Қоғам

Әскери сайыс ардагерге арналды

Әскери сайыс ардагерге арналды


Ұлы Отан соғысының ардагері, Шыңғыстай ауылының Құрметті азаматы Қабдырахман Дүзбаевтың есімі ауылдастарының есінде. Биыл Ұлы Жеңіс күніне орай Әбдікерім атындағы орта мектепте ардагердің құрметіне тұңғыш рет ауданаралық әскери сайыс өтті.

Төрт кезеңнен тұратын сайыста мектеп оқушылары Калашников автоматын жинап ептіліктерін байқатты, турникке тартылып мықтылықтарын сынады. Сондай-ақ, сапта жүрді, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Нәтижесінде сегіз команда ішінен С. Ластаев атындағы орта мектептің оқушылары бірінші орынды қанжығалап, кубокқа ие болды. Екінші орын Әбдікерім атындағы орта мектепке бұйырса, үшінші орынды Топқайың ауылының оқушылары еншіледі. Сонымен бірге, сайысқа оқушыларды дайындаған мектеп мұғалімдері де марапатталды.

Сайысқа демеушілікті соғыс ардагері Қабдырахман Дүзбаевтың балалары көрсетті. Ардагер 1924 жылы Шыңғыстай ауылында дүниеге келген. Сонау 1930 жылдардың қиын-қыстау кезеңінде отбасы Ресейдің Алтай аймағындағы Усть-Коксинский ауданына қоныс аударды. Мұнда бесінші сыныпқа дейін оқып, еңбекке ерте араласты. 1942 жылы соғысқа аттанып, Беларусь фронтының 31 гвардейшілер атқыштар полкінің барлаушысы болады. Белоруссия мен Польшаны жаудан азат етуге қатысып, Германияға дейін барған.

Жауынгер Қабдырахман Дүзбаев 3 дәрежелі «Даңқ» орденімен екі мәрте марапатталған. Сонымен қатар, «Ерлігі үшін», « Германияны жеңгені үшін» медальдарының иегері.

Бір емес, үш рет жараланған Қабдырахман Дүзбаев аман-есен еліне оралып, Мүслимамен шаңырақ көтереді. Майданнан кейінгі еңбек жолын аудандық тұтынушылар одағында қарапайым есепшіден бастап, төрағалығына дейін өскен. Бірнеше рет ауылдық, аудандық, облыстық кеңестің депутаты болып сайланған. Бейбіт күндері қажырлы еңбек етіп, алты бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінгі таңда балалары әр жерде қызмет етіп жүр. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында өз ауылындағы бір көшеге Қабдырахман Дүзбаевдың аты берілген.

Мерей Қайнарұлы
Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button