Қоғам

Слетке 400-ден астам жасөспірім жиналды

Өскемендегі Металлургтердің мәдениет сарайында 400-ден аса жасөспірім «Жас ұлан» қозғалысы көшбасшыларының екінші слетінде бас қосты. Слет «Біз біргеміз» атты ұранмен өтті.

Слетке 400-ден астам жасөспірім жиналдыБалалар қоғамдық ұйымдарының мәртебесін көтеру, сондай-ақ, жайнап өсіп келе жатқан жастардың бастамаларына қолдау көрсету мақсатын ұстанған шара сарайдың алдында слетке қатысушылардың аталған шараға дайын екенін баяндаған сап түзеуімен бастау алды. Ал одан соң-ақ жасұландықтар үрлемелі оркестрдің екпінді һәм әуезді сазының жетегінде сарайға бет алған. Оларды сарай сахнасының төрінде аталған ұйымның тыныс-тіршілігі туралы сөз саптаған жастар күтіп алды. Жас буынның жүрегіне отансүйгіштік қасиеттер сияқты ұлағат ұялатқан шараны облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлбараш Маткаримова ашып, ұйым турасында, оның мақсат-міндеттері жайында айтып өтті.

– Дәл сіздердей арманшыл жастар ғана біздің еліміздің Көк байрағын биік ұстайтыны белгілі. Сіздер ең алдымен өнегелі ісімен егемен елдің іргетасын қалаған үлкендерден, Ұлт Көшбасшысынан үлгі алып, қашанда өз мемлекеттеріңіздің ілгері басуына барлық күш-жігерлеріңізді жұмсауға тиіссіздер. Барлықтарыңыздың да әрдайым үздік ойлы маман ретінде танылып, Отанымыздың нағыз патриоттары болатындарыңызға сенімдіміз, – деді ол.

Бұдан соң облыстық «Жас ұлан» ұйымының төрайымы Гүлнұр Құспекова аталған ұйым бүгінде өз қатарына аймағымыздың 95 мыңға тарта жасөспірімін алып отырғанын және олардың белсенді істері жыл өткен сайын көбейіп келе жатқанын баяндап берді.

Қай мереке құрмет-марапатсыз өтуші еді. Бұл жолы да сол дәстүр орын алды. Облысымыздың әр саладағы басшылары, ардагерлер өз қатарының алды болып жүрген белсенді ұл-қыздарды түрлі аталымдар бойынша марапаттады. Сонымен слетте бас жүлдеге, атап айтқанда, «Шығыс ұланы» атағына Семей қаласындағы №39 орта мектептің білімде де, өнерде де алдан көрініп жүрген оқушысы Аида Әшімова ие болды. Ал «Бала би» аталымында зайсандық С.Шайзаданова, «Жас дарын» аталымы бойынша Зыряндағы №7 мектеп өкілі П.Асташкина, «Жас ақында» Абай ауданындағы Мамай орта мектебінің оқушысы Б.Төкенов, «Жас тілші» аталымында өскемендік А.Ілиясова және басқа да онға тарта оқушы марапатталса, жастармен жұмысты жандандыруға ерекше үлес қосып жүрген бірнеше маманның «Балалар үшін» (Г.Асташкина), «Үздік тәлімгер» (Д.Нұрмұхамбетова) аталымдары бойынша еңбектері аталып өтілді.

Сондай-ақ, слет барысында болайын деген баланың жанарына жалын, бойына жігер беріп, игілікті істер атқаруына бағыт-бағдар сілтеп келе жатқан екі мектеп басшысына – Өскемендегі Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Гүлфарида Райысова мен халықаралық «Нұр Орда» мектебінің директоры Шабан Жөшкүнге алғыс хаттар табыс етілді.

Слетке қатысушылар өздері қатарлас жастардың өнерлерін тамашалап, әр баланың арманын ұштаған белгілі спортшы, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпаковамен ескерткіш суретке түсті, одан кейін Өскеменнің тарихи және әсем жерлерін аралап, тамаша әсерге бөленді.

Ғафура Сәрсенбайқызы

Осы айдарда

Back to top button