Қоғам

Сұлулықты қолдан жасап береді

Сұлулықты қолдан жасап береді


Бүгінде көптеген қыз-келіншектер аптаның бір күнін міндетті түрде сұлулық салондарына арнайды. Шаштың түсі мен ұзындығы, қас пен кірпіктің қалыпты жағдайда болуы, киім киюдегі стиль — кез келген бойжеткен мен келіншектің айнасы. Бұрындары бұл үшін арнайы қалаға бару керек болса, бүгінде Үржар ауданының орталығында дәл осы қызметтерді ала алатын болдық.

Олай дейтініміз, жақында аудан орталығында «Асыл-ай» сұлулық студиясы ашылды. Оны жас ару Асыл Жұмагелді ашты. Ол 2011 жылы Алматыдағы «Сымбат» сән академиясына оқуға түсіп, 2015 жылы косметолог-визажист мамандығын бітіріп шыққан. Сонымен бірге, шашты сәндеу ісін де үйренген.

Асыл оқуын бітіргеннен кейін Алматыдағы сұлулық салондарында еңбек жолын бастап, кейіннен туған ауылына қайтып оралды. Бүгінде ол өзінің еңбекқорлығының арқасында сұлулық студиясын ашып алды. Мұнда жас визажист оннан астам қызмет түрлерін көрсетеді. Атап айтсақ, қасты түзету және бояу, тырнақ әрлеу яғни, маникюр, педикюр жасау, кірпік өсіру, шашты сәндеу, қынамен нақыштау, түрлі оюлар салу (мехенди) және косметикамен макияж (мейк-ап) жасауды меңгерген. Сондай-ақ, Асыл жеткіншектерге аквагримді де салады. Яғни, кейінгі кезде трендке айналған балалардың беттеріне әдемі суреттер салуы.

Студия іші қазiргi заман талабына сай жабдықталған, кең, әрi жарық. Қажетті құралдардың барлығына арнайы тапсырыс беріп, өзінің қаражатына сатып алған. Көрсететін қызметтердің бағасы да қолжетімді. Әңгіме барысында Асыл өзінің болашақ жоспарларымен бөлісті.

– Кез-келген қыз-келіншек жылдың қай мезгілі болмасын, қандай жерде жүрмесін, әрдайым әдемі болып көрінгісі келеді. Сол үшін де қазіргі қыз-келіншектердің көбісі татуаж жасатуға құмар болып отыр. Перманентті сәндену — әйел затының өзіне сенімді, бояуы өшіп қалмас үшін жасалады, – дейді жас вижазист.

Перманентті макияж – адам терісіне ұзақ уақытқа жасалған әдеміліктің бір түрі. Себебі, уақыт алға жылжыған сайын косметологияның жетістіктері де қарыштап дамып келеді. Қазіргі қыз-келіншектерге «қиылған қасым мен оймақтай ернім жоқ» деп уайымдап отыратын заман емес. Сіз сән салонына барып, қасыңызға, ерніңізге, қабағыңызға өзіңізге ұнайтын қалаған пішіндегі үлгіні жасата аласыз. Келешекте Асыл Жұмагелді осындай тәсілдерді де меңгеруге ден қоймақшы.

Бүгінгі таңда Асылдың тұрақты келушілер саны артқан. Біз де жас маманға кәсібің өрлей берсін демекпіз.

Зухра Нұржанқызы
Үржар ауданы

Осы айдарда

Back to top button