Қоғам

Скейтпарк жыл он екі ай қызмет көрсетеді

Скейтпарк жыл он екі ай қызмет көрсетеді


Осыдан бірнеше жыл бұрын өскемендік Бекшентаевтар отбасы өмірден өткен ұлдарының құрметіне облыс орталығында Шығыс Қазақстандағы тұңғыш скейтпаркті ашқан болатын. Биыл Астана қаласында Скейтбординг федерациясы құрылып, оның бір филиалы Өскеменде де жұмысын бастады.

Қазір Өскемендегі скейтпарк Қазақстандағы алдыңғы қатарлы скейтбординг нысандарының бірі болып саналады. Қалада скейтбордингпен айналысушылар саны жылдан-жылға артып келеді. Скейтбординг федерациясы облыстық филиалының директоры Ирина Бекшентаева алдағы уақытта өңірде ВМХ, яғни, велосипед мотокросын дамытқысы келетінін айтуда.

– Дәл қазіргі мақсатымыз – жерлестеріміздің экстремалды спорт түрлерімен жыл он екі ай айналысуларына жағдай жасау. Себебі бұл спорт түрлері екі жылдан кейін Токиода өтетін Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізілді. Осы мақсатта жыл сайын ауқымды жарыстар ұйымдастырып келеміз. Оның кезектісі бірер күннен кейін Өскеменде өтпек. Оған еліміздің тоғыз қаласының спортшыларымен қатар, АҚШ-тан арнайы шақыртылған скейтбордшы да қатысатын болады, – деді облыс әкімінің қабылдауында болған И.Бекшентаева.

Оның айтуынша, енді паркте қысы-жазы экстремалды спорт түрлерімен айналысуға жағдай жасау керек. Ол үшін скейтпаркті төбесі жабық нысанға айналдыру қажет.

– Кейде ауа райының күрт бұзылуы салдарынан жарыстарымызды кейінге шегеруге тура келіп жатады. Оған қоса ашық аспан астында құрал-жабдықтарымыз да тез тозады. Саңлақтарымыз ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелер көрсетуі үшін, аталған спорт түрлерімен жыл бойы үзіліссіз айналысуы шарт. Сол себепті бізге облыс басшылығы тарапынан скейтпарктің төбесін жабу жағынан қолдау көрсетілсе, нұр үстіне нұр болар еді, – деді Ирина Бекшентаева.

Өз кезегінде аймақ басшысы облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можановқа аталған жобаны бүге-шігесіне дейін ойластыру қажет екенін айтып, тиісті тапсырма берді.

– Скейтпаркте болдым. Маған қатты ұнады. Әлбетте, біз осындай бастамаларды қолға алған сіз сияқты жерлестерімізге қолдау аямайтын боламыз. Өйткені сіз бұл нысанды өз қаражатыңызға салдыңыз. Соның арқасында бүгінде скейтпаркке жүздеген бала келіп, жаттығып жүр. Аталған жобаны жан-жақты ойластыру қажет. Сізге міндетті түрде қаржылай қолдау көрсететін боламыз, – деді облыс әкімі.

Денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы А.Можановтың айтуынша, бұл жобаның құны шамамен 30 миллион теңгені құрамақ.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button