Қоғам

Әскери борышын адал атқарып жүр

Әскери борышын адал атқарып жүр
Отан қорғау – әрбір азаматтың абыройлы парызы. Ел тыныштығын күзетіп жүрген әр сарбаз үшін 7 мамыр – ерекше күн. Бұл мақала мемлекет мүддесі жолында қажырлы еңбек етіп жүрген әскерилер туралы болмақ.

Әуеде екі мың сағат болыпты

Талғат Сыздықов 1971 жылы Ақмола облысы Ерейментау қаласында дүниеге келген. Мектепте оқи жүріп қоғамдық іс-шараларға белсене қатысты, сыныптың редакциялық алқасының мүшесі болды. Ауыр атлетикамен де айналысты.

Білім ұясын тәмамдаған соң ұшқыш болуды мақсат етіп, Ресейдің Сызрань қаласындағы жоғары әскери авиациялық училищеге түсті. Ұшқыш-инженер мамандығын алған соң, әскери қызметін өтеу үшін 01852 әскери бөліміне жіберілді.

2005 жылы Ю.Гагарин атындағы әскери-әуе академиясына қабылданып, 2007 жылы «Армиялық авиацияның құрылымдарын басқару» мамандығы бойынша аяқтады.

Бұдан соң әуе қорғаныс күштері басқармасының аға инспектор-ұшқышы, әуе-атыс және тактикалық дайындық бастығы болды.
Түрлі халықаралық әскери жаттығуларға қатысты. Армия халықаралық ойындарының ашылуында EC-145 тікұшағында өнер көрсетіп, талайдың таңдайын қақтырды. Ол Ми-2, Ми-24, Ми-8, Ми-17, америкалық UH-1-H2 тікұшақтарын меңгерді. Әскери ұшқыштың әуеде көлік жүргізген уақыты екі мың сағаттан асады.

– Кез келгенавиа-шоу кезінде ауа қысымы, жел жылдамдығы, бұлттың төменгі шекарасы ескеріліп, ұшудың, әуеде ұшақты немесе тікұшақты басқарудың, қонудың тәжірибесі көрсетіледі. Ұшқыштар шеберлігі шыңдалып, техника сынақтан өтеді. Бұл жылдың кез келген мезгілінде және тәуліктің кез келген уақытында күрделі метеорологиялық жағдайда ұшу шеберлігін арттыруға мүмкіндік береді, – дейді полковник Талғат Сыздықов.

Отандық ұшқыштарға Астанадағы зауыттыңEC-145 тікұшағының басқару және компьютерлік жүйелері ұнайды. Алғашқыда Eurocopter концернінің тікұшағын АҚШ, Франция, Германия армиясы таңдады. Ал қазақстандық модель жалпы мақсаттағы операцияларды жүзеге асыру үшін бейімделген. Орта көлемдегі тікұшақтар арасында көшбасшы. Ендігі міндет – тікұшақтарды жүргізуді бұдан да сапалы меңгеру. Себебі бүгінгі күні әуе шебін қорғаушыларға қойылып отырған талап күшті.

Кәсібі – кинолог
Әскери борышын адал атқарып жүр

Серік Зәйкенов Отан алдындағы азаматтық борышын өтемей тұрып, «Семей Базары» ЖШС-де кинолог қызметін атқарды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің 2086 әскери бөлімі шекара заставасында кинолог болды. Бүгінде Семей өңірлік гарнизоны әскери полиция жасағының аға маманы.
Келісімшарт бойынша әскери қызметші қарамағындағы иттер арнаулы күтімде. Үйретілген, жан-жақты жаттыққан. Сержант иттердің жүріс-тұрысы мен мінез-құлқын, әрқайсысымен жұмыс істеудің әдіс-тәсілдерін зерттейді. Далаға шығаруды, тамақтандыруды, жуындыруды, орнын тазалауды кестеге сай ұйымдастырады. Денсаулықтарын бақылап, вакцинацияға апарады. Нұсқамаға сәйкес иттерге бөтен адамдарды жолатпайды.

Кинолог үйреткен Балу мен Лорд есімді иттер бірнеше мәрте халықаралық жиындарда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етті. Жарылатын оқ-дәрілер мен есірткі заттарының бар-жоғын анықтау мақсатындағы 184 шарада екі оқиғаның ашылуына да септігін тигізді.

С. Зәйкеновтің жетектеуімен бельгиялық овчарка «Жек» пен неміс овчаркасы «Рекс» те қызметтік міндеттерін дұрыс орындап, басшылық тарапынан марапатталды. Аға маманның айтуынша, иісшіл итті алты айлығынан үйретуге болады. Екі жарым жасқа жуықтағанда өз міндетін толық сезінеді. 6-7 жастан асқанда оның орнын жаңасы алмастырады. Әлемдегі 500-ден астам ит тұқымы ішінде бордер-колли, пудель, неміс овчаркасы ең ақылды екен. Ғалымдар иттердің 250 сөз бен ымды ұғатынын да дәлелдеген.

Сержант Серік Зәйкенов үздік кинолог қана емес, қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері, республикалық жарыстардың үш мәрте қола жүлдегері.

– Қоян-қолтық ұрыстың өз тәсілдері бар. Қолмен және аяқпен соққылар жасау, аяқтан шалу, арқадан, жамбастан және бастан лақтыру, қыспақтан және құрсаудан босану, қарсыластың шабуылынан қорғану амалдарын жетік біліп, шапшаң орындай білу керек, – дейді қоян-қолтық ұрыстан спорт шебері.
Кинолог үшін ең бастысы – кәсібіңе деген сүйіспеншілік, шыдамдылық пен сабырлылық.

Елбасының қолынан награда алған
Әскери борышын адал атқарып жүр

Әсем Жәкенова – Жарма ауданындағы Қызылағаш ауылының тумасы. Бала күнінен отан қорғаушы болуды армандап, әскери адам болатынына сенді. Семейдегі Шәкәрім атындағы университетте оқып жүргенде-ақ күреспен айналысты. Ол – қол жекпе-жегінен спорт шебері, дзюдо және самбо күресінен спорт шеберлігіне үміткер. Әскери-қолданбалы спорт түрлерінен ТМД және Қазақстан Қарулы Күштері арасындағы жарыстардың бірнеше мәрте жүлдегері. Он рет парашюттен секіріп, тау және сүңгу дайындығынан дәрістер де алған.

2016 жылы «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Мемлекеттік награданы Елбасының қолынан алды.

«Армия ойындары–2017» халықаралық жарысының шеңберінде Санкт-Петербург қаласында өткен «Әскери-медициналық эстафета» байқауында біліктіліктің жоғары деңгейін көрсетті. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы 44736 әскери бөлімінің «Үздік барлаушы-мергені» атанды. Жуырда әйелдер арасында аралас жауынгерлік жекпе-жектен өткен Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атанды.Әсем биыл аралас жауынгерлік жекпе-жектен Тайландтың Бангкок қаласында болатын Азия чемпионатында, Сауд Арабиясындағы әлем чемпионатында да бағын сынайды.

– «Мерген – қорғаныста тіреніш, шабуылда сүйеніш» деген сөз бекер айтылмаса керек. Әрі менің лауазымым – аға барлаушы-мерген. Барлаушы шапшаң, шыдамды, салқынқанды болуы керек. Барлаушыға ынта мен жігер, білім мен біліктілік аса қажет, – деді Әсем әңгіме арасында.

Шынашақтайкеліншек үшін түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысу – үлкен мереке. Екі баланың анасы талай жарыстарға қатысып жүрді. Көпшілік «мерген қыз» деп атайтын Әсем Жәкенова 7,62 миллиметрлі Драгуновтың винтовкасынан оқ атудан көрсеткішін жылдан-жылға жаңартып келеді. Қазір «Армия ойындары – 2019» халықаралық жарысы шеңберіндегі «Достастық жауынгері» байқауына дайындық үстінде.

Алуа Искакова

Осы айдарда

Back to top button