Қоғам

Солтүстік Қазақстанның мәдени күндері басталды

Солтүстік Қазақстанның мәдени күндері басталды

Солтүстік Қазақстан облысының Шығыстағы мәдени күндері Семей қаласынан бастау алды. Қала тұрғындары алғашқы күні-ақ екі бірдей қойылымды тамашалады.

Алыстан ат арылтып жеткен құрметті қонақтарды қасиетті Абай елі Семей жерінде қазақы жөн-жоралғымен қарсы алғаннан кейін барлығы атбасын бірден Абай атындағы облыстық театрға бұрды. Сөйтіп, негізгі жұмыстарына бірден кіріскен Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актерлері жазушы-драматург Хан Дэ Еннің бүлдіршіндерге арналған «Су патшасы» спектаклін ұсынды. Қиын жағдайға душар болып, соңында бақытты аяқталатын «Су патшасы» туралы ертегі семейлік кішкентай көрермендердің көңілінен шықты. Пьеса айналадағы адамдарға қайырымды, өзіңе-өзің адал болуға үйретеді екен.

Сонымен бірге, қоюшы-режиссер, Мәдениет қайраткері Б.Шамбетов пен А.Зағыпар «Елім-ай» шығармасының мотиві бойынша атақты тарихи тұлға Қожаберген жырау туралы «Дауылпаз баба – Қожаберген» спектаклін кешке қарай ересек көрермендердің назарына ұсынды. Пьесада қоғамдық-әлеуметтік мәселелер, қазақ хандығының сыртқы саяси күйі, хандар мен билер арасындағы қайшылықтар көрсетілген, олардың іс-қимылдары сыналған. Қоюшы-суретшісі Садыр Ниязакуновтың сахнаны мазмұнға сай көркемдегені көрініп тұр.

– Бұл қойылым сол кездегі заман қасіреті туралы ғана емес, Қожаберген жыраудың болмысы, таланты, ақындығы мен батырлығы, көсемдігі, көрегендігі туралы, – деді Мәдениет қайраткері, Сәбит Мұқанов атындағы театрдың директоры Біржан Жалғасбаев.- Сондықтан бүгінгі күнде осындай дана бабамыздың тарихтағы орны мен қайраткерлік тұлғасын кейінгі ұрпаққа насихат ету аса маңызды. Семейге келіп, театр шымылдығын осы қойылыммен ашып отырғандығымыздың да мәні осында. «Елім-ай» – шын мәнінде ұлттық сананың биік шыңы, ұлттың сергелдеңге душар болғандағы мұңы, болашаққа құлаш сілтеп, қайсар намысшыл қазақтың ұлт болмысын жаңғыртуға ұмтылысында қадай айтқан қайнар жыры мен сыры. «Елім-ай» — тарихи дастан.

Солтүстік Қазақстанның мәдени күндері басталды

– Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанындағы саяси ахуалға берген бағасы бүгінгі күнмен үндесіп жатқан тәрізді. Дауылпаз бабаның қолбасшы, ел тағдырын ойлаған реформатор, стратег-мемлекет қайраткері екендігі ұрпаққа аян, мен рөлді сомдағанда осыны басты бағытқа алдым, – дейді Қожаберген жырауды ойнаған актер Нұрбол Асқаров. – Замананың ұлы шежірешісі ретінде «Елім-ай» тарихи дастанында бір ғасырдың сырын, мұңын ашты: «Халқымның хал-жағдайын өлең етіп, Жырладым апат күннің шежіресін», —деп зар заманның бейнесін дәл көрсетіп сипаттаған. Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастаны – қиын-қыстау замандағы тарихи шындықты қалтқысыз бейнелеген теңдессіз жәдігер.
Әз Тәуке роліндегі Даурен Тойбазаров, Бөгенбай батыр – Әділжан Каримов, Сыбан Рабдан – Асылхан Разиев, Айша – Самал Ташимова сияқты жас актерлердің болашағы зор екендігі бірден байқалды.
Спектакль аяқталған кезде семейлік көрермендер бірден дүркірей қол соқты. Солтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасы мен Семей қалалық тілдерді дамыту және мәдениет бөлімінің бастығы, Абай атындағы обыстық театрдың басшылары сахна төріне шығып, жүрекжарды тілектерін айтып, спектакльден алған ерекше әсерлерімен бөлісті. Семейліктер қонақтарға Алғыс хат пен сый-сыяпат ұсынса, өз кезегінде қонақтар семейліктерге қонақкәде ретінде Солтүстік Қазақстан деп аталатын энциклопедияны тарту етті. Бұдан былай да екі облыстың мәдени байланысты нығая түсіп, өзара байланыстары жалғаса беретін болмақ.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button