Қоғам

Смартфоныңызға «Мобильді ХҚО-ны» жүктеп алыңыз

Ержан ӘБІШ

 Енді электронды цифрлық қолтаңба алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына барудың қажеті жоқ. «Мобильді ХҚО» қосымшасында ХҚО операторымен бейнеқоңырау арқылы байланысып, ЭЦҚ-ға үйден шықпай-ақ тапсырыс беруге болады.

Бұған дейін компьютері жоқ тұрғындар ЭЦҚ алу үшін ХҚО-ға баруы тиіс болатын. Халық өтінішіне құлақ асқан «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы жеке және заңды тұлғалар үшін «Мобильді ХҚО» қосымшасында ЭЦҚ алу мүмкіндігін енгізді. Ол үшін қосымшаға кіріп «бейне қызмет» батырмасын басу керек. Оператордың қосылуын күтесіз, ол жеке куәлік пен СМС арқылы келген кодты сұрап, өтінім қабылдайды.

– Жыл басынан 4 миллионнан астам азамат қызмет алу үшін ХҚО-ға жүгінді. Олардың 30 пайыздайы ЭЦҚ алған. Сондықтан ХҚО-ға баруды қажет етпейтін қызмет көрсетудің ыңғайлы амалын ойластырдық. Қазір «Мобильді ХҚО» арқылы 38 қызмет алуға болады. Тізім әлі толығады, – дейді корпорацияның басқарма төрағасы Сүйеніш Әбділдин.

Сондай-ақ, аталған қосымшада жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттың телнұсқасын, жылжымайтын мүлік нысандары техпаспортының телнұсқасын беру, бала тууына және бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем тағайындау, жерлеуге арналған бірреттік төлем тағайындау, көпбалалы отбасына жәрдемақы тағайындау, тұрғын үй көмегін тағайындау секілді көп сұралатын қызметтер де бар. Қандас мәртебесін беру не ұзарту қызметін де алуға болады.

Ақылы қызметтерге тапсырыс беру кезінде төлем шоты банктер қосымшаларына келеді. Клиент бейнеқоңырау арқылы қызмет алу барысында баж салығын бірден төлей алады. Сонымен қатар қосымша арқылы ХҚО-ға баруды алдын ала броньдауға, электронды кезек талонын алуға, жақын ХҚО мекенжайын көруге болады. Қосымшадағы қызметтерді көбейту ХҚО-ға келушілер санын азайтпақ.

Бүгінге дейін 68 мыңға жуық азамат смартфондарына «Мобильді ХҚО» орнатқан.

Осы айдарда

Back to top button