Қоғам

Әскери шеруде семейлік ақынның өлеңі шырқалады

Әскери шеруде семейлік ақынның өлеңі шырқалады


Отан қорғаушылар күнінде «Отар» әскери базасында ауқымды жауынгерлік шеру өткізіледі. Ел әскерінің қауқары көрсетілетін жиында,сарбаздар семейлік айтыскер ақын Нұржан Өмірбайдың сөзіне жазылған «Мен қазақпын» әнін шырқамақ.

Бұл туралы әлеуметтік желіде кең тараған видеодан байқалды. Бейнеүзінді әскери шеруге дайындық барысынан түсірілсе керек. Аталмыш видеода сапта тұрған жауынгерлердің «Мен қазақпын» әнін бір деммен айтып тұрғандары көрінеді. Ал бұл шығарма жас әнші Қуандық Рахымның орындауында көпке танылды. Әйтсе де ол әннің сөзін Семейдің тумасы, айтыскер ақын Нұржан Өмірбай жазғанын айта кеткен орынды. Автордың айтуынша, туынды Алаш жұртының ауызбіршілігін нығайтуға бағытталыпты.

– Қазір ғаламторда, әлеуметтік желіде жағымсыз жағдайлар жиілеп кетті. Бір-бірін балағаттап, жағадан алуға ешкім тайсалмайды. Әлдекімнің сүрінгенін көрсе, соған қуанатын жағдайға жетті. Тіпті, отандастарымыздың жеңісті сәттеріне қуанып, ортақтасудың орнына кемшілігін бетіне басып, сынап жатқандар аз емес. Жұрттың осылай ұсақталып бара жатқаны қатты қынжылтты. Сол себепті ұлттың береке-бірлігін бекемдейтін өлеңнің керектігін түсіндім. Сондықтан да осы өлеңді шығаруға тура келді. Намыстан туды десе де болады, – деген Нұржан Өмірбай бұл өлеңнің әскерилер арасында танымал болатынын ойламағанын айтты. Сондай-ақ бұрын-соңды болмаған шеруде айтулы композицияның шырқалатынын естіп қуанғанында жасырмады.

Сол сияқты Шығыстың жалынды ақыны Қуандық Рахымның қоржынындағы «Рухтастардың әні» туындысының сөзін жазғанын да атап өткен жөн. Қазір бұл ән де тыңдармандар арасында аса танымал. Десек те жерлесіміз, шығармаларының денін рейтинг көтеру үшін емес, қазақтың ар-намысын көтеруге арналғанын нақтылады. Алдағы уақытта ол өзекті проблемаға айналған рушылдық әрі жершілдік тақырыбында тағы бір жұмысты жазуға кірісетінін айтты.
Айта кетейік, 7 мамырда «Отар» әскери полигонында 300-ден аса әскери техника мен әуе құралдарының ұрыс деңгейі паш етілмек. Әскери шеруге шамамен үш мыңға тарта жауынгер қатысады деп күтілуде.

Жақсылық Мұратқали
Семей.

Осы айдарда

Back to top button