Қоғам

Әскери техникалар жаңартылды

Әскери техникалар жаңартылды
Парламент Сенаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева бастаған комитет мүшелері облыс әкімі Даниал Ахметовпен бірге Семей қаласындағы «Шығыс» өңірлік әскери қолбасшылығының әскери бөлімдерін, әскери техника мен қару-жарақ түрлерін дайындайтын кәсіпорындарды аралады. Сенаторлар осы жердегі МИ-7, МИ-17, МИ-24, Си-145 тікұшақтарымен танысты. Ал ең маңыздысы Eurocopter Ec145 тік ұшағы болып шықты.
«Шығыс» өңірлік әскери қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Нұрлан Қашағановтың айтуынша, еврокоптерлік тікұшақтар – жаңа ғасыр техникасы. Кабиналары шыныдан жасалған, цифрлық жүйеде автоматтандырылған. Басқа тікұшақтар 1950 жылдары жетілдіріліп жасалса, мына еврокоптер – ХХІ ғасырдың технологиясы. Контроперциялар үшін аса тиімді.
– Әскери авиабазаның қандай проблемалары бар? Ел қорғанысын күшейтуде қандай мәселелерді қамту қажет? – деп сұрады Дариға Назарбаева.
Әскерилердің айтуынша, бұл жерде кешенді ғимарат жоқ болып шықты. Авиациялық техника тұрған нысанды толық жөндеуден өткізу керек. Ал ұшқыштарға қажетті дайындық алаңын жасау қажет.
– Елбасымыз Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, қорғаныс саласының мәселелерін басты назарға алып отыр, – деді сенатор Талғат Мұсабаев. – Кеңес үкіметі құлағаннан кейін Қазақстан армиясы қайта құрылды. Армия өз қуатында болу үшін, техникасы толық жұмыс істеп тұруы қажет. Техникалары жақсы, дегенмен, технология жағын әлі де болса күшейтуіміз қажет. Сарбаздардың дайындығы біздің көңілімізден шықты. Мәселен, Ресей Федерациясында өткен сайыстарда біздің әскерилер алдыңғы үштіктен көрінген. Семейде авиациялық база сақталып қалған екен, әлі жұмыс істеп тұр. Мен өзім ғарышкер-ұшқыш ретінде Семейдегі әскери тікұшақтарда, ұшақтарда жұмыс істейтін әскерилердің болашағы зор дей аламын. Дайындықтары да керемет. Ал ескірген техникаларға қатысты мәселені назарға аламыз.
Сенаторлар бұдан соң «Семей инжиниринг» кәсіпорнында, 28738 әскери бөлімінің артиллериялық бригадасында болды.
– «Семей инжиниринг» АҚ үнемі жаңарып, жаңғыртылып отырады, – деді сенатор Талғат Мұсабаев, – себебі танктеріміздің саны жыл сайын көбейіп келеді. Сапа мәселесі де бірінші кезекте тұр. Танктерді жөндеу мұнда үш жылға дейін созылады екен. Сондықтан біз комитет төрайымы Дариға Назарбаевамен бірге танктерді жөндеу мерзімін үш жылдан да азайтсақ деген қорытындыға келдік. Ескілерін жаңасына ауыстыру сияқты мәселелер қарастырылуы қажет. Семейде әскери техниканы қысқа мерзімде жөндеп шығу үшін барлық мүмкіндіктер бар.
Сенаторлар «Шығыс» өңірлік әскери қолбасшылығының 28738 әскери бөлімінде болған кезде, мұнда да техниканың біраз бөлігі ескіргенін көрді. Дегенмен, сарбаздар дайындығы ойдағыдай екен. Ал әскери техникалар алдағы уақытта жаңартылмақ әрі ескілері тез арада қалыпқа келтірілетін болады.

Раушан Нұғманбекова,
Семей.

Осы айдарда

Back to top button