Қоғам

Снайпер болуды бала кезден армандайтын

Снайпер болуды бала кезден армандайтын

Әскери киімдегі қыз иен даладағы оқ ату алаңына қарай адымдай басып бара жатып кілт тоқтады да, иығындағы снайперін қолына алып, жер бауырлай жата қалды. Қаруын оқтап жіберіп қозы көш жердегі нысананы көздеді. Желдің соққан бағыты, өзінің демалысы, ара қашықтық бәрі есептеулі. Шүріппені жаймен басып қалғаны сол еді, ұшқан оқ нысананың дәл ортасын ойып түсірді.

Көздеген жеріне қорғасын оқты дәл қадаған мерген қыз кіші сержант Динара Рысбекова еді. Ол Семей қаласындағы №44736 әскери бөлімінде снайпер болып қызмет етеді. Әскери киім киіп, погон тағу Динараның бала күнгі арманы болатын. Әлия Молдағұловадай мерген болсам деп ойлайтын. Фильмдердегі снайпер қыздарға еліктейтін. Армандады, алдына шынайы мақсат қойды. Табанды еңбегінің, талабының арқасында ойлағанына жетті.
Көкпекті ауылындағы Шайжүнісов атындағы орта мектепте оқыған Динара дене шынықтыру, алғашқы әскери дайындық сынды пәндерге ерекше ынтамен қатысатын. Ол – үйдегі үш баланың ішіндегі тұңғышы. Сіңлісі Зәуре геологиялық барлау колледжінің үшінші курс студенті. Ал бауыры Адай 10-сыныпта оқиды. Бала кезден іні-қарындастарына қамқор болып өскен Динара өзіне ғана сенді. Өзі оқуға түсті. Мектепте жүргенде кезінде алыс қашықтыққа жүгіруден алдына жан салмайтын ол волейболды да тамаша ойнады. Оқушы кезінен бастап гимнастикамен айналысты. Бос уақытында тирда оқ атып, мергендігін сынайтын. Құралайды көзге атқан мерген болары сол кезде-ақ белгілі еді. Ал анасы Гүлбақыт Ахметқызы кәсіпкерлікпен айналысады. Бала тәрбиесіне көп көңіл бөлгендіктен де ізетті, инабатты, ибалы қыздары өсіп келеді. Кенже ұлы Адай анасының қолғанаты.

Мергендігіне таңғалған

Снайпер болуды бала кезден армандайтын

Динара Семейдегі политехникалық колледжге түскеннен кейін гимнастика жарыстарына қатысып, үнемі жүлделі орындардан көрініп жүрді. Төрт жыл оқып, оператор- бағдарламашы мамандығын алғаннан кейін ол Роллан есімді жігітпен тұрмыс құрады. Бүгінде олар – ұл мен қыз тәрбиелеп отырған бақытты отбасы. Бірыңғай ұлттық зейнетақы қорында жетекші маман болып қызмет істейтін жары Роллан Рысбеков әйелінің әскери салада қызмет ететінін мақтан тұтады.
– Әйел адамға әскери киім жарасып тұрады. Оның үстіне әйел заты әр іске жауапты, тиянақты болғандықтан әскери жұмыс оларға тән. Менің ойымша, снайпер болу кез келген қыз баланың қолынан келе бермейді, – дейді Динараның күйеуі Роллан.
Динара декреттік демалыстан кейін құжаттарын жинастырып, әскери қызметке баруды ұйғарады. Ол үшін біраз дайындалып, спортпен де шұғылданды. Әскери қызметке кірмес бұрын бірнеше мәрте әртүрлі сынақтардан, медициналық тексерулерден өтті. Армандаған қызметіне орналасу ол үшін оңай бола қойған жоқ. Бірақ барлық талаптарға сай келген Динараны әскер басшылығы көп ұзамай жұмысқа алады. Динара Рысбекова 2014 жылдың маусым айында Отан алдындағы антын қабылдайды. Әскер сапына жаңадан кірген ол алғаш қолына АК-74 қаруын алып, нысанаға оқ атып көреді. Мергендігіне таңғалған офицерлер кіші сержант Д.Рысбековаға снайпер қызметін ұсынады. Содан бері жүктелген міндетті асқан жауапкершілікпен орындап келеді.

Елбасының қабылдауында болды

Снайпер болуды бала кезден армандайтын

Күнделікті таңертең сапқа тұрудан басталатын жұмысы әртүрлі қиын жаттығулармен жалғасын тауып жатады. Ер жігіттердің кейбіреуі шыдас бере бермейтін әскери өмір нәзік жанды әйел заты үшін оңай емес. Қыстың қақаған аязында, боран-шашынында айдалада әскери қабілетіңді, күш-жігеріңді сынау, оған төзу кез келгеннің қолынан келе бермесі шындық. Жаздың аптап ыстығы, сіркіреп жауған жаңбыры ашық аспан астында жүрген адам үшін оңай емес. Әскери қызмет әр сарбаздың мойнына үлкен жауапкершілікті жүктейді. Соны абыроймен атқарып жүрген кіші сержант Динара Рысбекова нысанаға оқ атуда өте жақсы көрсеткіштер көрсетіп жүр.
– Желдің бағытын бағамдап барып, демді сыртқа жібергенде ғана шүріппені асықпай басу керек. Нысанаға дөп тигізу әркімнің көруіне, қабілетіне байланысты. Бірақ оқтың ұшу траекториясына ауа райы да әсер етеді, – дейді снайпер қыз Динара 100 метрдей жердегі нысананы нұсқап.
Мерген қыздың айтуынша, нысананың түр-түрі болады. Солардың ішінде жылжымалы нысанаға дөп тигізу қиын көрінеді. Алайда, Динара Рысбекова қозғалыстағы нысананы атуда да мүлт кете қоймайды. Алған бетінен қайтпайтын қайсар қыздың ендігі алдына қойған мақсаты – офицерлік шен алу. Әрине, «Генерал болуды армандамайтын солдат, солдат емес». Мансап емес, мақсат қуып жүрген Динараның бұл арманы да орындалар.
Нәзік жанды снайпер сондай-ақ, аңға шығып мергендігін бір байқап көрсем дейді. Ол үшін де үлкен дайындық қажет.
Динара Рысбекованың осыған дейінгі ерекше еңбегі ескеріліп, Қазақстандағы атақты әйелдермен бірге Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ қабылдауында болды. Президент оларды Халықаралық әйелдер күніне орай құттықтап, естелік сыйлықтар табыс етті. Өз кезегінде Динара да Елбасына өзін таныстырып, алғысын айтты.
– Тәуелсіз еліміздің тыныштығын қорғау мақсатында әскер сапында еңбек етіп жүргеніме мақтанамын. Бұл мен үшін – зор абырой. Ал еліміздің айрандай ұйыған береке-бірлігі, тыныштығы өзіңіздің салиқалы саясатыңыздың арқасында, – деді кіші сержант Динара Рысбекова.
Ел тыныштығын ойлап жүрген патриот қыз Динара Рысбекованың еңбегі сіңлілеріне үлгі боларлықтай.

Керек дерек

Снайпер – арнайы дайындалған сарбаз. Олар көздеген нысананы бір оқпен құлатуы керек. «Снайпер» сөзі бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында алғаш ағылшындарда пайда болған. «Кішкентай жылдам ұшатын құс» деген мағынаны білдіреді.

Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button