Қоғам

Әскери-патриоттық тәрбиеге баулиды

Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент ішкі саясат басқармасымен және «Прогресс катализаторы» жеке қорымен бірлесе отырып, «Қазіргі жағдайда жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

Аталмыш іс-шара «Ел тірегі» атты республикалық акция аясында ұйымдастырылған екен. Аты айтып тұрғандай, дөңгелек үстелдің басында жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу төңірегінде әңгіме өрбіді.

Жиынға Қорғаныс Күштерінің ардагерлері мен офицерлері, үкіметтік емес ұйымдар мен жастардың өзін-өзі басқару органдарының өкілдері және қаладағы жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

– «Жаһандану» сөзі  нақтылықтың сипатты белгісіне әлдеқашан айналып үлгерді. Төртінші өнеркәсіптік революция кезеңіне аяқ басқан және әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылуды мақсат тұтқан еліміздің үмітін арқалайтын білімді жастар қажет. Ал кейінгі буынның ұлттық құндылықтарды жете тануы өте маңызды. Бұл орайда олардың бет түзер құбыласы, үлгі тұтар тұлғасы – аға буын, яғни біз. Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруге, ең әуелі, біз жауаптымыз, – деді облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары, майор Ерлан Рамазанов.

Жиын барысында департаменттің ағымдағы жылы атқарған жұмысы таныстырылды. Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруге бағытталған іс-шаралар жетерлік.

Мәселен, қазан айында ішкі саясат басқармасы мен «Прогресс катализаторы» жеке қоры бірлесіп «Ұлан» әскери-патриоттық және азаматтық тәрбие беру орталығында облыс әкімінің сыйлығын сарапқа салған «Айбын» VI облыстық әскери-патриоттық жиындар сайысын өткізді. Шара барысында әртүрлі байқаулар, тұсаукесерлер және спорттық-әскери жарыстар, «Айбын дауысы» вокалдық фестивалі және әскери эстафета ұйымдастырылды. Сондай-ақ қатысушылар «Менің роботым» атты робот техникасы байқауы мен «IQazaqstan» зияткерлік ойынында бақ сынады. Байқау нәтижелері бойынша бас жүлдеге «Жас қыран» тобы (Семей) ие болды. І орынға «Жас сақшы» тобы (Жарма ауданы), ІІ орынға «Айбын» тобы (Зайсан ауданы) иелік етті. Ал «Жас бүркіт» тобы (Өскемен) ІІІ орынды қанағат тұтты.

Жиын соңында ардагерлер жас буынға үлгілі, өнегелі ойларын айтып, қызықты әңгіме өрбітті.

Оразай Жеңісұлы

Осы айдарда

Back to top button