Қоғам

Әскери тұтқындар дерегін арнайы сервистен табасыз

Әскери тұтқындар дерегін арнайы сервистен табасыз


Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 73 жылдығы қарсаңында Ішкі істер министрлігінің ведомстволық порталында Ұлы Отан соғысы кезінде тұтқынға алынған бұрынғы әскери тұтқындар және Германиядан қайта оралған КСРО азаматтары туралы саяси-маңызды мәліметтер орналастырылған «Ұлы Отан соғысының «Әскери тұтқындары» сервисі іске қосылды.

Жаңа жобаның тұсаукесерін жасаған Ішкі істер министрлігі журналистерге арналған баспасөз мәслихатын өткізіп, оған барлық облыстардағы департаменттер өкілдері онлайн режимде қатысты.

Тұсаукесерде Ішкі істер органдары және Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы, милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков және министрліктің ақпараттық-сараптамалық орталығының бастығы, полиция полковнигі Роза Закаргаева қатысып, жаңа сервистің маңыздылығын түсіндірді.

Олардың айтуынша, бұл мәліметтер бұрын аса құпия құжаттар қатарында болған және бүгінгі таңда өз аталарын, әкелерін, туыстарын іздеген Германия, Польша, Австриядан көп хаттар келген. «ҰОС әскери тұтқындары» базасына 60 мыңнан аса Екінші дүниежүзілік соғыстың әскери тұтқындары туралы ақпарат қосылған, олардың көбі – тұтқында қайтыс болғандар.

Естеріңізде болса, 2015 жылдың мамыр айында Германия мемлекеті соғыс кезіндегі бұрынғы кеңестік әскери тұтқындарға 2500 еуро көлемінде өтемақы төлеу туралы шешімін қабылдағаны белгілі. Аталған өтемақы 18 әскери тұтқынға төленген.

Сервисте әскери тұтқындардың тегі, аты, әкесінің аты, туған жылы, ұлты, туған жері (республика, облыс, қала, ауыл), соғысқа дейін тұрған жері, жұмыс орны және лауазымы, әскери атағы, қашан және қайдан шақырылғаны, әскери бөлімнің атауы және лауазымы, тұтқынға алу уақыты мен жері, тұтқында болған жері, мұрағаттық іс нөмірі туралы деректер орналастырылған.

– Ұлы Отан соғысының әскери тұтқындары туралы мәліметтер мыңдаған адамға олардың тұтқында қайтыс болған әкелерінің, аталарының, ағаларының және туысқандарының тағдырын білу үшін және Ұлы Отан соғысы тарихының ақтаңдақ парақтарын толтыру үшін тарихшыларға, өлкетанушыларға, журналистерге аса қажет. Тұтқындар тағдыры туралы білуіміз керек. Осыған дейін мыңнан аса өтініш келіп түсті, оларға жауап берудеміз. Біздің жұмысымыз теңіздің тамшысындай болса да, бұл – соғыста тұтқында болған жандарды іздеуге үлкен мүмкіндік, – деген Роза Нұрқанқызы тұтқында болған Ақмола өңірінен соғысқа шақырылған жауынгер Самойловтың Полтавская облысында майданда жүріп үйіне жазған хатынан үзінді оқып берді.

Онда жауынгер елге деген сағынышын жеткізіп, тылдағыларға, бірге еңбек еткен колхозшыларға жалынды сәлемін жолдаған. Бірақ артынан ол тұтқынға түскен. Тұтқында қалса да, өмірін қатерге тігіп, екі бірдей жау самолетін жойған. Хат «Отан өз батырларын ұмытпайды» деп аяқталады.

Ал Өмірзақ Болсамбеков Отанын жаудан қорғауда от кешкен ағалар мен әкелердің рухы алдындағы парыз туралы әңгімеледі.

– Бұл іс-шара Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай ұйымдастырылып отыр. Мақсаты – сол соғыста біздің бейбіт күніміз үшін жанын пида еткен әкелеріміз, ағаларымыздың есімін есте қалдыру. Мен кеше ғана сол майданда от кешкен, 1,2 дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденінің кавалері, 95 жастағы Ахат деген ардагермен кездестім. Оның айтуынша, Ақмола дивизиясын Мәскеу түбіне апарады. Бәріне бірдей қару берілмейді. Автомат түгілі, винтовканың өзі жетпеген. Сонда да соғысқа кірген. Олар осындай қиындықтарды бастан кешкен. Соғысқа 1 млн. 600 мың қазақстандық алынса, соның жартысына жуығы соғыс даласында қалып қойды. Кейбір ойы басқа топтар Ұлы Отан соғысына қатысты тарихты өзгертіп айтқысы келеді. Басқаша сипат бергісі келетін ниетін байқаймыз. Ақиқаты – ол жеңіс біздің әкелеріміздің, ағаларымыздың ерлігімен келді. Қазақстандық жауынгерлер сол жойқын соғыста өшпес ерліктің үлгісін көрсетті, – деді ол.

Бұдан бөлек, жарияланатын тізімге Ұлы Отан соғысы кезінде тұтқынға түскен кеңес солдаттарының фильтрациялық істерінен және трофейлік карточкаларынан алынған мәліметтер де қосылған.

Сондай-ақ бейне-конференция барысында сервисті қалай қолдану керектігі көрсетілді. Мұнан соң өңірдегі тілшілерге жаңа сервистің қызметі жайында облыстық ІІД ақпараттық-сараптамалық орталығының бастығы, полиция полковнигі Самат Сүлейменов те қосымша айтып берді.

– Кез келген Қазақстан Республикасының азаматы туысы туралы ақпаратты біле алады. Осы күнге дейін бар ақпарат қағаз жүзінде болса, енді барлығын компьютерге енгіздік. Жау қолына 11397 шығысқазақстандық түскені анықталды. Жалпы, республика бойынша 60 мыңнан аса адам Германияда тұтқында болған, – деді ол.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button