Қоғам

Барлық гидротехникалық құрылыстар бақылауда

Облыста ағымдағы су тасқыны кезеңіне дайындық белсенді жүргізілуде. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы жөніндегі бөлім бастығы Еркен Сәрсембинов мәлім етті.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында белгілі болғандай, аталмыш мақсатқа 2 миллиард 150 миллион теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Оның 1,4 миллиарды облыстық бюджеттен, қалған 751 миллиарды қала мен аудан әкімдіктерін бөлінген.

– Өзендердің кептеліс қаупі бар учаскелерінде профилактикалық жарылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы мақсатқа облыстық резервтен 238 миллион теңге бөлінді. Әзірге мұндай жұмыстар Шемонаиха ауданында ғана жүргізілді. Ал 16 наурызда Алтай ауданында да мұз жару іс-шаралары басталмақ. Аймақта алты мың тонна инертті материал, 457 тонна жанармай мен 48 мың дана қап қоры дайындалған. Су тасқынының алдын алу жұмыстары кестеге сай жүргізілуде, – деп мәлім етті Е.Сәрсембинов.

Оның айтуынша, өңірде су жолдарын қар мен мұз, қоқыс қалдықтарынан тазарту жұмыстары жалғасуда. Соңғы мәліметке сенсек, облыс аумағындағы 72 каналдың 44-і (61 пайыз), 445 арықтың 227-сі (51 пайыз), 277 көпірдің 223-і (81 пайыз), сондай-ақ, автомобиль жолдарының бойындағы 1 735 су өткізу құрылысының 1 087-сі (63 пайыз) мен теміржолдардағы 90 су өткізгіштің 14-і (16 пайыз) осындай жұмыстармен қамтылған. Бүгінге дейін елді мекендер аумағынан 204 мың текше метр қар сыртқа шығарылыпты.

– 2021-2023 жылдары су тасқынына қарсы іс-шаралардың Жол картасы шеңберінде 384 миллион теңгеге 21 іс-шара іске асырылды. Сондай-ақ, облыс бюджетінен профилактикалық қар түсіру жұмыстарына 32 миллион теңге бөлінді. Барлық 132 гидротехникалық құрылысқа бақылау орнатылды. Су электр стансаларының каскады штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Бұқтырма су қоймасы толымдылығының еркін көлемі жобалық мөлшердің 58 пайызын құрайды. Яғни, төтенше жағдай кезінде су қоймасы қосымша мөлшерде су қабылдай алады деген сөз. Жалпы алғанда, облыстағы жағдай тұрақты, қауіпті аймақтардағы ахуал тәулік бойы бақылауда, – деп түйіндеді маман.

Баспасөз мәслихаты барысында алдағы күндерге арналған ауа райы болжамы да айтылды. «Қазгидрометтің» Шығыс Қазақстан мен Абай облыстары бойынша филиалы гидрология бөлімінің бастығы Іңкәр Асқарованың мәліметінше, наурыздың 12-сі мен 17-сі аралығында аймақта тұрақсыз ауа райы сақталады.

– Алдағы бір апта көлемінде облыста қар аралас жаңбыр жауып, күндізгі және түнгі ауа температурасы төмендейді. 12-13 наурызда Алтай, Ұлан, Шемонаиха, Глубокое, Катонқарағай, Марқакөл аудандары мен Риддер қаласында қалың қар жауады деп күтілуде. Ал 14 пен 17 наурыз аралығында өзге өңірлердегі де ауа райы жауын-шашынды болады. Тек 18-20 наурызда жауын-шашынсыз ауа райы болжанады, – деп мәлім етті І.Асқарова.

Оның айтуынша, 12-17 наурыз аралығында түнгі ауа температурасы +6-дан –15 градусқа дейін төмендейді. Ал күндіз сынап бағанасы +10 мен –8 градус аралығында ауытқиды. Айдың үшінші онкүндігінде жауын-шашын көбінесе жаңбыр мен қар түрінде болады, дегенмен, ауа температурасы біртіндеп көтеріле бастайды.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button