Қоғам

«Сұлтанның» қияры Өскеменге де жетті

«Сұлтанның» қияры Өскеменге де жетті

Күршім ауылындағы «Сұлтан» шаруа қожалығы өсірген қиярдың алғашқы легі Өскеменге жеткізілді. Соның арқасында қаладағы сауда орындарында көкөністердің бағасы құлай бастады.
Өзіміздің өнімдер сауда сөрелерінен табылмай, азық-түлік бағасының бас бермейтіні белгілі. Нарықтың жазылмаған заңы бұл. Осындай сәтте тұтынушыларға көмекке жергілікті шаруалар келеді. Солардың бірі – алты гектар алқапты тамшылатып суарып отырған күршімдік «Сұлтан» атты қожалық. Шаруашылық жетекшісі Марат Чупеновтың айтуынша, биыл 8 га қызанақ, 2,2 га қияр, 1,5 га баялды еккен. Мұның сыртында атшаптырым аумаққа орамжапырақ отырғызыпты.
– Бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі суару тәсіліне қарағанда тамшылатудың артықшылығы көп. Ең алдымен, суды үнемдейсіз, ысырапшылық жоқ. Екіншіден, әр түпке қажетті су тамшылап бірдей мөлшерде берілетіндіктен, өсімдік біркелкі бой көтереді. Су басқа аумаққа жайылып, алқабыңыз батпаққа айналмайды. Ал бұл өз кезегінде топырақты тоздырмайды. Үшіншіден, су жүрмейтін дөңестеу жерді суаруға қолайлы, – дейді Марат Чупенов.
Биылдан бастап тамшылатып суаруға ден қойған шаруашылық су сорғысы, түтіктер және басқа да қажетті құрал-жабдықтарды, сондай-ақ, жас өскіндер жылдам бой көтеруі үшін пленкамен жабатын агрегат сатып алуға барлығы 8,5 млн. теңге қаражат жұмсапты. Тракторға тіркелетін мұндай агрегаттың тиімділігі жұмыс күшін үнемдеуге, уақыттан ұтуға мүмкіндік береді. Айталық бұрын қолмен күніне бір гектар пленка жабылса, трактормен осы уақытта төрт-бес гектарды еңсеріп тастауға болады.
Жалпы, Чупеновтер әулетінде өсімдік шаруашылығы атадан балаға мирас болған кәсіп десек қателеспейміз. Өйткені, көкөніс пен бақша дақылдарын өсірумен Мараттың әкесі Қадыл ағамыз да ұзақ жылдар айналысып келген. Енді міне, әке жолын қуған ұл негізгі мамандығы заңгерлікті емес, бақшашылықты қалаған. Қаршадай кезінен қара топырақтың үстінде өскен ол жердің қадірін жете түсінеді. Көпшілік диқандар аузынан тастамайтын «Күте білсең, жер жомарт» деген сөзді Марат естияр шақтан жадына түйіп өскен. Қазіргі күні еңбекқор азамат кіндігінен тараған екі ұлын да жерден несібесін теріп жеуге барынша үйретуде.
– Ауыл шаруашылығындағы проблеманың бірі – саланы жетік білетін мамандардың жетіспеушілігі. Бұрынғы білікті мамандар егде тартып, қатары сирей бастады. Ал олардың орнын толтыратын жастар ауылға барғысы жоқ. Барлығы заңгер, кеденші, прокурор болғысы келеді. Мысалы, Еуропа елдерінде өсімдік шаруашылығын жүргізу бір әулетте бірнеше буынға дейін жалғасып кете береді. Соның арқасында шаруалар кәсіби тұрғыда дамып, өз ісінің нағыз маманына айналады. Бізге де бұл үрдісті қалыптастыру керек. «Сұлтан» – осы мақсатты берік ұстанған аудандағы санаулы қожалықтардың бірі, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Серікқан Ашманов.
Жердің төсін емгем шаруалардың толайым табысқа кенелуі немесе керісінше шашетектен шығынға батуы – бәрі ауа райына тікелей байланысты. Айталық, былтыр жазғытұры соққан бұршақ енді ғана өсіп келе жатқан алқаптың айран-асырын шығарып, біраз шығынға ұшыратқан Биыл, құдайға шүкір, табиғат тосын мінез көрсетпепті. Соның арқасында қияр ерте өнім беріп, мамырдың соңында бірінші партиясы жиналған.
– Қолдан келгенше күтіп-баптап жатырмыз. Бұйыртса, бұл жерден күніне төрт-бес тоннадай қияр жиналуы керек. Ол өнімді меншік «Газель» көлігімізбен Өскеменге апарып, «Дина» базарында арзан бағаға күндегісін күнде сатамыз. Базарда арнайы орнымыз бар. Алыпсатарлар араласпайды. Бұл бізге де, алушыларға да тиімді. Мәселен, дәл қазір Өскемендегі толайым сауда базарында қиярдың келісі 280 теңгеден сатылуда. Ал біз өзіміздің қиярды 200 теңгеден, тіпті, одан да төмендеу бағаға сата береміз, – деген Марат Чупенов жергілікті нарықты да көкөніспен қамтамасыз ететіндігін айтты.
«Сұлтан» шаруа қожалығында тұрақты түрде төрт адам еңбек етсе, маусымдық жұмыстарда олардың саны отызға дейін жетеді. Еңбекақыдан бөлек, жұмысшылар көкөніспен де қамтылады екен. Мұны шаруашылық басшысы өзінің әлеуметтік жауапкершілігі санайды.

Серік Әбілхан

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button