Сәлемдеме супермаркеті – жаңа форматтағы орталық
«Қазпошта» акционерлік қоғамы Өскеменде сәлемдеме супермаркетін ашты. Қаладағы Қабанбай батыр көшесі, 119/1 мекенжайы бойынша орналасқан жаңа орталықтың салтанатты тұсаукесеріне облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтанов қатысты.
Жалпы, қазіргі уақытта мұндай орталықтар еліміздің Астана, Алматы, Ақтау, Екібастұз сияқты біраз қаласында ғана бар. Енді олардың қатарына Өскемен де қосылды.
Сәлемдеме супермаркеті деген – бұл өздігінен қызмет көрсететін жаңа форматтағы орталық. Мұнда еліміздің кез келген нүктесіне түрлі сәлемдемелерді, құрал-сайман, киім-кешек, өзге де заттарды еш қиындықсыз жіберуге не қабылдап алуға болады.
«Қазпошта» АҚ баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бүгінге дейін мұндай сәлемдеме супермаркеттері еліміздің 10 қаласында ашылып үлгерген. Енді аталмыш сервис Өскемен қаласының тұрғындары үшін де қолжетімді болды. Салтанатты жиында «Қазпошта» облыстық филиалының басшылығы келесі жылы дәл осындай супермаркеттер Шығыс Қазақстанның тоғыз ауданында да ашылатынын хабарлады.
Сәлемдеме супермаркетінің тұсаукесер рәсіміне қатысқан облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтанов жиналғандарды ел Тәуелсіздігінің мерейтойы қарсаңында пайдалануға берілген жаңа орталықтың ашылуымен құттықтап, мекеме ұжымына табыс тіледі.
«Бұл формат өзін жақсы қырынан көрсете білді, клиенттер тарапынан осыған қатысты көптеген жылы лебіз естідік. Сәлемдеме супермаркеті сәлемдемелерді алу және жіберу уақытын үнемдеп қана қоймай, компанияның өндірістік шығынын да әжептәуір оңтайландырады», – дейді «Қазпошта» АҚ мамандары.
Ал енді сәлемдеме супермаркетінің қызметін қарапайым тілмен түсіндірсек. Негізі, бұл – өте оңай сервис, мұнда келген адамдар кезекке тұрмайды әрі өздеріне ыңғайлы уақытта сәлемдемелерін ала алады. Қолданушы өзінің сәлемдемесін алу үшін мұндағы арнайы терминалға жүктің трек нөмірін немесе ұялы телефонның нөмірін енгізуі қажет. Осыдан кейін терминал келушіге сұраныс жасалған сәлемдемені тауып, оның сөресі, қатары мен ұяшығы көрсетілген талонды береді. Артынша клиент залға кіріп, көрсетілген сөрені, қатар мен ұяшықты тауып, өзіне керек сәлемдемені ала алады. Шыға берісте тұрған кассада келуші операторға мәліметтерді тексеру үшін және үстеме төлемақысын анықтау үшін жеке куәлігін көрсетеді.
Айта кетейік, сәлемдеме супермаркетінен еліміздің кез келген аймағына сәлемдемелер жіберуге болады. Сәлемдемені жіберу үшін келуші оны салатын арнайы қорап гофротараны сатып алып, қажетті құжаттарды толтыруы ғана қажет.
Нұржан Кенжеұлы