Соны жобалар Аягөздің әлеуетін арттырды
Биыл Аягөз ауданында өңірдің Индустрияландыру картасы бойынша үш бірдей инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Жыл басында іске қосылған Аягөз локомотив жөндеу депосының вагондар люгінің қақпақтарын шығару өндірісінде қазір екі ауысыммен 53 адам жұмыс істеп келеді.
2013 жылдың алғашқы тоқсанында жаңа өндірісте 50 млн. теңгенің бір мыңнан астам қақпағы шығарылды. Аталмыш инвестициялық жоба елдегі вагон өндірушілерді өзіміздің отандық қосалқы бөлшектермен жабдықтауға мүмкіндік туғызып отыр.
Жыл соңында ауданда «Тасқара» ЖШС-нің «Тасқара алтын өндіру фабрикасы өндірісі» іске қосылмақ. Аудандық кәсіпкерлік бөлімі мамандары жобада белгіленген су құбыры, электр желісі жүйесін салу жұмыстарының толық аяқталғанын, қазір алтын өндіру фабрикасының жабдықтары жеткізіліп, құрастырылып жатқандығын айтады. Фабрикада 65 жаңа жұмыс орны ашылады.
Аягөздің экономикалық әлеуетін арттырар тағы бір жоба – «АВS» групп» ЖШС-нің кірпіш зауыты. Келер жылы іске қосылғалы отырған кірпіш зауытында 40 адам жұмысқа орналаспақ. Зауыт Аягөз қаласында салынып жатыр.
Аталмыш ауданда Индустрияландыру картасы аясында ауыл шаруашылығы саласы бойынша жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар да бар. 2011 жылы «ЖК Мұхамеджановтың» «500 тонналық картоп сақтау қоймасы құрылысы мен тамшылатып суаруды енгізу» жобасы жүзеге асырылған болатын.
Осыдан екі жыл бұрын басталған «Аягөз – Суырлы» АТК-ның «Киіз және киіз өнімдерін өндіру» жобасы алдағы жылы аяқталмақ. Жобалық құны 77,5 млн. теңгені құрап отырған жаңа өндірісте 18 адам жұмыспен қамтылмақ. Қазір жұмыстың 80 пайызы атқарылып біткен.
Сонымен қатар, келер жылы Аягөз ауданында республикалық Индустрияландыру картасына еніп отырған «Қазақмыс» корпорациясының «Ақтоғай ТКК құрылысы» жобасы аяқталып бітуі тиіс. Комбинат 2015 жылы толық қуатында жұмыс істеуге көшпек. 225 млрд. теңгеге салынып, іске қосылғалы отырған тау-кен комбинатында бір ауысым-да 1500 адам жұмыс істейтін болады.
Еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан инвестициялық жобалар отандық өнімді көбейтіп, салық түсімін арттырып, жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтамасыз етілуіне жол ашуда.