Қоғам

Сөзі де, көзі де мерген

Бұған дейін жырдан жаттап өскен «садақ толы сайгез оқты» қорамсаққа салып жүрер жастардың қатары көбейіп келеді. Соның бір дәлелі күні кеше қаламды «қаруға» алмастырған тілшілер қауымы бір сәт садақ атып сайысты. Өскеменде өткен садақ ату сайысын Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалы ұйымдастырды.

Наурыз мейрамы қарсаңында өткен сайысқа жиналған журналистердің қарасы көп, белсенділігі жоғары. Соңғы кезде садақ ату спорты дамып келе жатқандығынан болар садақтарын асынып, қорамсағына жебесін толтырып келгендер көп болды. Сайысқа 50-ге жуық журналист қатысып, ұлттық спортты ұлықтап қайтты.

Тілшілер қауымының түгелдей дерлік ұлттық киіммен келгендігі де көңілге қуаныш сыйлады. Тек облыс орталығының емес, алыс аудандардан да садақ асынған сөзмергендер келіпті. Арысы Абай облысынан, берісі Катонқарағай, Самар, Ұлан аудандарынан келіп, сайыста бақ сынап қайтты. Садақшылар сайысы ардагер журналист, көп жыл облыстық «Дидар» газетінің бас редакторы болған Уәлихан Тоқпатаев ақсақалдың батасымен басталды.

– Бабаларымыз ақ білектің күшімен садақ тартып, жаугершілік заманда ұлан-ғайыр атырапты кейінгі ұрпағына аманат етіп қалдырып кетті. Ендігі тілеріміз сол, ел аман болсын. Бұл жебені бұрындары ел мен жерді жаудан қорғау үшін қолданса, бүгінде көшпенділер ойынында тек сәнге тартып жүрейік. Әр журналистің өзінің асқақ арманы болады. Елдің жоғын жоқтап, мәселесіне үңіледі. Сол арман жолында ойлағандарыңыз әркез орындала берсін, – деді ардагер журналист Уәлихан Тоқпатаев.

Садақшылар қыздар және ұлдар болып жеке-жеке бақ сынады. Әуелі іріктеу кезеңін өткізді. Ал іріктеуден өткен сегіз журналист жекпе-жекте жолықты. Қызығы сол, ең жоғары ұпай жинаған қатысушы мен ең төмен ұпай алғандар өзара сайысқа түсті.

– Журналистер арасында сайыстың кез келген түрін өткізе беруге болады. Десе де ойлана келе садақ ату сайысын өткізуді жөн деп шештік. Осылай ұлттық спортты ұлықтап, Наурыз мейрамын мерекелік көңіл күйде қарсы алуды мақсат еттік. Мен әуелгіде журналистер көп жинала қоймас деп ойлап едім. Міне, тілшілер қауымы белсенділік танытып, ұлттық спортқа деген қызығушылық жоғары екендігін көрсетті. Жеңімпаз атанған мергендерге демеушілердің қолдауымен ақшалай сыйлық табыстап, мойнына медаль тақтық. Бұл шара алдағы уақытта тағы да жалғасын табатын болады, – деді «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Мерей Қайнарұлы.

Осылайша нысанадан мүлт кетпеген «Aitai-News медиа орталығының» тілшісі Ынтымақ Толқын үздік сұрмерген атанды. Ал жүлделі ІІ орынды «Aitai-News медиа орталығының» бас редакторы Серік Әбілхан еншіледі. Үздік үштікке Абай облысы, Көкпекті аудандық «Жұлдыз» газетінің директор-редакторы Дархан Бердібек табан тіреді.

Қыздар арасында облыстық «Менің өлкем» газетінің тілшісі Дидар Ерболатқызы топ жарса, жүлделі екінші орын «Aitai-News медиа орталығының» фототілшісі Аяужан Утеулиноваға бұйырды. Үшінші орынды «Менің өлкем» газетінің тілшісі Қымбат Мұхамадиева қанжығаға байлады.

Сондай-ақ екі арнайы жүлденің бірі «Азаттық радиосының» Шығыстағы тілшісі Тасқын Болатұлына табысталса, енді бірі «Altai» телеарнасының тілшісі Гүлдана Айдарқызына бұйырды. Ал үздік образ аталымы бойынша «Altai-News медиа орталығының» қызметкері Анель Абзалбекова мен белгілі журналист Дарын Нұрсапар марапатталды.

Осылайша, журналистер қауымы наурыз мейрамын мерекелік көңіл күйде қарсы алды.

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button