Қоғам

Солтүстік Қазақстанның мәдени күндері қалай өтті?

Солтүстік Қазақстанның Шығыстағы мәдени күндері

Солтүстік Қазақстанның мәдени күндері қалай өтті?

Солтүстік Қазақстанның Шығыс Қазақстандағы күндері кеше өз жалғасын тапты. Айтулы күннің аясында қос облыстың әкімдері Даниал АХМЕТОВ пен Ерік СҰЛТАНОВ, сондай-ақ, екі жақтың мемлекеттік органдар қызметкерлері, бизнес өкілдері қатысқан алқалы жиын өтті. Екі облыстың әкімдері ықпалдастық меморандумына қол қойды.
Сонау солтүстіктен арнайы ат терлетіп келген мәртебелі меймандарды жылы қабылдап, лайықты құрмет көрсеткен аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ: – Өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы алға басқан шырайлы Шығыс жеріне қош келдіңіздер! Елбасының өңіраралық ынтымақтастықты нығайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес қолға алынған бұл бастама екі өңірдің де әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретін оңды қадам болатыны сөзсіз, – деп атай келе солтүстіктен келген қонақтарға алыс-берісті, барыс-келісті одан ары нығайта түсуге ниет білдіргендігі үшін ризашылық білдірді.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік СҰЛТАНОВ та құшақ жая қарсы алып, жылы қабақ танытқан шығысқазақстандық әріптестеріне алғысын жеткізді.
Жиында екі облыстың басқарма басшылары өңірлердің даму әлеуеті, қол жеткізген жетістіктері, басымдыққа ие салалар туралы қысқаша ақпарат берді.
Шығыс Қазақстан облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы М.Мүсәпірбековтің айтуынша, облыс экономикасындағы негізгі салаларының біріне саналатын өнеркәсіптің өңірлік жалпы өнімдегі үлесі 28,3 пайызды құрайды.
– Биылғы төрт айда өнеркәсіп кәсіпорындарымен 423,1 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Оның ішінде өнеркәсіп өнімінің басым үлесі (83%) өңдеуші кәсіпорындармен шығарылған. Қазіргі күні салада 543 кәсіпорын жұмыс істеп, 45,7 мың адам еңбек етуде, – деп нақты деректерді алға тартқан М.Мүсәпірбеков іске асырылып жатқан болашағы зор жобаларды тілге тиек етті.
Екі облыстың алпауыт кәсіпорындары арасындағы бұрыннан орныққан серіктестік байланыстарды айтпағанда, шағын және орта кәсіпкерліктің еншісіндегі тауарларды сатып алу, әртүрлі қызмет түрлерін көрсету бағытында да жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік мол. Бұл ретте өңірлік кәсіпкерлер палаталары барынша қолдау көрсетуге дайын. Соның арқасында тауарларды өткізу нарығы кеңейіп, бәсекелестік артады. Сәйкесінше, сапаға ерекше көңіл бөлінеді.
– Солтүстік Қазақстаннан келген делегаттар Өскемендегі Үлбі металлургиялық заутында болып, кәсіпорын жұмысымен жақын танысты. Сол кезде бір байқағанымыз, біздегі металлургиялық кешеннің шетелден сатып алып отырған көптеген заттары бүгінде Солтүстік Қазақстанда да шығарылады екен. Ең бастысы, сапасы шетелдік өнімнен бір мысқал кем емес. Мәселен, Петропавл ауыр машинақұрастыру зауытында аса күрделі технологиялық құрал – жылу алмастырғыш жабдықтар жасап шығарылады. Ал біз аталған жабдықты қымбатқа сырттан әкелеміз. Сондықтан болашақта осы тауарларды шетелден тасымай, өзіміздің солтүстік облыстан сатып алатын боламыз. Бұдан бөлек аталмыш машинақұрастыру зауыты шығаратын тау-кен саласына қажетті құрал-жабдықтар да біздің облыста сұранысқа ие, – деп нақтылады аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ.
Деректерге ден қойсақ, жыл сайын біздің облыстан Солтүстік Қазақстанға өнеркәсіп өнімінің 12 пайызы (3,5 млрд. теңгеден астам) шығарылады. Атап айтсақ, автокөліктер, ауыл шаруашылығы тракторлары, ет, құрылыс материалдары және тағы басқалар. Бұрыннан бері СҚО-ның «Қазнефтегазмаш» АҚ, «Блок» ЖШС, «Көп салалы қондырғылар зауыты» тәрізді өндіріс орындары Шығыс Қазақстанның «АрмСауда» ЖШС, «Format Mach Company» «КомТехСнаб», «ВостокПромГео» корпорацияларымен құрылыс және электр оқшаулау материалдарын жеткізу бойынша берік әріптестік байланыс орнатқан.
Ал білім беру саласында «Кәсіптік бағдар беру жұмысының Жол картасы» аясында облыстық колледждер маман дайындау, тәжірибе алмасу бағытында ықпалдасып әрекет етуде.
– Ең бірінші кезекте ішкі тауар айналымды күшейтуіміз керек. Яғни, отандық тауарлардың өзімізде сатылуын қамтамасыз етуге тиіспіз. Бүгінгі күні біз сіздердің облыстан ауыл шаруашылығы тракторларын, энергетикалық қондырғылар – трансформаторларды және басқа да ірілі-ұсақты тауарларды сатып алып отырмыз. Сонымен қатар, Шығыста майлы дақылдар өндірілетінін білеміз. Алдағы уақытта бүгінгі жасалған меморандумның арқасында біздің өңірдің нарығында шығысқазақстандық өнімдердің үлесі арта түседі деп ойлаймын. Қазіргі уақытта өңірлер арасындағы тауар айналымы 3,5 млрд. теңгені құрайтын болса, жақын болашақта бұл көрсеткіш одан ары жақсарта түспек.
Ең бастысы, екі облыстың ынтымақтастық байланысы тек өндіріс пен сауда-саттық бағытында ғана шектеліп қалмай, білім, мәдениет, өнер салаларында да тамырын тереңге жібереді. Соның бастамасы деп біздің облыстың орыс және қазақ театрларының Шығыс жұртшылығына арнайы ұсынған қойылымдарын айтуға болады, – деп түйді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік СҰЛТАНОВ.
Жиын соңында екі облыстың кәсіпорындары арасында ықпалдастық жөніндегі 10 меморандумға қол қойылды. Оның ішінде атап айтар болсақ, «Солтүстік ӘКК» мен «Өскемен май зауыты» ЖШС, «Радуга» ЖШС мен «Оптовый клуб» ФЖШС, «Радуга» ЖШС мен «Мэтро Кэш энд кэрри» ЖШС, «БН Петропавл арақ зауыты» ЖШС мен «Оптовый клуб» ФЖШС және басқа да серіктестіктер бар.

Жетпіс жылдық тарихы бар зауыттың жетістігімен танысты

Солтүстік Қазақстанның мәдени күндері қалай өтті?

Сонымен қатар, аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ пен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік СҰЛТАНОВ Үлбі металлургия зауытында болып, кәсіпорын мұражайымен және де тантал өндірісі технологиясымен танысты. «ҮМЗ» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Юрий Шахворостов теріскейден келген делегация мүшелеріне 70 жылға тақау тарихы бар зауыттың жетістіктері туралы айтып берді.
– Үлбі металлургия зауытының негізі 1949 жылы қаланған. Қазіргі кезде зауытымызда төрт жарым мыңнан астам адам жұмыс істейді. Біздің негізгі үш өндірісіміз бар. Олар: уран, бериллий, сондай-ақ, тантал мен ниобий өндірістері. Бүгін сіздерді тантал өндіру технологиясымен жақынырақ таныстырамыз, – деген Юрий Шахворостов қонақтарды зауыт цехтарына алып жүрді.
Айта кетер жайт, бүгінде «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ толық циклды тантал өндірісіне ие ТМД аумағындағы жалғыз кәсіпорын саналады. Тіптен, мұндай өндіріс орындары бүкіл әлемде саусақпен санарлықтай ғана деуге болады. Өндірісте қолданылатын бірегей технология тазалығы 99,97 пайыздық тантал өндіруге кепілдік береді.
– Біздің мамандар металл нарығының талаптарын ескере отырып, тантал өндірісінің инвестициялық даму бағдарламасын әзірледі. Бағдарлама бойынша тантал өндірісінің өнімдері сыртқы және ішкі рыноктар қажеттілігін қамтамасыз етіп қана қоймай, еліміздің экспорттық әлеуетін нығайтуға үлес қосатын болады. Бәсекеге қабілетті, сыйымдылығы жоғары конденсаторлық тантал ұнтақтарының және заманға сай конденсатор сымдарының, құйма, илек, сым, ұнтақ, лигатура түріндегі ниобий өнімдерінің үнемді өндірісін ұйымдастыру да көзделіп отыр, – деді өз сөзінде «ҮМЗ» АҚ басқарма төрағасы.
Өз кезегінде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік СҰЛТАНОВ кәсіпорын өнімдеріне қызығушылық танытып, «ҮМЗ» АҚ-мен әріптестік орнатуға мүдделі екенін білдірді.
Зауытқа сапары барысында екі аймақ басшысы арнайы ұйымдастырылған кәсіпорын өнімдерінің көрмесін де тамашалап қайтты.

Солтүстік Қазақстанның мәдени күндері қалай өтті?

Бұдан кейін аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ пен Солтүстік Қазақстан облысының делегациясы Өскемендегі «Эмиль» ЖШС-на ат басын тіреді. Мұнда қонақтар кәсіпорын жұмысшыларымен кездесіп, шығарылатын өнім түрлерімен танысты.
Серіктестік директоры Анна Никифорова-Аберленің айтуынша, 23 жылдық тарихы бар кәсіпорында бүгінде 500-ге таяу адам еңбек етуде.
– Кәсіпорынның аумағы сондай үлкен болмағанымен, бүгінгі таңда мұнда күніне 115 тонна сүт өңделеді. Фабрикамыз 70-тен астам өнім түрін шығарады. Десек те, біз мұнымен шектелмек емеспіз. Қазір өнімдеріміздің сапасын жақсарту мақсатында мамандарымызды жаңа технологиялармен жұмыс істеуге үйретудеміз, – деген А.Никифорова-Аберле дайын тауарларын еліміздің өзге аймақтарына, оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысына да шығаруға әзір екендіктерін айтты.
Ал әзірге «Эмиль» өнімдерін Шығыс Қазақстан облысы мен Алматы, Астана қалаларының ғана тұтынушылары біледі деуге болады. Мұны өңір басшысы Даниал АХМЕТОВ те ерекше назарға алып, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік СҰЛТАНОВТАН өскемендік кәсіпорын өнімдерін теріскей жұртына да жеткізуге септесуін сұрады.
– Мен өзімнің немерелеріме қолдан балмұздақ жасаймын. Сондықтан бұл істің қыр-сырын білемін деуге болады. Дегенмен, «Эмильдің» балмұздағына жетпейтінін мойындауға тиіспін. Жалпы, мұндай балмұздақтар қазірде кемде-кем, дәмі тіл үйіреді. Сондықтан солтүстіктегі отандастарымыздың да «Эмильдің» өнімдерін тұтынғанын қалар едім, – деді облыс әкімі.
Айта кетер жайт, бүгінде «Эмиль» серіктестігі сүтті негізінен жергілікті шаруа қожалықтарынан сатып алуда. Дегенмен, Анна Никифорова-Аберленің айтуынша, шикізат көлемінің әлі де жетіспеушілігіне байланысты кәсіпорын облысымыздың өзге аудандарының сүт өндірушілерімен әріптестік байланыс орнатуға да мүдделі көрінеді.
Қазіргі кезде «Эмильдің» филиалдары Өскеменнен бөлек Семей мен Зырян қалаларында да бар екенін айтқан абзал.
Сонымен қатар, қос облыстың басшылары Даниал АХМЕТОВ пен Ерік СҰЛТАНОВ бастаған делегаттар Өскемен қаласының шетіндегі жаңадан салынып жатқан 600 басқа арналған заманауи тауарлы-сүт фермасының құрылысын көрді.

Солтүстік Қазақстанның мәдени күндері қалай өтті?

Глубокое ауданының Бобровка ауылында орналасқан «Шығыс-Сүт» корпорациясына қарасты «Бобровка+» ЖШС-нің фермасында болып, роботтың көмегімен күтіліп, сауылатын еліміздегі толық автоматтандырылған тұңғыш кешеннің жұмысымен танысты.

Қызылжарлықтар құнды жәдігерлерімен қызықтырды

Солтүстік Қазақстанның мәдени күндері қалай өтті?

Өңірімізде 6 маусымнан бері Солтүстік Қазақстан облысының мәдени күндері өтіп жатқаны белгілі. Кеше Өскемендегі облыстық драма театрда Қызылжар өңірі өнерпаздарының гала-концерті өтті. Оған қос облыстың басшысы Даниал АХМЕТОВ пен Ерік СҰЛТАНОВ қатысты.

Солтүстік Қазақстанның мәдени күндері қалай өтті?

Әйгілі Ахаң мен Жақаңның елінен келген өнерпаздардан сүбелі дүние күткен Алтай елі театрға межелі мезгілден бұрын «ат байлады». Жиналған жұрт ең әуелі театр фойесінен тұрақ тапқан Солтүстік Қазақстан облысының 80 жылдығына арналған «Жер жанаты – Қызылжар» атты құжаттар мен фотосуреттер көрмесін тамашалады.
Биыл солтүстік Қазақстан облысының құрылғанына 80 жыл толып отыр. Осыған байланысты ұйымдастырылған көрме Қызылжар өңірінің өткені мен бүгінінен сыр шертеді. Айталық, Жәнібек пен Керейден бастап Абылай ханға дейінгі таққа отырған хандарды ретімен көрсеткен шежірелі кестеден тартып, Тәуелсіздіктің ақ таңымен тербелген соңғы 25 жылдағы аталмыш өңірдің тыныс-тіршілігі баяндалады. Көрменің бір шетінде өңірдің құрылу тарихы, соғыс жылдардағы сүреңсіз көріністері суреттеледі. Көкпшіліктің назарын ерекше аударған тағы бір құнды жәдігер – ежелгі Ботай ескерткішінің макеті болды.
Ботай қонысын 1980 жылдары солтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы ашқан. Біздің заманымызға дейінгі 4-3 ғасырлардың еншісіне жататын бұл қоныс 15 гектар аумақты алып, қазірге дейін 80-нен астам тұрғын үйі болғаны анықталған. Сонымен қатар сол дәуірдің өркениетінен сыр шертетін көптеген тұрмыстық бұйымдар табылған. Сол жәдігерлер екі облыстың арасында болған мәдени байланыстың арқасында алғаш рет Алтай жұртына көрсетіліп отыр.
Көрменің тағы бір шетінен «Тәуелсіздік туын биік көтерген – Абылай хан» тақырыбындағы мұралар мен ақпараттарға орын берілген. Қытай мен орыс империясының қыспағына дес бермей, хандығын ұзақ жыл бойы сақтап тұрған айбынды Абылай ханнан сыр сабақтайтын бұл көрме де көрген жанның көз мейірін қандырып, көңіліне қуаныш ұялатады һәм жас ұрпаққа өшпес өнеге ұқтырады.
Көпшіліктің көзайымына айналған тарихи мұралардың ортасынан Солтүстік Қазақстан облысының бүгінгі таңдағы экономикалық әл-ауқатынан, мәдени-рухани тыныс-тіршілігінен ой түйгізетін нақты ақпараттар да орын алыпты. Мысалы, қызылжарлықтардың сүт өндірісі бойынша елімізде бірінші орында екенін көрерменнің көбі осы көрмеден ұқты.

Солтүстік Қазақстанның мәдени күндері қалай өтті?

Қонақтардың құнды жәдігерінен рухани ләззәт алған жұрт концерт залына бет бұрды.
Ұлы Абай мен Мұхтардың, сұлу сөздің сүлейі Оралханның рухына тағзым етіп, Алтай елімен амандасқан қызылжарлықтар әсем әннен шашу шашты.

Солтүстік Қазақстанның мәдени күндері қалай өтті?

Кеш шымылдығын Қазақстанның мәдениет қайраткері Қайырлы Ғафуров жетекшілік ететін Сегіз сері атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі Түркештің «Көңіл ашар» күйімен түрді.

Солтүстік Қазақстанның мәдени күндері қалай өтті?

Солтүстік Қазақстанның мәдени күндері қалай өтті?

Бұдан кейін облыстық филармонияның «Туған жер», «Әдемі-ау» сынды қазақ би ансамбльдерімен, «Азия Саунд» вокал-аспаптық ансамблі, «Әлқисса» фольклорлық ансамбльдері өрелі өнер көрсетті.

Қонақтар кітапхананы да аралады

Солтүстіктен келген қонақтар Өскемендегі Пушкин атындағы облыстық кітапханаға да бас сұғып, оның тыныс-тіршілігімен танысуға да уақыт тапты.
Кітапхана залдарын аралап, экскурсия жасаған қонақтардың алған әсерлері өте мол.
– Кітапханадан көп жаңалықты байқадым. Әсіресе, балалар секторының жұмысы мені қатты қызықтырды. Сондай-ақ, әртүрлі жастағы оқырмандардың уақытын тиімді пайдалануы үшін де жайлы жағдай жасалыпты, дейді СҚО мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының қызметкері Ғалия Қазенова.
– Өскемендегі Пушкин атындағы бұл кітапхананы нағыз ХХІ ғасырдың кітапханасы деуге болады екен. Мұндағы қызметкерлердің барлығы өз ісін керемет сүйетініне, шығармашылықпен жұмыс істейтініне көз жеткіздім, – дейді теріскейлік тағы бір қонақ Эльмира Мұқышева.
– Қазақта «мың рет естігенше, бір рет көрген артық» деген сөз бар. Өр Алтайдың төріндегі Өскеменнің өркен жайып келе жатқанын көріп, көңіліміз өсіп қалды. Шынында да, бұл қаланы Қазақстанның мақтанышы деуге болады. Жаңадан салынған театр ғимараты қандай керемет! Кітапханаларыңызда да оқырман үшін барлық жағдай жасалыпты, – дейді Сәбит Мұқанов атындағы СҚО музыкалық-драма театрының директоры Ержан Жалғасбаев.

Серік Әбілхан, Нұржан Кенжеұлы, Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button