Солақайдың солтүстіктегі сойқаны

Әріптесіміз, қазақтың солақай серісі Серік Құсанбаев Қызылжарда өткен республикалық айтыста топ жарып, Ұлыстың ұлы тойын өткізгелі отырған Шығыс жұртына қуаныш сыйлады.
Бұл шын мәнінде Шығыс жұртының ғана емес, айтыс сүйер қазақтың, қала берді абыройы шау тартып бара жатқан қазақ айтысының мерейі болатын.
Өз кезінде айтыстың ақбоз арғымағынан түспеген Ерік Асқаровтың 60 жылдығына орай солтүстіктегі ел алты алашқа сауын айтып, Асқаровтың көзі тірісінде сөз майданында бірге болған сапарластары мен бүгінгі айтыстың ай мүйіз серкелерін шақырған болатын. Бұл қатарда кім жоқ дейсің, Жетісудің жел жетпес жүйрігі Айтақын Бұлғақов пен Қаныша Райысова, көкшетаулық Құдайберлі Мырзабеков, Сыр сүлейлерінің сарқыты Кенжебай Жүсіпов, Әбілқайыр Сыздықов, Сарыарқаның сандал кері Аманжол Әлтаев пен «сары тентек» аталған Қуаныш Мақсұтов, түркістандық Маржан Есжанова, Алтайдың ақтаңгері Абаш Кәкенов бастаған көнекөздердің қатарында бүгінгі буынның Бекарыс Шойбеков, Айбек Қалиев, Серікзат Дүйсенғазин, Ринат Зайтов, Мұхтар Ниязов бастаған алапат өкілдері бар. Жалпы саны 22 ақын қатысқан бұл айтысқа Әселхан Қалыбекова, Әсия Беркенова, Қонысбай Әбілов, Баянғали Әлімжанов сынды халық ақындары мен Дәулеткерей Кәпұлы, Ақберен Елгезек, Бауыржан Қарағызұлы қатарлы ақындар төрелік еткен.
Секең бұл айтысқа ұзақ дайындалды. Басындағы жарнамасы ретро айтыс делінгенімен, айтыс жарнамасы шыққанда соңғы буынның сойқан өкілдерінің де бар екені белгілі болды. Бұл айтыс әлемінен он-он бес жылға алыстап кеткен кез келген ардагер ақынға оңай дүние емес еді. Өткен ғасырдың соңғы он жылында айтыстың көшін бастаған Секең одан кейінде ара-тұра топ жарып жүрді. Бірнеше жыл бұрын облыс көлеміндегі айтыстардың да бас жүлдесін еншілеп еді. Бірақ республикалық аламанда топ жармағанына 15 жылға жуықтапты. Сондықтан да өзімен талай сынақты бірге өткізген рухтас ағасының атындағы асқа дайындалмау өнерге деген қиянат болатын.

Айтысқа шақырту алған ақын таңбозынан қара домбырасын бебеулетіп жүрді. Соңғы жылдары өзгешерек айтып жүрген «әгигагой» әуенін алғашқы ырғаққа өзгерткелі біздің де құлақ елеңдеп қалатын. Ортамыздағы жалғыз қабырға Секеңнің шабытты шағын кейде тоса алмай қалатын. Секеңнің бұлай дайындалатын келесі бір себебі жалпы Қызылжарда өткен айтыстан қанжығасы құр қайтып көрмепті. Бұған дейінгі айтыс жолында екі мәрте бас жүлдесін еншілеген. Бұл тегін жағдай емес. Әр ақынның тынысын ашатын ел, өзгеше аура болады. Демек Қызылжар жері солақай серінің шабытына шабыт қосар қасиетті өңірлер қатарында.
Қош, сонымен өткен аптаның соңында ақ тілегімізді айтып аттандырып жіберіп, ел болып елеңдеп жолына қарадық та отырдық. Айтыс жексенбі күні түс әлетінде басталды. Сол жақтағы тамыр-таныстарымызға айтыстың қалай өтіп жатқаны туралы сәт сайын сұрау салумен болдық. Үмітіміз, Секеңнің ішкі дайындығында.
Әне, әлеуметтік желі арқылы әр сөзінің салмағы әлдекімдердің артын солқ еткізердей ауыр, қап түбінде жатса да, баяғы алмас жүзін тот баса қоймаған солақай сойқанның сөздері алдаспандай жарқылдап жатыр. Ондай сөздерін жазуға біздің жүрек те дауаламас, десе де, ешкімге зияны жоқ, бірақ елді толқытқан мына бір жолдарын назарларыңызға ұсынайық.
…Ерағамның барында,
Екі тарлан бөрі едім,
Қай ақыннан кем едім,
Бар ақынмен тең едім.
Уа, Ераға, Ераға,
Тығырыққа тірелсем
Ақыл айтып, жөн сілтер,
Исатай басшым сен едің.
Соңыңнан ерген солақай,
Махамбет інің мен едім.
…Алпыс жылдық тойыңда,
Жоқтау емес өзіңе,
Арнау айтсам деп едім… деп толғағанда Еріктің көзін көрген жұрт елжірей қол соқты. Секеңнің бұл шабысына қарсыласы болған Кенжебай ақын қаншалықты ілескенін білмейміз. Бір білеріміз, бізді үзік-үзік ақпаратпен қамтамасыз етіп отырған ақын, солтүстік өңірдегі әріптесіміз Күлайхан Рахметқызы «Ардагер ақындардың ішінде Маржан мен Серік ағаның, Айтақын ағаның шабысы жақсы екен. Баяғы арындарынан жаңылмапты» деген сөзі көңілге көп медеу болған. Бірақ «Серік ағаға қазылар қатарындағы екі жігіт тоғыз балл қойды, екінші айналымға өту-өтпеуі белгісіз» деген сөзі көңілді тағы пәс қылып тастады. Осы тұста «мына бағаларың әділетсіз ғой» деп «сары тентек» аталған Қуаныш ақынның қазылар алқасына жүгіріп баруы көп жағдайды аңғартса керек. Бұдан кейінгі байланыс бізден де үзіліп кеткен. Бірер сағаттан кейін әлеуметтік желіні Серік ағаның бас жүлде алғаны туралы ақпарат кернеп, тіпті фейсбук желісін «жарып» жіберді. Шындықтың туын кірлетпей көтеріп келе жатқан алдаспан ақынның шынайы жанкүйерлерінің көбі тірі екен. Тымақтарын аспанға атып, лайкті қарша боратты.

Сөйтсек, екінші айналымдағы айтыс тіпті қызыққа толы болыпты. Ақырғы айналымдағы алты ақынның қатарына жаңағы кем ұпайдың кесірінен өтпей қалған Секең «алғашқы көрген қиянатым емес қой» деп жиналып жатқанда айтысып отырған ақын інісі Ринат халықтың алдында Секеңе жол беріп, айтысты әрі қарай жалғауға мүмкіндік сыйлапты. Мұндайды күтпеген Ринаттың қарсыласы да көкшетаулық Құдайберлі Мырзабековке жол беріпті. Ширығып тұрған Секең баяғы әдетімен шалқұйрықтың шабысына салған ғой. Қазылар алқасы ең жоғары ұпаймен екі миллиондық бас жүлдені Секеңнің қолына ұстатыпты. Бірінші орын түркістандық Маржан Есжанованың қанжығасында, екінші орынды Аманжол Әлтаев, үшінші орынды Бекарыс Шойбеков пен Мұхтар Ниязов еншілепті.
Ал Секеңмен айтысып ынталандыру жүлдеге қол жеткізген Құдайберлі Мырзабеков айтыс жайлы ойын әлеуметтік желіде былай түйіндепті.
– Жақсы бас қосу, ғибратты айтыс болды. Біраз жұрттың назары дүниеден адами құндылыққа бұрылды. Бұл Ерік Асқаровтың тұлғалық қасиеттерінің тамыр жайған тереңдігі мен азаматтық өрісінің аясын көрсетті. Ел ішінде әр қилы әңгімеге айналып бара жатқан айтыстың абыройы артты, – депті.
Шынында, бас жүлде алған Секеңнің өнеріне сүйіне отырып, өзінің екі миллион теңгеден таяқ тастам жерде тұрғанына қарамай, мінездес ағасына жол берген Ринаттың ерлігіне де сүйінуіміз керек секілді. Інілік ілтипатын жоғалтпаған ақынның бұл ісі біраз адамға ой салары белгілі.
Ал айтыстың қара нары Жүрсін Ерман жүлде тапсырар сәтте «Солтүстікке келіп сойқан салған солақай серіні ортаға шақырайық» депті. Ал біз екінші тынысы ашылған әріптес ағамызға осы мақаламыз арқылы құтты болсын айтамыз.
Мұратхан Кенжеханұлы