Қоғам

Сол жағалауда жаңа тұрғын аудан салынады

Облыс орталығының Сол жағалауында «Нұрлы жол» деп аталатын жаңа тұрғын аудан бой көтермек. Сол аумақта ауқымды «Агромаркет» те пайда болады. Сонымен қатар 19-шы тұрғын аудандағы екі гектар бос аумаққа жаңадан саябақ салынып, тұрғын үй құрылысы, жолдарды кеңейту, аулалық аумақтарды абаттандыру жұмыстары жалғасады.

Бұл жөнінде Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омардың қаланың Сол жағалау бөлігінің тұрғындарымен есепті кездесуінде айтылды.

№46 мектепте өткен кездесуге ЖМК, 19-шы, 20-шы тұрғын аудан, Үлбі кенті мен Жыланды ауылының тұрғындары қатысты. Есепті кездесу басталмас бұрын Өскемен қалалық әкімдігінің барлық бөлім басшылары тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап,  оларды толғандырған сауалдарға жауап берді. Ал қала әкімі өткен жылы атқарылған жұмыстарды және биыл алда тұрған міндеттерді жылдағы дәстүр бойынша залдағы үлкен экраннан слайдтар арқылы түсінікті тілмен жан-жақты баяндады.

– Есепті кезеңде 26 көпқабатты үйдің құрылысын аяқтадық, 1911 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізді. Мына 28-шағын ауданда 54 жер үйді «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салып біттік. Енді оның жолын, суын, жарығын тартамыз, биыл сонша отбасы қоныстанатын болады. Түрлі бағдарламалар бойынша 425 жалдамалы пәтерді тапсырдық. Өздеріңіз жақсы білесіздер, ауданда әлеуметтік бағыттағы құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Былтыр ғана мың орындық, мемлекеттік тілде білім беретін №48 мектепті аштық. Ана мен бала орталығының екі жүз орындық жаңа ғимараты іске қосылды. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында бірнеше балабақшаның құрылысы жүргізіліп жатыр, биыл іске қосылады. Бұдан бөлек, ауданда Сәтпаев даңғылының бойында «Нұрлы жол» деп аталатын жаңа тұрғын ауданның құрылысы басталды, алғашқы бес үй бітуге тақау. Бұл жерде тағы тоғыз үйдің құрылысы жүріп жатыр. Ағымдағы жылы бұл жерде он бес көпқабатты үйдің құрылысын жалғастырамыз, бұл дегеніміз – 1426 пәтер. Алда тағы жеті үй салуға байқау жүргізіп жатырмыз. Бұл жерде жиыны 48 тұрғын үй түседі, тұрғындарға барлық қолайлы жағдай жасалады, – деген қала әкімі былтыр көпбалалы аналарға 56 пәтер берілгендігін атап өтті.

Соның ішінде жиырма екі көпбалалы ана жұмысқа алынып, артынша қызметтік пәтерге ие болған. Тағы бес баспананы демеушілер алып берген. Бұлардың көбісінің тұрмыстық жағдайы бұған дейін өте ауыр болғанын айтады қала басшысы. Алдағы уақытта қалада кезекте тұрған 343 көпбалалы отбасы да біртіндеп өз баспаналарына қол жеткізбек. Биылғы бірінші тоқсанның өзінде бұл санатқа жүз пәтер кілті тапсырылмақ.

Сонымен бірге, қала әкімі қалалық ипподромның аумағында «Агромаркет» деп аталатын көтерме-бөлшек сауда орталығы орталығы ашылатынын мәлім етті. Оның құрылысы алдағы екі жыл ішінде жүргізілмек. Жақсылық Омар бұдан бөлек қаланың Сол жағалау аумағында кеңейтілген Сәтпаев даңғылына, Жібек жолы көшесіне, көлік инфрақұрылымын дамыту жайына да тоқталды.

Есепті кездесу барысында тұрғындар тарапынан қойылған сауалдар  да мол болды. Мәселен, ЖМК ауданындағы №44 мектептің алдында жерүсті өткелі салынса, Күленов кентінің Фестивальная көшесіндегі 130-шы үйден ары Үлбі кентіне дейін көшелік жарықтандыру тартылса, осы көшеге асфальт төселсе, Сәтпаев даңғылы 8 және 17/2 мекен жайларындағы үйлердің аулаларына балалар алаңы салынса, сол аудандағы бүгінде қоқыс алаңына айналып бара жатқан жекеменшік бос құрылыс орнын ретке келтірсе, Үлбі кентінінің көшелеріне жарық тартылып, асфальт төселсе, қалтарыста жатқан Левый берег ауылына көңіл бөлінсе, Жастар көшесі, 39 мекенжайындағы көпқабатты үйдің жиі сынатын лифтісі жөнделсе, №45 мектептің жанындағы былтыр жасалған балалар алаңының құрылысы толық аяқталса, қалада тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін кәсіпорын салынса, аулалардағы эко-контейнерлер дұрыс пайдаланылса деген өтініштер айтылды.

Сондай-ақ 20-шы тұрғын аудан тұрғындары былтыр тамыз айында болады деген ауызсу әлі де келмей жатқанын айтты. Қала әкімі ауданға су жеткізу мердігердің кінәсінен кешігіп жатқанын, биыл толық шешілетінін жеткізді.

Ал қаланың Сол жағалау бөлігі тұрғындарының, аға буын ардагерлердің атынан сөз алған Өскемен қаласының Құрметті азаматы, қоғам белсендісі Серік Оразбайұлы бастаған тұрғындар қала әкімінің өткен жыл көлемінде атқарған жұмысын жоғары бағалады.

Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омардың тұрғындармен есепті кездесуі мұнан соң Ахмер, Менавное ауылдарында, облыс орталығының орталық тұрғын аудандарының халқы жиналған Оқушылар сарайында, Достық үйі – қоғамдық келісім орталығы ғимаратында өтті. Сондай-ақ қала басшысы Өскеменнің Согра,  Жаңа Согра кентінің тұрғындары алдында сол жақтағы № 23 орта мектепте есеп бермек.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button