Сочи Олимпиадасына Шығыстан қанша спортшы қатысады?
Әне-міне дегенше әлем жұрты көз тігіп отырған Сочи Олимпиадасы басталады. Қырымның атырабын қиқуға бөлейтін айтулы аламанда Қазақ елінің көк байрағының астында отыздан астам спортшы өнер көрсетеді. Мұның жартысына жуығы – Шығыс Қазақстанның мақтаныштары.
Ақ Олимпиадада ел намысын қорғайтын, қорғап қана қоймай жүлделі орындардан көрінеді деп үміт артқан саңлақтарымыздың ішінде белгілі шаңғышы Алексей Полторанин, фристайлшы Юлия Галышева, сноубордшы Валерия Цойларды атап айтуға болады.
Осы орайда біз Олимп шыңын бағындыруға үмітті Шығыстың жарық жұлдызы Алексей Полторанинді, оның спорттағы жеңісті жолын оқырманға кеңірек таныстыра кетуді жөн көрдік.
Алексей Юрьевич Полторанин 1987 жылы 29 сәуірде Риддер қаласында дүниеге келген. Шаңғы спортынан еліміздің еңбегі сіңген спорт шебері, 2013 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері.
«Риддер қаласының құрметті азаматы» Алексей Полторанин жасөспірім кезінде-ақ халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын қорғаған. 2004 жылы Норвегияда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде эстафеталық жүгіруде чемпион атанған ол 2005 жылы Хакасси кубогы жолындағы бәсекеде тағы да жеңіс тұғырының ең биігіне көтерілді. 2007 жылы Тарвизиода өткен әлем чемпионатында 10 шақырымды еркін әдіспен жүгіруде күміс медальды еншіледі.
Жастар құрамасы сапында 2008 жылы Маллес-Веноста және 2009 жылы Пра-де-Листе екінші орындарды иеленген.
Ол бұған дейін екі рет ақ Олимпиадада: 2006 жылы Туринде және 2010 жылы Ванкуверде еліміздің намысын қорғаған. Алғашқы Олимпиадада ол 15 шақырымдық қашықтыққа классикалық әдіспен жүгіріп, 39-шы орыннан көрінсе, Канада топырағында өткен дүбірлі жарыста үш бірдей қашықтықта бағын сынап, жақсы нәтижесімен көзге түскен. Атап айтсақ, 15 шақырымда еркін әдіспен жүгіруде 14-ші көрсеткішке ие болса, жекелей және командалық спринтте бесінші нәтижеге қол жеткізді.
Сонымен қатар, Алексей төрт бірдей Әлем чемпионатында бәйгеге түсті. Мәселен, Жапония, Чехия, Норвегия және жақында Италия мемлекеттерінде байрағы желбіреген біріншіліктерде өз деңгейінде өнер көрсетті. Әсіресе, былтырғы Италияның Валь-ди-Фьемм қаласында жасындай жарқылдағаны жұрттың әлі есінде. Сол бәсекеде жерлесіміз жекелей спринттің ширек финалында (іріктеу кезеңінде) мәре сызығын екінші болып кесіп өткен, алайда жартылай финалда қолындағы таяғының сынып қалуына байланысты уақытты жоғалтып, ақтық сайысқа қатысу мүмкіндігінен айырылған.
Есесіне, командалық спринтте командалас досы Николай Чеботкомен бірге ақтық сынға дейін жеткен. Финалда біздің жігіттер табандылық танытып, бүкіл жарыс бойы көш басында келе жатып мәреге таяғанда Ресей мен Швеция шаңғышыларын ілгері жіберіп алып, қола медальды қанағат тұтты.
Сондай-ақ, осы Әлем чемпионатында 50 шақырымды классикалық әдіспен жүгіруде Алексей тағы да қола жүлдені еншіледі.
Елішілік сайыстарды былай қойғанда, Алексейдің Азиада ойындарында олжалаған жүлделері қаншама.
2007 жылы Қытайдың Чанчун қаласында болған ақ Азиадада күміспен күптелсе, 2011 жылы еліміздің қос шаһары – Астана мен Алматыда дүркіреп өткен Сарықұрлық бәсекесінде ол алтын медальдың төртеуін және бір қола жүлдені иеленді.
Бұған дейін аса танылмай жүрген риддерлік шаңғышы Әлем кубогы деп аталатын мәртебелі жарыстарда да шеберлігімен мүйізі қарағайдай спорт мамандарын мойындатты. Ол өзінің алғашқы жеңісіне Швейцарияның Давос қаласында 2010 жылы өткен Әлем кубогында қол жеткізді. Жарыстың екінші кезеңінде 15 шақырымға жүгірген ол нағыз сенсация жасап, бірінші орынға табан тіреді. Айта кетуіміз керек, шаңғыдан мұндай жеңіске ең соңғы рет 12 жыл бұрын жеткен екенбіз. 1998 жылдан бері алынбай келген қамалды Алексей бұзды.
Сол сияқты жерлесіміз Финляндияның Куссамо қаласында өткен Әлем кубогының екінші кезеңінде күміс және Роглда (Словения) қола жүлделерді жеңіп алды.
2012-2013 жылдар маусымында Қазақстан құрамасының көшбасшысы Елливар (Швеция) қаласындағы Әлем кубогының бірінші кезеңінде 15 шақырымдық қашықтықта екінші нәтиже көрсетті. Сонымен қатар, ол осы маусымда жалпы есептің көшбасына жайғасты.
Мәртебелі саналатын Тур де Ски көпкүндігінде Алексей Полторанин екі классикалық кезеңде олжа салды. Ла Клюзде және Давоста өткен Әлем кубогының кезеңдерінде алдына қара салмады. Финляндияның Лахти және Норвегияның Драммен қалаларында күміс медальды қанағат тұтты.
Алексейдің айтқаны:
– Сочидегі жер жағдайы менің оң жамбасыма келеді, қарым-қабілетімді толық пайдалануға мүмкіндік береді. Теңіз деңгейінен 1500 метр биікте орналасуы қиындау, әрине, бірақ шаңғы жолының бедері өзім үйренген трассаларға өте ұқсайды. Бұл мен үшін қолайлы классикалық әдіспен жүгіруде және командалық спринтте басымдық береді.
Мамандар не дейді?
Владимир Смирнов, Олимпиада чемпионы:
– Алексей Полторанин – біздің Сочидегі басты үмітіміз. Бұған дейінгі өткен әлемдік деңгейдегі жарыстарда оның көрсеткен нәтижелері осылай деп айтуыма негіз бола алады. Алексей қазір нағыз бабында, көптеген бәсекелерге қатысып, мол тәжірибе жинады, шеберлігін шыңдады. 15 шақырымға классикалық әдіспен жүгіруде және командалық спринтте Алексей өзін көрсетуі тиіс. Оның бойында шыдамдылық, жылдамдық, ең бастысы, жеңіске деген жігер бар. Осы қасиеттер шаңғышыны Олимп шыңына жетелейді деген ойдамын.
Біздің анықтама
Қысқы Олимпиада ойындарының тарихында қазақстандық спортшылар барлығы алты медаль жеңіп алған. 1994 жылы В.Смирнов бір алтын және екі күміс, 1998 жылы Наганода бір қола жүлделерді иеленді.
Сондай-ақ, 1998 жылғы Олимпиадада коньки спортынан Л.Прокашева қола медальмен марапатталған. 2002 және 2006 жылдарда өткен ойындарда, өкінішке қарай, біздің спортшылар жүлдегер атанған жоқ. Тек 2010 жылы Ванкуверде күміс жүлдені Е.Хрусталева олжалаған.
Cерік Әбілхан