Қоғам

Сол жағалау қаланың даму алаңына айналады

Сол жағалау қаланың даму алаңына айналады
Әкімдер есебі

Кеше Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжановтың есептік кездесуі Оралхан Бөкей атындағы №44 орта мектепте өтіп, оған Жібек маталар комбинаты ықшамауданы, Жыланды, Күленов ауылдары және қаланың сол жағалаудағы бөлігінің тұрғындары қатысты.
Қала әкімінің айтуынша, өткен жылы облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өзгерістер байқалды. Қалада өнеркәсіп өндірісі 8 пайызға өсіп, 624 млрд. теңгені құрады. Оның ішінде өңдеуші өнеркәсіп үлесі – 9 пайыз. Инвестиция көлемі 6 пайызға ұлғайып, қалаға 104 млрд. теңге қаржы құйылды. Ауыл шаруашылығындағы ішкі өнім көлемі 14 пайызға өсті. Сондай-ақ, бюджетке 120 млрд. теңге салық түсімі түсті.
Баға саясатын тұрақтандыру мақсатында қалада әр сенбі сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылып, фермерлердің өз өнімдерін сатуы үшін 19 сауда нүктесі іске қосылды. Жалпы сомасы 243 млрд. теңге болатын 16 ірі индустриялық жоба жүзеге асырылуда.
Қала әкімінің баяндамасынан соң тұрғындар көкейдегі мәселелерін жеткізді. Мәселен, қала тұрғыны Виктор Григорьев Комсомол көшесі бойындағы №23 және 25 үйлердің жолдары қашан жасалатынын және №15-17 үйлердің қасындағы жолдардың өте тар екенін жеткізді. Қала әкімі облыстық және қалалық мәслихат депутаттарымен бірге өткен жылы 15 қараша – 1 желтоқсан аралығында жергілікті өзін-өзі басқару комитеттерінің есебі өткізіліп, онда осы мәселе көтерілгенін, жұмыс жоспарына енгізілгенін, биыл шешімін табатынын атап өтті.
Ал зейнеткер Людмила Филипова сол жағалауда орталық жылу жүйесі қашан іске қосылатынын сұрады. Т.Қасымжановтың айтуына сүйенсек, қазіргі кезде жобалау-сметалық құжаттар әзірленіп, сараптамадан өтуде. Оған «Айтас групп» компаниясының жетекшісі Серік Толықбаев қаржылай демеу көрсеткен.
– Сол жағалауды да Үлбі, Аблакетка елдімекендері сияқты жасаймыз. Бұл – аз қаржы емес. Қала бюджеті көтермейді. Сондықтан, құжаттар бірінші жартыжылдықта дайын болса, республикалық бюджетке ұсынылады. Бұл мәселелерді келер жылға дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді қала басшысы.
Тұрғындар «КШТ» атанған аудандағы мектептерде соңғы кезде оқушылар тығыз екендігін, жас ата-аналар балабақша мен емханада кезектің көп екендігін жеткізді.
Қала әкімі Жібек маталар комбинаты ықшамауданына халықтың көп қоныстанып жатқанын, оған аудандардан көшіп келген ішкі урбанизацияның да әсер етіп отырғанын айтты. Мектеп проблемасын шешу үшін алдағы уақытта бір мың орынға арналған мектеп және 2 балабақша салынатынын атап өтті.
– Биыл қаладағы спорт нысандары, театр құрылысы аяқталады. Оның жанында Назарбаев зияткерлік мектебі салынады, – деді қала басшысы.
Қала әкімі ЖМК ықшамауданы әрі қарай дами беретінін, тұрғын үй, коммуналдық және мәдени құрылыстардың басым бөлігі сол жағалауда салынатынын жеткізді. Бұл ретте Ертіс өзеніндегі көпірден бастап, заманауи құрылыстар қазір де жүргізілуде. Аталған аумақтың орналасу жағдайы, көлік қатынасы тұрғындарға да ыңғайлы болып отыр.
– Әрине, Жібек маталар комбинаты ықшамауданы – қаламыздың тез дамып келе жатқан аудандарының бірі. Сол жағалау, Жыландының жағдайымен де таныспын. Биыл қала шетіндегі елді мекендерді дамытуға күш саламыз. Өйткені, қаланың 96 пайызы жылумен, сумен қамтамасыз етілген. Ал қала сыртында 13-15 мың халық тұрады. Оларға назар аударуымыз керек, – деді Т.Қасымжанов.
Кездесуде сондай-ақ, тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату, өңдеу өндірісін құру, энергия қуатын үнемдеу іс-шаралары, қала сыртына қатынайтын автобус бағыттарының жүру кестесін тұрғындарға ыңғайлы бекіту, Ертіс өзенінің жағасын көріктендіру сынды мәселелер сөз болды.

Думан Анаш

Осы айдарда

Back to top button