«Сәлем» 50 адамға жұмыс тауып берді
Астана күні мерекесінің құрметіне Зайсан қаласында зәулім, іші-сырты көз тартатын, төрт қабатты «Сәлем» сауда орталығы есігін айқара ашты.
Оның салтанатты ашылуына аудан әкімі Темірбек Қасымжанов, аудандық мәслихаттың хатшысы Дәулет Ыдырышев, құрылысты салып берген, облыстық мәслихаттың депутаты, «Зайсан-құрылыс» компаниясының басшысы Болат Нұрасыл, ауданның құрметті азаматтары, ардагерлер, қала жұртшылығы қатысты.
– Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, жұмыс орындарын ашу жөнінде нақты тапсырма берілгені белгілі. Бұл ретте Зайсан ауданында бағытты да бағдарлы жұмыстар атқарылуда. Мәселен, ауданда 140 сауда дүкені болса, Зайсанның өзінде ғана 88 сауда орындары мен дүкендер бар. Оларда бес жүзге тарта адам жұмыс істейді. Ал бүгінгі «Сәлем» сауда орталығы – ең үлкен ғимарат. Мұнда бірінші қабатта балалар ойнайтын алаң, шаштараз, халыққа қызмет көрсететін орындар, банктер орналасқан. Демек, сауда орталығына келген адам өзіне қажетті заттарды сатып алумен бірге банктен несие ала алады, басқа да шаруаларын бітіреді. Сауда орнын сапалы етіп салып берген құрметті азамат Болат Икепұлына, ғажап ғимараттың салынуына 250 миллион теңге қаржы салған, 50 адамға жұмыс тауып берген Дәулет Мықияновқа аудан тұрғындары атынан алғыс айтамын, – деді аудан әкімі Т.Қасымжанов.
Аудан әкімі Д.Мықияновқа Алғыс хат тапсырды. Болат Нұрасыл өзімен бір ауылда оқыған Дәулет Мықияновтың бозбала кезінде май заводында балмұздақ жасаушы болып еңбек жолын бастағанын, нарықтың қиын-қыстау кезінде боран-шашынға қарамастан, жүк көлігімен қажетті азық-түлік тасығанын, автобус қатынасын іске қосқанын, іскер азаматтың бүгінгі табысқа еңбекқорлығы мен ізденісі арқасында жеткенін айтты. – Кәсіпкердің жұбайы Жаңыл, ұлдары Жасұлан мен Аслан, қызы Әсем де танымал кәсіпкердің шаруасын шалқытуына елеулі үлес қосып келеді. Өнегелі отбасының берекелі тірлігі басқаларға үлгі болатыны сөзсіз, – деген Болат Икепұлы символикалық кілтті «Жасұлан» шаруа қожалығының төрағасы, мал өсірумен бірге сауда дүкендерін пайдалануға берген Д.Мықияновқа табыс етті.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұқан Мырзаханов іскер азаматқа батасын берді, Заманбек Бұрымбетов пен Дәулеттің апайы лентаны қиған соң жиналғандар зәулім сауда үйін аралап, сауда жасады. Соңында ән мен күйге кезек берілді.
– Астана күні және Елбасының туған күні құрметіне орай ауданда бірқатар мәдени іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз. Мәселен, 1-шілдеде ауданға Оңтүстік Кореяның 20-ға тарта білікті де білімді дәрігерлері келіп, тұрғындарға дәрігерлік қызмет көрсетеді, ал келесі күні іскер азамат, облыстық мәслихаттың депутаты Болат Нұрасылдың жекеменшік емханасы салтанатты жағдайда ашылады. Жарты жылдан бері Өскеменнен Зайсанға қатынайтын ұшақ қатынасы қаржы тапшылығына байланысты тоқтап қалған еді. Болат Нұрасыл әуежайдың жолына асфальт төсеп, жөндеп берді. Жақын арада аудан тұрғындары ұшақпен қатынайтын болады, – деді аудан әкімі Темірбек Жұмақұлұлы бізбен тілдескенде.
Иә, осындай жағымды жаңалықтар Зайсанда күн сайын болып жатыр.
Ондасын Елубай