«Сот кабинетіндегі» құжат қозғалысын қадағалап тұрыңыз

Статистикаға сүйенсек, облыстың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында «Сот кабинеті» сервисін негізінен адвокаттар жиі пайдаланады екен. Онда тіркелген әр екінші өтініш – талап-тілектер мен апелляциялық шағымдар.
Алайда жолданған құжаттар, олардың қаралу статусы немесе қарау барысы, соңғы жауаптың берілуі туралы ақпарат орналасқан «Ұсынылған құжаттар» бөлігі пайдаланушы азаматтардың назарынан тыс қалып жататын көрінеді.
Сол себепті, сот қызметкерлері өтінішіңіздің жеткеніне және тіркелгеніне көз жеткізу үшін «Ұсынылған құжаттар» бөлігіне назар аударуға кеңес береді.
– Сот кеңсесінің мамандары құжатты мынадай себептерге байланысты жиі кері қайтарады, олар – түскен құжаттың оқылмауы, бұрын жолданған құжаттың қайта жолдануы, теріс электронды сандық қолтаңбаның қойылуы, мекенжайдың дұрыс таңдалмауы, – деп түсіндіреді облыстың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз хатшысы Ақгүл Атудинова.
Сондықтан мамандар «Сот кабинеті» сервисі арқылы электронды құжаттарды сотқа берген соң «Ұсынылған құжаттар» бөлімінде өтініштер қозғалысын тексеріп тұруды еске салады.
Ержан Әбіш