Сколково инновациялық орталығымен байланыс орнайды

4 наурызда Шығыс Қазақстан облысының делегациясы Ресейдегі Сколково инновациялық орталығында болды.
– Облыс әкімдігі түрлі салалардың, оның ішінде білім, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, ауыл шаруашылығы, баламалы экономика салаларының цифрландырылуына және қауіпсіздігіне қатысты инновациялық әзірлемелерге қызығушылық танытуда, – деді облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова екі ірі жоғары оқу орны ректоры мен басқарма басшыларынан құралған делегацияны таныстыра отырып.
Технопаркте кәсіпкерлікті ІТ, Е-health, Е-education, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, агроөндірістік кешен сынды болашағы зор бағыттар бойынша мемлекеттік қолдаудың негізгі тегершіктері шоғырланған.
Өңірлік даму департаментінің басшысы Александр Окунев орталық қызметімен таныстырып, Сколковоның жай ғана ғылыми орталық емес екенін атап көрсетті. Бұл – өмір сүруге, зерттеу жүргізуге, қарым-қатынас жасауға, бизнесті дамытуға оңтайлы жағдайлар жасалған толыққанды қала. Мұнда қарқынды, эстетикалық тартымды, жайлы қалалық орта қалыптасқан. Бұл – қоршаған кеңістікті өз ұстанымдарына сай бейімдейтін шаһар.
Сколково ғылым мен бизнестің тығыз байланысына қажет барлық жағдайларды жасайды, сондай-ақ федералды бюджет есебінен қайтарымсыз гранттар ұсынады. Тиімділік өлшемі – Сколково резиденттерінің қаржылық көрсеткіштері.
Орталықтың 86 индустриялық серіктесі арасында Порше, КамАЗ, Боинг және өзге де ірі компаниялар бар. Атап өтерлігі, еліміздегі «Күнделік» электронды платформасын осы Сколково ғалымдары әзірлеген.
Кездесу қорытындысында тараптар Шығыс Қазақстандағы түрлі салаларға енгізуге болатын нақты инновациялық жобаларды қарастыруға уағдаласты.
Бақыт Сәрсембаева
Мәскеу қаласы.