Іскерлік байланысқа жол ашты
Өскеменде өткен «Сібір – Қазақстан: «Ынтымақтастық – 2013» халықаралық көрмесі Қазақстан мен Ресейдің Кедендік одақ аясындағы өзара тиімді сауда-экономикалық қарым-қатынастарын одан әрі нығайтуға өз септігін тигізді. Алғаш ұйымдастырылған бұл бизнес-форумға көптеген ресейлік және қазақстандық кәсіпорындардың жетекшілері, сондай-ақ, салық және кеден органдарының, мемлекеттік және коммерциялық құрылымдардың өкілдері жиналды.
Келелі кездесудің Шығыс Қазақстан облысы Әкімдігінің, Новосібір облысы өнеркәсіп, сауда және кәсіпкерлікті дамыту министрлігінің, Новосібір сауда-өнеркәсіп палатасының жан-жақты қолдауымен ұйымдастырылғанын атап өткен абзал.
– Мұндай басқосулар жаңа іскерлік байланыстарды орнатуға көмектеседі, бірлескен Қазақстан-Ресей кәсіпорындарын құруға негіз болады, – деп атап өтті облыс Әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов форумның ашылу салтанатында.
Ал новосібірлік «СибЭкспоСервис-Н» компаниясының директоры Сергей Власенко болса, «Сібір – Қазақстан» халықаралық көрмесі жыл сайын өткізіліп тұратын шараға айналарына сенім білдірді.
Екі күнге созылған бизнес-форум шеңберінде көрмелер, дөңгелек үстелдер, семинарлар өткізілді. Сонымен қатар, форумға қатысушылар арасында «Алтын медаль» байқауы ұйымдастырылды, ол конкурстың мақсаты – сапалы, бәсекеге қабілетті өнімдер мен қызметтерді анықтап, озық технологиялардың және ғылыми жаңалықтардың кеңінен қолданылуына жол ашу.
Денешынықтыру және сауықтыру кешенінде орналасқан көрмеде келушілердің назарына жеңіл және тамақ өнеркәсібінің өнімдері, ауыл шаруашылығына арналған құрал-жабдықтар мен технологиялар, құрылыс техникасы мен материалдары, энергетикалық қондырғылар, медициналық бұйымдар және өзге де тауарлар ұсынылды. Екі ел кәсіпкерлері де бар жетістіктерін көрсетуге тырысып баққан. Көрме жұмысына аймағымыздан Өскемен мен Семейдің және Шемонайха ауданының, ал Ресейден Новосібір, Кемерово, Мәскеу, Самара қалаларының, Алтай өлкесінің тауар өндірушілері қатысты.
Атап айтар болсақ, біздің коммуналдық қызмет мамандары Челябинск қаласындағы «Стройэкс» зауыты шығарған канализациялық қақпақтарға қызығушылық танытты. Аталмыш люктерге арнайы құлып орнатылған екен, яғни, оларды жымқырып кету мүмкін емес.
– Қазақстанда мұндай қақпақтар шығарылмайды. Біз бұл өнімімізді Өскемендегі серіктесіміз «СпецСнаб – УК» фирмасы арқылы сатамыз, – дейді «Стройэкс» зауытының өкілі Данил Хусаинов.
«Новоалтай энергетикалық құрал-жабдықтар зауытының» бас директоры Евгений Куксин де өз өнімдерінің, атап айтқанда, жылу қазандықтарына арналған газ және мазут жанарғыларының Қазақстанда үлкен сұранысқа ие болатынына сенімді. Олар Өскемендегі «Восток котлы» компаниясымен бірлескен өндіріс орнын құру жөнінде келісімге де келіп отыр.
Кедендік одақ аясында ресейлік әріптестерімен серіктестік қарым-қатынастарды дамытуға өңіріміздегі «Ақсай-нан», «Исток-1», «Востоксельхозпродукт», «Ақсу-Дэен» сынды бірқатар кәсіпорындар да ниет білдірді. Олардың әрқайсысы өз өнімдерін Ресейдің көршілес өңірлеріне өткізуге ынталы.
– Тауарларымыз Ресейдің тұтынушыларына жақсы таныс, десек те, біз экспорттың көлемін әлі де ұлғайтқымыз келеді. Алға қойып отырған мақсатымыз – кәсіпорнымыздағы технологияларды жетілдіріп, шығаратын өнімдеріміздің түрін көбейту, – дейді «Ақсу-Дэен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Алтын Рахымбаева.
Ресейлік және отандық кәсіпкерлер бұдан соң өз жұмыстарын дөңгелек үстел басындағы жиындарда жалғастырды. Әңгіме барысында шағын және орта бизнесті бірыңғай экономикалық кеңістік аясында дамыту мәселесі кеңінен қаузалды. Құрылыс, энергетика салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыға салынды.
– Іс-шараға қатысушылар көптеген өзекті сауалдарына жауап тауып, пайдалы ақпарат ала алды. Бір сөзбен айтсақ, форум жұмысы табысты болды, – дейді «СибЭкспоСервис-Н» компаниясының өкілі Людмила Малютина.
Халықаралық көрменің барлық қатысушылары дипломдармен марапатталып, конкурстың нәтижесі бойынша үздік деп танылған тауар өндірушілер «Алтын медальға» ие болды.