Қоғам

Әскери институтта тегін оқытады

Әскери институтта тегін оқытады


Бүгінгі күні еліміздің әскери оқу орындарында, оның ішінде Ұлттық ұланның әскери институтында білім алып, осы салада қызмет еткісі келетін жастарымыз көп. Алайда олардың дені аталған оқу орнына қалай түсуге болатыны, білім алуға қандай мүмкіндіктер жасалғаны және диплом алған жас офицерлер қай әскери қызметтерде жұмыс істей алатыны туралы нақты біле бермейді. Осы орайда біз әскери білім алуға ниетті жастар үшін қажетті ақпараттар ұсынуды жөн көрдік.

Республикалық Ұлттық ұлан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің бастығы Бағдат Амангелдінің айтуынша, Петропавл қаласындағы Ұлттық ұланының әскери институтында оқуды толықтай мемлекет қаржыландырады екен. Яғни, еліміздің кез келген түлегі аталған оқу орнына түскен жағдайда тегін оқи алады. Тек оқуы ғана емес, жатын орны, тамағы, киімі түгелдей мемлекет тарапынан қаржыландырылады.

Сонымен қатар, онда білім алатын әр курсантқа белгілі мөлшерде шәкіртақы тағайындалған. Тағы бір айта кететін тұсы – курсантқа демалысқа шығарда 15 мыңнан 30 мыңға дейін өтемақы төленеді. Оқу мерзімі – 4 жыл. Институтты аяқтаған курсанттар бірден «лейтенант» әскери шенін алып шығады.

Ұлттық ұлан әскери интитутын тәмамдаған әр жас офицер еліміздегі өңірлік қолбасшылықтарға қарасты әскери бөлімдерге өз мамандықтары бойынша қызметке жіберіледі. Яғни, ешбір түлек жұмыссыз қалмайды. Бүгінгі елдің жастары мамандық деген тек қаржыгер, заңгерлік саласымен ғана шектеліп қалмайтынын түсіну керек. «Офицер боламын» деген әрбір жас ең әуелі елінің тыныштығы мен мемлекетінің қауіпсіздігі жолында қызмет ететін жауапты әрі маңызды мамандықты таңдағанын білуі тиіс.

– Әскери институтқа түсуге құжат қабылдау, жинау қаңтар айынан басталады. Институтта оқимын деп талпынған жастар Өскемендегі 5518 әскери бөлімінің бақылау-өткізу пунктіне келіп, мақсатын айтса, оларды бөлімге кіргізіп, қандай құжат жинау керектігінен, қандай даярлығы болуы керектігінен хабардар етіп, көмектесіп, құжаттарын әскери институтқа жібереміз. Құжат жиналып болғаннан кейін шілде айында балалар емтихан тапсыруға Петропавлға барады. Балалар денешынықтыру пәнінен, физика, математикадан емтихан тапсырады. Институтты бітіргендер еліміздегі барлық әскери бөлімдерге қызметке тұра алады, – дейді Өскемендегі 5518 әскери бөлімінің сардары Қазыбек Мұратов.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button