Қоғам

СОЧИДЕГІ СӘТСІЗДІК

  СОЧИДЕГІ СӘТСІЗДІКОлимпиададан кейінгі ой

Оңдасын Елубай,
Қазақстанның құрметті спорт қайраткері

Айтар жоқ, Қара теңіз жағасында мамыражай тірлік кешіп жатқан курортты қала Сочидегі қысқы Ақ Олимпиада ойындарының тарих беттерінде алтын әріптермен жазылып қалатыны сөзсіз. Әсіресе, орыс рухы асқақтаған дүбірлі додада ежелден көрші Ресей мемлекеті 88 мемлекет арасында топ жарады дегенге ешкім сенбес еді. Алайда, Олимпиада ойындарының соңғы екі-үш күнінде орыстар ерлік пен өжеттіктің, намысты жанып, рухы асқақтағанның өнегесін көрсете білді. Шаңғышылар мен биатлоншылар алтын мен күмісті уыстап ала бастады. Тіпті шаңғышылар Легков пен Вылегжанин мұның алдында Әлем кубогы жолындағы кезеңдерде біздің Полторанинның шаңын қауып, артта қала берсе, Сочиде алтын мен күмісті омырауына тақты. Тағы бір шаңғышы жігіті қоланы қанағат тұтты. Бұған дейін 15 шақырымда классикалық жарыста 9-шы орынды қанағат тұтқан Алексей Полторанин спринттік жарыста Чеботькомен жұптасып жүгіруде де әрең дегенде сегіздікке табан тіреді.

Полтораниннен медаль күтіп едік

Полтораниннен медаль күткеніміз шындық. Тіпті, шетелдік басылымдар мен сарапшылар да Қазақстан Сочи Олимпидасында кем дегенде төрт-бес медаль алады деп жарыса мақтап жатты. «Арық айтып, семіз» шығуды көздеген қазақ елінің спорт басшылары екі медаль алсақ тақиямызға тар келмес деп әліптің артын көздеді. Денис Теннің жалғыз қоласы болмағанда елге не бетімізбен барамыз деген сөзді естіген кезде, біздің де жігеріміз мұқалып, жанарымызбен жер шұқылағанымыз шындық.
14-ші ақпан күні таңғы сағат 11-де тайлы-тұяғымызбен Қап тауының бір жарым мың метрлік биіктікте қоныс тепкен Лаура спорттық кешеніне келдік. Келдік деп айтуға жеңіл, шынында биатлон мен шаңғыдан, фристайлдан, тау шаңғысы мен шана спортынан өтіп жатқан спорт кешендеріне жету оңай емес. Сочиден Адлерге дейін автобус немесе электричкамен бір сағаттай жол жүресіз, Адлерден тау шыңына көтеретін аспалы жолға дейін тағы 40-50 минөт алтын уақытың кетеді, ар жағында кезек күтіп әрең дегенде шың басына шығасыз. Әрі қарай 5-7 градус жылылықты көрсетіп тұрған Қап тауының жасанды қарын басып-жаншып жарыстар өтетін жерге шаршап-шалдығып жетесіз.
Полторанинге тілеулес болып келгендер қиқулатып тұрмыз. Репродуктордың қуатты дауысы құлақты жарғандай. Кезек Алексейге келгенде диктор Полторанинді ерекше қолпаштап, бірінші орын үшін тартыс біздің жерлесіміз бен Дарья Колонья, Петер Нортук, сосын ресейлік Вылегжанин мен Легковтың арасында өтетіні жайында хабарлап жатты. Алексей бастапқы кезде тамаша жүгіргенімен біраздан кейін болдырып қалды. Ақыры 9-шы орынды қаңағат тұтты. Амал бар ма, жігеріміз құм болды. Лаура кешенінен Денис Тен өнер көрсететін Олимпиада қалашығындағы Айсберг мұз айдынына барып, жерлесіміздің жеңісін тамашаладық.
Әуел баста Кенді Алтай саңлақтары Алексей мен фристайлшы Юлия Галышева, Дмитрий Рейхардтан медаль күттік. Себебі Әлем кубогы кезеңдерінде аты аталған спортшылар тамаша өнер көрсетіп, бүкіл қазақстандықтарды қуанышқа бөлеп келді. Әсіресе, А.Полторанинге ерекше қамқорлық жасалды. «Буран» шаңғысы, бірнеше көмекші бөлінді. Шетелдерге сапарға шығуға қомақты қаржы берілді. Өкінішке қарай, Алексей үмітті ақтамады. Бізбен бірге Сочиге жанкүйер болып барған Алексейдің ата-анасы қатты күйзелді.
– Баламның бабы келіспеді деуге болмас. Оған Қазақстанның спорт басшылары барлық жағдайды жасады. Алексейдің бұл – үшінші Олимпиадасы. Сондықтан қалай дегенде де Ақ Олимпиаданың бір медалын алу үшін жанын салды. Бір өкініштісі, жасанды қарда жүгіре алмады, шаңғыны майлау кезінде де кемшілік кетті. Оның үстіне Әлем кубогы кезеңдерінде қатты шаршап қалды ма деген ой мазалайды. Алайда, өткенге өкінгенмен не пайда. Ұлым қазір – 26 жаста. Келесі Олимпиадада намысты қолдан бермес,–деп Алексейдің әкесі Юрий Полторанин шындықты жайып салды.
Наурыздың басында Риддер қаласында шаңғы спортынан облыс біріншілігі өтті. Оған Алексей жанкүйер ретінде қатысты. Оңаша бір сәтте Алексейді сөзге тартып, Сочидегі сәтсіздік себебін сұрағанымызда, былай деді.
– Жерлестірімнің алдында ұятқа қалғанымды сезінген кезде кеудемді намыс оты қысады. Сочиге жақсы әзірлікпен келдім. Қалай дегенде де бір медаль алуға мүмкіндігім болды. 15 шақырымдық классикалық қашықтық менің оң жамбасыма келеді. 14-ші ақпанда күн қатты ысыды. Лаура шаңғы-биатлон кешенінде жарыс 14.00-де басталды. Мен 51-ші болып жүгірдім. Бұл кезде тау басындағы ауа райы +7 градустан асты. Бірінші кемшілік шаңғыны майлау кезінде сәтсіздікке жол беріп алдық. Күшім бар, бірақ шаңғы нашар жылжыды. Оның үстіне нағыз қар мен жасанды қар қосылған кезде одан бөлінген әртүрлі химикаттар шаңғының жылдамдығын тежейтініне көз жеткіздім. Негізінен алғанда мен аязда, қатты қарда жүгіргенді ұнатамын. Ал мұнда таяққа күш салып жүгірген кезде еріп жатқан қарға таяғың бойлап кетеді де жылдамдық тежеледі. Ал Скандинавия елінің шаңғышылары мұндайға әбден төселіп алған, таяққа күш салмай, кәдімгідей жүгіреді. Техника жағынан да кемшілік кетті. Өткенге өкіне берген жараспас, қазірден бастап Оңтүстік Кореяда өтетін Қысқа Олимпиадаға әзірлікті бастаймын. Жақын арада Әлем кубогы жарыстарына қатысу ойда бар,–деді Алексей.

Галышеваға төрешілер қиянат жасады

Фристайлдан жарыстар «Роза хутор» экстрим-паркінде өтті. Қазақстанда фристайл спорты Кенді Алтайда жақсы дамып келеді. Сочидегі Олимпиадаға Шығыстан бес бірдей фристайлшысы жолдама алғаны белгілі. Олардың ішінде Юлия Галышева мен Дмитрий Рейхардтан медаль күттік. Амал бар ма, мұның алдында фристайлдың Отаны деп саналатын Канада мен Америкада Әлем кубогы жарысында Юлия екінші орынды иеленген. Юлияның шеберлігі шыңдалған, трамплиннен алға қарай секірген кезде оның өнеріне бас иетіндер баршылық. Қорыққандары емес пе, төрешілер жерлесімізге көпе-көрнеу қиянат жасады, оны ақтық финалға жібермей, жетінші орынға сырғытып жіберді. Сөйтіп, қолда тұрған бір медальдан айырылып қалдық. Айтар жоқ, Д.Рейхард та тамаша өнер көрсетті, оның да бір медальды алатыны сөзсіз еді. Оның бесінші орны тамаша көрсеткіш.
– Спортшылар шаршады. Оларды бірнеше күнге Молдива аралдарына оқу-жаттығуға, демалуға жібереміз. Галышева, басқа да саңлақтар жаттығуларын бастайды. Үлкен спорттан кетеміз дегендер жоқ. Алдағы уақытта облыс саңлақтары қызығы көп қысқы спортты дамытып, ел намысын қолдан бермес деген ойдамыз,–дейді Шығыс Қазақстан облыстық қысқы спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Серік Халелов.
Қысқы спортты дамыту үшін не істеу керек? Өңір басшысы Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ бастамасымен барлық аудандар мен қалаларда жасанды мұз айдындары салынды. Тек өткен жылы 106 футбол алаңы, бір Өскеменнің өзінде үш бірдей үлкен спорт кешені пайдалануға берілді. Риддер қаласындағы дарынды балаларға арналған спорт-интернатында қазір 150-ге тарта балалар қысқы спорт түрлері бойынша тәлім-тәрбие алуда. Атақты спортшылар А.Полторанин, Д.Рейхард, Е.Коломина, Е.Ахмадиев, тағы басқалар кезінде осында қанат қаққан. Демек, Риддердегі спорт мектебіне қамқорлық керек. Жаз маусымында шаңғышылар роликпен сырғанайды. Арнайы алаңды жабдықтауға қаржы бөліп, шалғай аудандардағы талапты қазақ балаларын осында баулыса, талай дарындардың бағы ашылар еді. Сочиде шаңғыдан жастар арасында екі дүркін Әлем чемпионы атанған Қалихан Ноғамбаевпен бірге «Норвегия» бес жұлдызды круиз кемесінде берге тұрып, жарыстарға бірге барып жүрдік. Сол кезде Қалиханның былай дегені бар.
– Қазақстанда қысқы спорттың кенжелеп қалғаны рас. Канада мен Америка, Еуропа елдерінің спортшыларына қараңызшы. Олардың шеберлігі мен біліктілігі бізден оқ бойы алда. Спортшыларға адам ағзасына қажетті дәрумендер жеткілікті беріледі, үлкен жарыстан оралған соң оларды қалпына келтіру жұмыстары кешенді түрде жүргізіледі. Спорт базалары керемет, қысы-жазы жұмыс істеп тұрады. Ал біз мына тұрған еліміздегі жалғыз (Риддерде) спорт-интернатына қажетті көмекті жасай алмаудамыз. Егер Риддердегі мектепке Еуропаның білікті мамандарын шақырып, жастарды тәрбиелесек, нәтиже күтуге болар еді. Бір ғана мысал. Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын ауыр атлетикадағы жағдай қалай еді? Түркиядан білікті бапкер Энвер Түркелери келген соң, Қазақ елінің ауыр атлеттері әлемді аузына қаратып, Олимпиада ойындарында алтынды уыстап ала бастады. Демек, қысқы спортта есеміз кетіп жүргені рас, оны алға шығару үшін ізденіс қажет,–деді Қалихан Ноғамбаев.

Өскемен-Сочи-Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button