Қоғам

Сотталғандар техникалық және кәсіптік білім алып жатыр

Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ОВ-156/2 мекемесіндегі сотталғандар техникалық және кәсіптік білім алып жатыр.

Мекеме «Сен қоғамға керексің!» атты қайта әлеуметтендіру жобасына өз үлесін қоса отырып, сотталғандардың  жазаны өтеу  орындарынан босатылғаннан кейінгі әртүрлі мамандық бойынша жұмысқа орналасуына үлкен септігін тигізуде.

– Мекеме әкімшілігі сотталғандарды мамандығы бойынша жұмысқа орналастыруды көздейді. Еңбек нарығының мониторингін ескере келе, сотталғандарға техникалық және кәсіптік білім беруді ұйымдастырудамыз. Биылғы оқу жылында 47 сотталған түзеу мекемесінде алты мамандық бойынша (Су құбырларын жөндеуші, темір өңдеуші, электр газымен дәнекерлеуші, кран машинисі, темір жонушы, құрылыс ағаш шебері)  білім алып жатыр, – дейді мекеме басшысы.

Оқу-білім беру процесіне алты өндірістік оқыту шебері, алты оқытушы, оқу-жұмысы жөніндегі орынбасары және кәсіптік-техникалық колледжінің директоры қатысады.

Сонымен қатар сотталғандар технология, өндірістік оқыту, материалтану, электротехника, еңбекті қорғау, нарықтық экономика негіздері, Қазақстан тарихы, кәсіби қазақ тілі, кәсіби шетел тілі, информатика, дене тәрбиесі, сызу, метрология, этика және психология сынды пәндерді оқиды.

Сотталғандар мекеменің өндіріс аумағында орналасқан «Еңбек-Өскемен 17»  жұмыс орындарында  тәжірибелік сабақтар өтеді. Онда электр цехы, автокөлік цехы, сондай-ақ металл және ағаш өңдеу цехтарында тәжірибелік білімдерін жетілдіреді.

– Осылайша сотталғандар бас бостандығынан айыру орындарында кәсіби мамандықтарға ие болады, бұл өз кезегінде тәрбие процесіне оң әсер етеді және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғаннан кейін қоғамда қолайлы бейімделуге ықпал етеді, – дейді мекеме басшысы.

Осы айдарда

Back to top button