Қоғам

Сот жүйесін ашық әрі қолжетімді етеді

Сот жүйесін ашық әрі қолжетімді етеді


Мемлекет басшысының мемлекеттің жаңа саяси бағытын айқындайтын «Қазақстан-2050» стратегиялық құжатында тәуелсіз, қуатты, дербес мәртебелі сот билігін орнықтырудың жаңа мақсаттары мен міндеттері айқындалған. Онда соттар мен судьяларды одан әрі мамандандыру, мамандандырылған соттардың жұмысын жандандыру, бұқара халықтың сот төрелігіне деген сенімін арттыру, жаңадан тағайындалған судьялардың біліктілігін көтеру, соттардың материалдық-техникалық базасын жаңарту, соттардың ашықтығы мен объективтілігін айқындайтын электронды ақпараттық-инновациялық жүйені және аталмыш бағытта сот қызметіне заманауи озық технологияларды енгізу секілді өзекті мәселелер қамтылған.

Сот органдарымен «Электронды сот төрелігін» іске асыру мен ақпараттандыру бойынша белсенді жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда азаматтар мен заңды тұлғалардың өз құқықтарын соттық қорғауды мейлінше ашық және қолжетімді іске асыруға мүмкіндік беретін жаңа ақпараттық-инновациялық технологиялар енгізілді.

Жаңа өзгерістер сот төрелігін іске асырудың барлық кезеңін қамтиды. Яғни, сотқа құжат тапсырудан, соттың шешімі мен атқару парағын қолына алған уақытқа дейінгі аралықта.

Қолданыстағы қызметтердің негізгі құралы ретінде «Сот кабинеті» ақпараттық қызметін атауға болады. «Сот кабинеті» электрондық жүйесі сот ісін жүргізуді жеңілдетуге, сот жүйесінің ашықтығын, қолжетімділігін қамтамасыз етуге және жедел жұмыс істеуіне бағытталған.

Ол арқылы кез келген қызмет қолданушысы барлық арыз түрлерін сотқа электронды түрде тапсыра алады. Цифрлық электронды қолтаңбасы бар ел азаматтары уақыттарын үнемдей отырып, кез келген уақытта интернет арқылы талап арыздарын, шағымдары мен наразылықтарын жолдай алады. Тұтынушы өзіне ыңғайлы уақытта сот құжатын қарап, істің тарихымен, деректермен танысып, сот актісін басып шығара алады.

Президенттің Ұлт жоспары – «100 нақты қадамының» 20-шы қадамында: «Барлық сот процестеріне бейне және таспаға жазу шараларын міндетті түрде енгізу қажет. Судьяның бейне жазуды тоқтатуға немесе аудио жазу материалдарын редакциялауға мүмкіндігі болмауы тиіс», – деп атап көрсетілген.
Облыстағы соттардың барлығы 100% сапалы дыбыс-бейне таспаға жазу құрылғыларымен жабдықталған. Бейнетаспаны монтаждау мен өзге әрекеттер жасауға жол берілмейді. Өйткені, сот процесі басталған уақытта бейнежазу құрылғысы іске қосылып, сот процесінің басталған және аяқталған уақыты толық көрініп тұрады. Бұл сот процестерінің белгіленген уақытта кешіктірілмей басталуына ықпал етіп, сот істерінің созылып кетуіне жол бермейді.

2018 жылдың бірінші тоқсанындағы өңірдегі соттарда бейнеконференция түрінде өткізілген сот отырыстарының саны 712, оның 650-і ҚАҚК мекемелерімен өткізілген. Барлығы 16 612 сот отырысы болып, 16 610 іс аудио,-бейне тіркеу құрылғысын қолдану арқылы қаралды, бұл 99,9 пайыз.

Қазіргі уақытта «Сот кабинеті» арқылы сотқа қатысқан тарап сот отырысының қағаз бетіне түсірілетін хаттамаларын алмастырған сот отырысының жазбасын тыңдап, қарап және электронды нұсқасын көшіріп те ала алады. Сот отырысының таспаға жазылуы ең бірінші кезекте сотқа қатысушы тараптарды тәртіпке шақырады және сот жүйесіндегі жемқорлыққа қарсы саясаттың бір тәсілі болып табылады. Мәселен, жалпы 9512 әкімшілік іс түссе, соның 9502-сі сот кабинеті сервисі арқылы өткен. Ал түскен 15 458 талап арыздың 15 457-сі сот кабинеті арқылы болды.

Интернетке қосылуға мүмкіндігі жоқ азаматтарға халыққа қызмет көрсету орталығында (ХҚКО) электронды бұрыштар ұйымдастырылған. Барлық келушілерге өкілетті операторлар «Сот кабинеті» сервисін қалай пайдалану керектігін түсіндіріп, қажетті құжаттарды электронды түрде жіберуге көмек береді.

Қазіргі уақытта «Сот кабинеті» бағдарламасының мобильдік қосымшасы жұмыс істеуде. Бұл сот жұмысының ашықтығы мен жариялылығын жетілдіре түседі.
Сервистердің тағы бір түрі ретінде сот отырыстарын қашықтықтан өткізу мүмкіндігін қарастыруға болады. Аталған қызмет халықтың шығынын азайтып, сот отырыстарын кейінге қалдырмай, шұғыл түрде қарауға мүмкіндік туғызады.

«Сот құжаттарымен танысу» сервисі ашықтық пен жылдамдықты қамтитын электронды сот құжаттарымен танысуға арналған. Яғни, сотқа талап арыз өткізген азамат қолма-қол құжаттың тіркелгендігін растайтын түбіртекті алады. Соңынан ұялы телефоны арқылы логин мен құпия сөз көрсетілген электронды хабарлама алып, сол ақпараттарды енгізу жолымен шығарылған сот актісімен таныса алады.

Сондай-ақ, сот істерін қарау кестесі, электронды шақыру қағазы секілді сервистер кез келген тұлғаның мобильді түрде ақпараттармен танысуына жәрдемдеседі.

Заманауи ақпараттық сервистерді қолдану сот кеңсесі қызметкерлерінің ғана емес, сотқа жүгінетін адамдардың да уақытын үнемдейді. Бұл заманауи электрондық қызмет сот төрелігінің ашықтығы мен қолжетімділігіне бағытталған, сондай-ақ қағазбастылықтан арылып, құқықтық қоғамның барлық мүшелеріне және бұқаралық ақпарат құралдарына соттардың қызметі туралы жедел ақпарат алуға мүмкіндік береді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Ерғали Айтпай,
Шығыс Қазақстан облысы бойынша
Соттар әкімшісінің басшысы

Осы айдарда

Back to top button