Сорғы сынайтын станса

Өскеменде өндірістік сорғыларды сынақтан өткізетін станса пайда болды. Жоба авторы – «Силумин-Восток» компаниясы.
Жергілікті өндірушілер сорғыларды сертификаттау үшін Ресейге сабылатын. Енді оны Өскеменде-ақ сынақтап өткізіп, құжат жасатуға болады.
-Біз беретін паспорт Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің барлығында жарамды, – дейді компания директорының сауда мәселелері жөніндегі орынбасары Константин Паньшин. Ол мұндай стансаның Қазақстанда тұңғыш рет ашылып отырғанын айтады.
Стансаның жұмысы қарапайым. 2,5 мың текше метрлік құбырға сорғы жалғанады. Құбырдың ішіндегі суды қуаты 630 кВт токпен айдайды. Осы қысымға сорғы шыдас беріп, ақау шығармаса, іске жарамды деген сөз. Нысанның ашылуына келген меймандарға бұл істің қалай жүзеге асатыны қаз-қалпында көрсетілді. Ұжым үшін айтулы сәт саналатын бұл рәсімге Франциядан арнайы маман келіп қатысты. Жобаның сәтті жүзеге асуына Норберт Людвигтің де үлесі зор екен.
«Schneider Electric» компаниясының өкілі өздері ұсынған ATV6000 атты кернеу түрлендіргіш аппаратты таныстырды. Стансаның барлық жұмысы осы аппараттың басқаруымен жүзеге аспақ.
-Бұл қондырғы «Өндіріс 4,0» стандартына түгелдей сай. Мыңдаған сымдар арқылы өтетін энергияны сенсорлық экраннан бақылап, қашықтықтан басқаруға болады. Тіпті Мұхит асып кетсеңіз де интернет арқылы стансаның жұмысын реттей беруге болады, – дейді француз.
Бұл стансада мұнай өндірісінен басқа салада қолданылатын сорғылардың барлығын сынай беруге болады. Дегенмен, негізінен коммуналдық мақсат пен аграрлық салада қолданылатын сорғылар сыналады деп күтілуде.
Есжан Ботақара