Сот сараптама институтына ғимарат қажет
Парламент Мәжілісінің депутаттары Василий Олейник пен Снежанна Имашева облыста сайлаушылармен, облыстық әділет департаментінің, өзге де құқық қорғау органдарының ұжымдарымен кездесулер өткізіп, жаңадан қабылданған заңдарды, заң жобалары бойынша атқарылған шаруаларды, негізгі нормативтік-құқықтық актілерге енгізілген өзгерістерді түсіндірді.
Депутаттар өңірге жасаған сапарлары аясында облыс орталығындағы сот сараптама институтының, жеке сот орындаушылар палатасының, облыстық нотариаттық палата мұрағатының жұмысымен танысып, оларды толғандырған мәселелерін, ұсыныстарын тыңдады. Сонымен бірге, облыстық әділет департаментінің акті залында департаменттің ұжымымен кездесу өткізді.
Еркін пікір алмасу форматында өткен кездесу барысында депутат Василий Олейник өткен жыл мен осы жылдың алғашқы жартысы қауырт жұмыстарға толы болғанын, барлық шаруа ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында атқарылғанын тілге тиек етті. Жалған кәсіпкерлікпен, экстремизмге және терроризмге қарсы күрес, жергілікті полиция қызметі, жеке сот орындаушылардың қызметі, прокуратура қызметі туралы заңдар қабылданғанын айтып, уақытша тіркеу, медициналық міндетті сақтандыру мәселесіне тоқталды.
Ал депутат Снежанна Имашева аймақтардағы, алыс аудандардағы сайлаушылармен өткен осындай кездесулерде тың мәселелер көтерілетінін айтып, бүгінде заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті заңды барынша сапалы шығаруға баса мән беріп отырғанын атады.
Жиында сот және сот-медицина сараптамасының, жеке сот орындаушылар институтының, адвокаттар қауымдастығының қызметіне қатысты сауалдар қойылды. Алыс аудандарда адвокаттардың жоқтығы, нотариустар мен адвокаттарға лицензия беру, олардың тұрғындарға сапалы қызмет көрсету мәселесі айтылды.
Мәселен, Шығыс Қазақстан облысы бойынша сот сараптамасы институты және сот медицинасы орталығының директоры Бақытгүл Жұманбаева сот процесінде сот сараптамасының маңыздылығын айта келе, эксперттердің штат саны жетіспейтіндігін және қазіргі сот сараптама дәрігерлерінің жалақысы аз екендігін қозғады.
Облыстық әділет департаментінің басшысы Ерлан Дауылбаев сот сараптама институтына қажетті ғимарат жөнінде облыстық әкімдікке тиісті хат жазылғанын, алайда мәселе әлі басы ашық күйінде тұрғанын атады. Жеке сот орындаушылардың аймақтық палатасының басшысы Дәурен Сәрсенбаев жеке сот орындаушыларды орталық аппаратта заңдық негізде сақтандыру, оларға қосымша төлемдер мен әлеуметтік пакеттер қарастыру мәселесін көтерді.
Василий Олейник көтерілген мәселелерді Әділет министрлігімен бірлесе отырып қарастыруға уәде етті.
*****
Сондай-ақ, Парламент Мәжілісінің депутаттары Василий Олейник және Снежанна Имашева облыстық прокуратураның ұжымымен кездесу өткізді. Халық қалаулылары прокуратура органдарының қызметкерлеріне заң шығару үдерісі, соңғы заң жобалары бойынша атқарған жұмыстары, сондай-ақ, негізгі нормативтік-құқықтық актілерге енгізілген өзгерістердің ерекшеліктері туралы баяндады.
Жиынға қатысқандар заң тәжірибесі бойынша сұрақтар қойып, заңнамаларды жетілдіру туралы бірқатар ұсыныстар айтты.
Дәурен Аллабергенұлы