсіпорындардың өкілдері қатысты.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет адамдарды тұрақты жұмыспен және лайықты жалақымен қамтуы тиіс екенін үнемі айтуда.

– Облыста 6 түзеу мекемесі орналасқан, онда 2700-ден астам сотталған бар, сондықтан оларды бас бостандығынан айыру орындарында еңбекпен қамту мәселесі аса өзекті, – деді Ерлан Ахметсапаұлы.

Мекемелерде шлак-блок, газ-блок, құм-блок секілді құрылыс материалдары, пластик терезелер, есіктер, корпустық және жұмсақ жиһаз, ағаш, тігін бұйымдары, металл конструкциялар, басқа да тауарлар шығарылады. Колонияда шығарылатын өнімдердің бағасы нарықтағыдан төмен, бірақ бұны бәрі біле бермейді.

Облыстағы түзеу мекемелері жанында «Еңбек-Өскемен» кәсіпорны және 65 жеке кәсіпкер жұмыс істеуде, олар 1961 сотталғанды жұмыспен қамтып отыр. Түзеу мекемелерінде жаңа өндірістерді ашуға жарамды жалпы ауданы 8 мың шаршы метр бос орын бар.

Жиын қорытындысында мемлекеттік органдарға бизнес өкілдерін колонияларға тарту, сотталғандарды жұмыспен қамту, олардың өнімін өткізуге жәрдемдесу ұсынылды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса бермек.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button