Денсаулық сақтау

Скринингтен өту үшін ақылы демалыс күні беріледі

Жыл сайын 4 ақпанда Халықаралық обырға қарсы одақтың (UICC) бастамасы бойынша Дүниежүзілік обырға қарсы күрес күні атап өтіледі. Осыған орай облыста онкологиялық аурулардың алдын алу жөнінде тұрғындарды ақпараттандыру мақсатында бірнеше шара ұйымдастырылды.

Жыл сайын Қазақстанда 30 мыңға жуық жаңа қатерлі ісік ауруы тіркеледі. Бүгінгі таңда 180 мыңнан астам қазақстандық диспансерлік есепте тұр. ДДСҰ мәліметтері бойынша, қатерлі ісік ауруынан болатын өлім қан айналымы жүйесі ауруларынан қайтыс болғаннан кейін екінші орында тұр.

Біздің облыс онкологиялық аурулардың деңгейі жоғары өңірлерге жатады. 2021 жылы облыс бойынша жиырма мыңнан астам онконауқас есепте тұрса, олардың 12 962-і   ШҚ өңірі бойынша тіркелген.

Өткен жылдың он екі айында ШҚ өңірі бойынша  екі жарым мыңнан астам науқас  қатерлі ісіктермен алғаш рет  есепке алынды. Аурушаңдық деңгейі 15,9% – ға артты. Шығысқазақстандықтар арасында ең жиі тараған обыр түрі – терінің қатерлі ісігі. Одан кейін әйелдердің сүт безі рагы, өкпенің қатерлі ісігі, қуық асты безінің жаман ауруы мен асқазан рагы тіркелген.

Онкологтардың айтуынша, скринингтік медициналық тексерулер онкологиялық аурулардың алдын алу мен ерте диагностикалаудың ең тиімді әдісі болып табылады. Қазіргі таңда елімізде қатерлі ісіктің үш түріне скирингтік зерттеулер жүргізіледі. Бұлар: әйелдердің сүт безі обыры (40-70 жас) және жатыр мойны обыры (30-70 жас),  ерлер мен әйелдерде колоректальды қатерлі ісікке текскру (50-70 жас). Бұл емханаларда қол жетімді және толығымен тегін. Сонымен қатар мамандар тіркеу орны бойынша емханалардағы тексеру кабинеттері мен кәсіби тексерулерден де өту қажеттігін еске салады.  Көптеген тұрғындар медициналық тексерулерді жұмыстан шыға алмағандықтан өтпейді. Алайда 2020 жылдан бастап жұмыс беруші қызметкерлерін скринингтік тексерулерге босатуы тиіс екені заңдастырылған.

– 2020 жылдан Еңбек Кодексіне жұмыс беруші қызметкерлеріне скринингтік, кәсіптік тексерулерден, басқа да диагностикалық зерттеулерден өтуі үшін үш күндік ақылы демалыс беруге міндетті деген толықтыру енгізілген болатын. Жалпы жұмыс беруші қол астындағы жұмысшыларының денсаулығына мән беріп, олардың саулығын қарап отыруға, сол үшін барлық жағдай жасауға міндетті, – дейді облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығының директоры Гүлмира Сагидуллина.

Естеріңізге сала кетейік, 5-ақпанда ШҚО көпсалалы Онкология және Хирургия орталығында сағат 9.00-ден 13.00-ге дейін  обырды ерте анықтауға бағытталған ашық есік күні өтеді. Бұл күні кез келген шығысқазақстандық осы орталыққа ешқандай жодамасыз-ақ келіп, білікті онколог мамандардың тексеруінен өте алады.

Орталық мекенжайы: Өскемен қаласы, Потанин көшесі, 6 үй, онкологиялық емхананың ғимараты.

Айна Ескенқызы

 

Осы айдарда

Back to top button